Ол – спортқа аңсары ауған жанның бірі. Әсіресе, хоккей десе “ішер асын жерге қояды”. Бала кезінде қалыптасқан бұл әуестігін әлі тастаған жоқ. Керісінше, өзінің үш ұлын да аталмыш спорт түріне баулыды.
Арайлым СМАҒҰЛОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Уәлиханов ауданының орталығында тұратын Мейірбек Құсайыновтың ендігі арманы – кішкенекөлдік балалардың спортпен шұғылдануы үшін жағдай жасау. Сол үшін хоккей кортының құрылысын қолға алған еді.
– Бала кезімде бұрынғы Қызылту ауданының “Арман” хоккей клубында ойнадым. Командамен талай қалаларды аралап, жарыстарға қатыстық. Сонда өзгелердің хоккей корттарын көріп, біздің ауданда да осындай болса ғой деп ойлаушы едім. Енді сол бала арманымды орындағым келеді. Әрі бұл жергілікті балалар үшін де қажет, – дейді Мейірбек.
Қысы қатты солтүстікте хоккей ойынын дамыту тиімді екені белгілі. Сол себепті де, қысы ұзақ өңірде жастарының арасында мұз айдынына шығып, шайба қуалауды дамытуға жергілікті биліктің де назары ауған. Осы орайда өз бастамасымен хоккей кортын салып жатқан Мейірбек Құсайыновтың игі ісін өзгелерге үлгі қылуға болады.
450 гектар жері бар шаруа қожалығының иесі биылғы астықтан түскен табысының қыруар бөлігін аталмыш құрылысқа жұмсаған. Алдағы уақытта хоккей ойнасам деген балалардың басын қосып, команда құрмақ. Оларды бұрын шайбалы хоккеймен бірге әуестенген достарымен жаттықтыруды көздеген кәсіпкер жаз айларында хоккей кортының орнында волейбол алаңы, жүгіретін жол салынып, жеңіл атлетикаға арналған құрал-жабдықтар орнатылады, дейді. Шағын спорт кешенін салуды жоспарлап отырған Мейірбек Зендаұлы киім ауыстыруға арналған ғимараттың құрылысын да бастаған. Оның ішінде бокспен әуестеніп жүргендерге де жағдай жасалмақ.
– Үш ұлымның үлкен аудандық команданың құрамында болып, хоккей ойнаған еді. Аз-мұз жетістіктері де бар. Олардың бұл әуестігін құптамасам, қарсы болған жоқпын, – деген Мейірбек Құсайыновтың аталмыш құрылысты бастауы – жергілікті жерде саламатты өмір салтын дамытуға жасалған зор қадам.
Бұл хоккей корты желтоқсан айының басында пайдалануға берілмек. Уәлиханов ауданының орталығында ашылғалы тұрған екінші хоккей корты әуесқойлардың игілігінде болмақ. Себебі, біріншісі – аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебіне тиесілі.
Суреттерді түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.