«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КУХАРЕНКОЛАРДЫҢ ОТБАСЫЛЫҚ КӘСІБІ 70 адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отыр

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Нұрсайын ШӘРІП,

“Солтүстік Қазақстан”.

“Кухаренко” жеке кәсіпорнына отбасының кенжесі, Қарағанды кооператив институтын экономист-менеджер мамандығы бойынша тамамдаған Игорь Валерьевич басшылық етеді. Олар кезінде қалалық тамақ комбинатының қаңырап бос қалған ғимараттарын сатып алып, оны біртіндеп қалпына келтіруге кіріскен. Ол үшін осыдан 6 жыл бұрын мемлекеттен жеңілдетілген несие де алған көрінеді. Соның арқасында наубайхана мен кондитер цехын іске қосқан. Кәсіпкерлер ондағы жабдықтарды заманауи қондырғылармен қайта жарақтандыруды өткен жылы қолға алыпты.

– Былтыр итальяндық “REAL forni” фирмасында шығарылған 2 пеш, қамыр бұлғауыш, қамыр бөлгіш сатып алып, біртіндеп іске қостық. Сөйтіп, шетелдік жабдықтардың арқасында еңбек өнімділігін арттыруға және сапалы тауар шығаруға қол жеткіздік, – дейді Игорь Кухаренко.

Бұл күндері наубайханада нан-тоқаш өнімдерінің – 12 түрі, кондитер цехында қаттама бүйректің, орама бәліштің, кекс пен торттың – 24, тек қана печеньенің 14 түрі шығарылады.

Ресейдің Челябі қаласында шығарылған қондырғы арқылы таяуда ғана макарон цехы жұмыс істей бастапты. Онда жоғары сұрыпты ұннан 2 түрлі өнім өндіріледі.

Кәсіпорын сонымен бірге жоғары, бірінші және екінші сұрыпты ұнды тұтынушыларға қолайлы болу үшін 2, 4, 5, 10 килолық қағаз және полиэтилен қапшықтармен сатуды да жолға қойған. Аталмыш цехтарда үш ауысымда 25 адам еңбек етеді.

– Өнімдеріміз өзіміздің ғана емес, көрші аудандардың сауда орындарына да шығарылады. Олардың жалпы саны 80-90-дай. Сонымен бірге Чистовское, Қарақоға ауылдарында аралас тауарлармен сауда жасайтын – 2, Булаево қаласында азық-түлік пен тұрмыстық тауар сататын 5 дүкеніміз бар, оның біреуі – екіқабатты “Универсам”. Тауарларды таратумен 4 арнайы машина айналысады. Бір қиындық туғызып тұрған мәселе – тұрақтандыру қорының арзандатылған ұны Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның орталығы – Новоишим ауылынан ғана берілетіндігі. Үш жүз шақырым жерден ұн тасу біз үшін тиімсіз. Петропавл қаласынан неге берілмейтінін түсіне алмай-ақ қойдық, – дейді кәсіпорын басшысы.

Кухаренколар өндіріс орны орналасқан ауладағы екінші ғимаратты күрделі жөндеуден өткізіп, осыдан екі жыл бұрын жиһаз цехына айналдырған екен. Цехқа итальяндық құрал-жабдықтар орнатылған. Олар жұмсақ, корпустық, асхана, жатын бөлме жиһаздары мен сауда жабдықтары сияқты заманауи үлгілерді жасауға толығымен мүмкіндік береді. Онда 7 адам еңбек етеді.

– Өнімдерімізге қажетті материалдарды Омбы қаласы мен өзіміздің Петропавлдан әкелеміз. Жиһаз жасауға облыс бойынша тапсырыс қабылдаймыз. Облыс орталығы мен Булаеводан басқа Сергеевка, Мамлютка қалалары мен Смирново ауылдарының сауда орындарына жабдықтар, жеке тұрғындардың тапсырысы бойынша жиһаздар әзірлеп келеміз. Тұтынушыларымыздың талғамына толық жауап беруге тырысамыз, – дейді “Кухаренко” ЖК-нің жетекшісі Игорь Валерьевич.

Кухаренколар отбасы 70 адамды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. Орташа айлық жалақы 35 мың теңгені құрайды. Жиһаз жасаушылар атқарған жұмысына қарай еңбекақы табады. Кәсіпорын басшысының айтуына қарағанда, ол 70 мың теңгеден кем болмайтын көрінеді.

– Отбасымызбен жеке кәсіпкерлікпен айналыса бастағанымызға 11 жыл болды. Біраз тәжірибе жинақтадық. Соңғы жылдары цехтарымызды жаңа қондырғылармен жабдықтауға өз қаражатымызды пайдаланып келеміз. Әлі де өндіріске кондитерлік бұйымдар мен жиһаздардың жаңа түрлерін енгізгіміз, ассортиментті кеңейте түскіміз келеді. Сұранысты қанағаттандыру, сапалы өнім шығару – басты талап. Осы тұрғыда жұмыс істей береміз, – деді бізбен қоштасып жатып әкелі-балалы Кухаренколар.

СУРЕТТЕРДЕ: жиһаз шебері А.Тоқтарбаев; әкелі-балалы Кухаренколар жиһаз цехында; кондитер цехының шеберлері Л. Денер мен Г. Солодовникова.

  Суретті түсірген  

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp