Светлана ЗАЙЦЕВА,
ҚР Мемлекеттік қызмет
істері жөніндегі агенттігінің
СҚО бойынша басқармасы
бастығының орынбасары.
Осызаманғы Қазақстанның мемлекеттік саясатының маңызды бағыты барлық әлеуметтік салаларда тұлғаның жынысына қарамай өз қабілетін жүзеге асыру үшін тең жағдайлар жасауы болып табылады.
Тәуелсіздік жылдарында Қазақстанда гендерлік теңдікке жету бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілді. Гендерлік саясаттың негізгі қағидалары ерлер мен әйелдерге Қазақстан Республикасының Конституциясымен кепілдендірілген еркіндік пен тең құқылықты белгілеп берді. Қазақстан Республикасындағы 2006-2016 жылдарға арналған гендерлік теңдік стратегиясы өзекті мәселелерді тиімді шешуге бағытталған гендерлік саясаттың негізгі бағыттарын айқындаған тұжырымдамалық құжат болып табылады. Стратегияның әр бөліміне саясат, экономика, білім беру, отбасы, денсаулық сақтау салаларында гендерлік теңдікке қол жеткізу және әйелдер мен балаларға зорлық-зомбылық жасауды болдырмау жөніндегі индикаторлар енгізілген.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттігі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2011 жылғы 5 наурызда өткен Қазақстан әйелдерінің съезінде берген тапсырмасын жүзеге асыру жөніндегі шаралар жоспары аясында мемлекет пен қоғам өмірінің түрлі салаларына барынша тартылған, жан-жақты даярланған әйелдердің арасынан лайықтыларын шешім шығару деңгейіне көтеру жөнінде 2016 жылға дейін әрекет ету жоспарын әзірледі. Жоспар қоғамдық-саяси саладағы гендерлік теңдікке жету жөніндегі міндетті шешуді, соның ішінде әйелдердің мемлекеттің саяси, экономикалық және қоғамдық әрекеттеріне белсене қатысуын БАҚ-тарда насихаттауды қарастырады. Жоспарға сәйкес саяси, сондай-ақ әкімшілік мемлекеттік лауазымдарда жүрген мемлекеттік қызметші әйелдерді шешім қабылдау деңгейіне көтеру бойынша ақпараттық жұмыстар жүргізілуде. Осыған орай ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша басқармасы мемлекеттік басқару саласында гендерлік теңдікті түсіндіру бойынша ақпараттық жұмыстар жүргізеді. Мемлекеттік органдарда “дөңгелек үстелдер” өткізіледі, онда Тәуелсіздік жылдарындағы Қазақстанның жетістіктеріндегі, елімізді құру мен дамытудағы әйелдердің рөлі талқыланады.
Демократиялық ашық қоғам құру міндеті кемсітушіліктің барлық түрлерін жоюды талап етеді. Ерлер мен әйелдердің теңдік қағидасы ұлттық заңнаманың негізі болып табылады. 1998 жылдың 29 маусымында Қазақстан Республикасы “Әйелдерге қатысты кемсітушіліктің барлық түрлерін жою туралы” Конвенцияны ратификациялады. Аталмыш Конвенцияға факультативтік хаттама ратификацияланды. Енді адам құқықтарының бұзылуының құрбаны болған еліміздің кез келген әйелі Біріккен Ұлттар Ұйымына жүгіне алады. Сонымен қатар “Әйелдердің саяси құқықтары туралы” және “Тұрмыс құрған әйелдің азаматтығы туралы” БҰҰ Конвенциялары да ратификацияланды. Азаматтық, саяси, экономикалық, әлеуметтік, мәдени құқықтары және басқалары туралы халықаралық пактілерге қол қойылды. Қазақстан адам құқықтары жөніндегі барлығы 60-тан астам халықаралық келісімдерге қосылды.
2009 жылы гендерлік саясат саласында екі маңызды құжат қабылданды. Олар: “Ерлер мен әйелдердің тең құқылы және тең мүмкіндігіне мемлекеттік кепілдеме туралы” және “Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу туралы” заңдар. 2011 жылы желтоқсанда “Отбасы және неке туралы” кодекс қабылданып, 2012 жылдың 18 қаңтарында күшіне енді.
Қазақстанның гендерлік саясатын дамыту тарихына үңілетін болсақ, онда алдымен Мемлекет басшысының 1995 жылы Қазақстан Республикасы Президенті жанынан Отбасы, әйелдер және демографиялық саясат мәселелері жөнінде кеңес құрғанына назар аударылады. Кеңесте әйелдердің жағдайын жақсартудың мемлекеттік саясатының тұжырымдамасы жасалды. 1998 жылы Кеңес ҚР Президенті жанындағы отбасы және әйелдер істері жөніндегі Ұлттық комиссия болып қайта құрылды және оның құқықтары мен өкілеттігі әлдеқайда кеңейтілді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев комиссия жұмысының негізгі төрт бағытын белгілеп берді. Ол әйелдерді саяси және экономикалық тұрғыда көтеру, олардың және отбасыларының денсаулықтарын жақсарту, сондай-ақ нәзік жандарға қатысты зорлық-зомбылықты жою. Бұл бағыттар 1995 жылы Бүкіләлемдік әйелдер форумында қабылданған Пекин платформасы қызметінің ережелерімен толық сәйкеседі.
Ұлттық комиссия өз қызметін Қазақстандағы әйелдердің жағдайларын жақсарту жөніндегі жұмыстар жоспарын жасаудан бастады. Үкімет бекіткен бұл жоспарды барлық мемлекеттік органдар атқаруға міндетті.
Еліміздегі гендерлік ахуалды талдау үшін жыл сайын “Қазақстанның ерлері мен әйелдері” статистикалық жинағы шығарылады. Ол барлық министрліктер мен ведомстволарға, жергілікті атқарушы органдарға, кітапханаларға жіберіледі және барлық тілек білдіруші оқырмандар үшін қолжетімді.
Қазақстанда әйелдерге ерлермен қатар тең дәрежеде білім алуға мүмкіндік бар. Әйелдер жоғары азаматтық белсенділік танытады. 150-ден астам үкіметтік емес ұйымдар қызмет етуде. Әйелдер мен балалардың денсаулығын жақсарту бойынша шаралар қолданылуда. Әйелдер денсаулығы мәселелері бойынша мақсатты бағдарламалар қарастырылған.
Ұлттық комиссия жанынан заңнамаларға гендерлік сараптама жасау жөніндегі кеңес құрылған. 2006-2016 жылдарға арналған Гендерлік теңдік стратегиясы жасалған, соған сәйкес Қазақстан басқарушылық шешім қабылдау деңгейіндегі әйелдер өкілдерін 30 пайызға жеткізуді көздеп отыр.
2012 жылдың 1 қазанындағы жағдай бойынша Солтүстік Қазақстан облысында мемлекеттік қызметте 2957 әйел жұмыс істейді немесе олар жалпы мемлекеттік қызметшілердің 64%-ын құрайды. Саяси мемлекеттік қызметшілер арасындағы әйелдер үлесі 15% немесе 31 адам. Әкімшілік мемлекеттік қызметшілер арасында әйелдер 66%-ға дейін көтерілген (2926 адам), олардың аумақтық мемлекеттік органдардағы үлесі 65% (1513 адам). Әйткенмен, әйелдердің 20%-ы ғана шешім қабылдау деңгейінде жұмыс істейді.
Гендерлік саясаттың табыстылығы көпшілік жағдайда жыныстардың теңқұқылығы мәселелерін шешу қажеттігін қоғамның түсінуіне де байланысты. Гендерлік теңдікке жету және қоғамымыздың одан әрі демократиялануы үшін мемлекет алдында әйелдер мен ерлердің барлық билік құрылымдарына қатысын теңдестіруге, экономикалық тәуелсіздік мақсатында қызмет бабымен өсуге және бизнесті дамытуға, отбасындағы құқықтары мен міндеттерін бірдей жүзеге асыруға жағдай жасауға, жыныстық белгісіне қарай зорлық-зомбылықтан ада болуға, барлық мүмкіндіктерді қамтамасыз етуге қол жеткізу міндеті тұр.