Нұрсайын ШӘРІП,
“Солтүстік Қазақстан”.
Петропавлға жұмыс бабындағы сапармен келген индустрия және жаңа технологиялар министрінің бірінші орынбасары Альберт Рау “Қазақстан инжиниринг” АҚ-на қарайтын “ЗИКСТО”, “Мұнаймаш”, “ПАМЖЗ”, “Киров атындағы зауыт” АҚ-ларда және “Изолит” ЖШС-де индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының орындалу барысымен танысып, Президент Жолдауының басым бағыттарын түсіндіруге орай еңбек ұжымдарымен кездесу өткізді.
Бірінші вице-министр Альберт Рау мен облыс әкімінің орынбасары Қайрат Бекенов алдымен “ЗИКСТО” АҚ-на ат басын тіреді. Зауыттың бас директоры Игорь Коровин оларға цемент тасуға арналған жүк вагондарын жасауды қолға алғандықтарын баяндай келе, өндіріс орнының алда тұрған міндеттері жайлы жан-жақты айтып берді.
“Мұнаймаш” АҚ басқармасының төрағасы Сергей Григоренко мен техникалық директор Сергей Литвиновтың айтуына қарағанда, механикалық өңдеу өндірісінің жаңғыртылған учаскесін 12 дана америкалық “HARDI-MQE”, жапондық “Nakamura Tome”, бразилиялық “ROMI” қондырғыларымен жабдықтауға Қазақстанның даму банкі арқылы 1,5 млрд. теңгенің инвестициясы жұмсалған. Оларды орнату шілдеден қазан айына дейін жүзеге асырылыпты. Соның арқасында еңбек өнімділігі 2 есе артып, қазақстандық үлес 70 пайызға көбейтілген, өнімнің өзіндік құны 20 пайызға азайтылған. Шығарылған өнім дүниежүзілік стандартқа сәйкес келеді. Осының өзі экспортқа бағдарланатын тауарлар түрлерін көбейтуге мүмкіндік береді. Аталмыш шетелдік қондырғыларда жұмыс істейтін мамандар Ресей Федерациясындағы Воронеж қаласында арнайы курстан өткен. Еңбеккерлер ай сайын орта есеппен 70-120 мың теңге көлемінде еңбекақы алады, оларға тоқсан сайын сыйақы төленеді.
Зауыт ұжымымен кездесу кезінде Альберт Рау Президент Жолдауындағы экономикалық жаңғыртуға байланысты басым бағыттарды сөз етіп, мемлекеттік тапсырыс сияқты өзекті сауалдарға жауап берді.
“ПАМЖЗ” АҚ-ның бас директоры Қуаныш Бишімов өндіріс орны мұнайгаз, мұнай-химия, энергетика және темір жол салалары үшін жабдықтар шығарумен айналысатындығы жөнінде айта келіп, зауытта қолға алынып отырған “ПАП 80/100” ұтқыр бұрғылау қондырғысының өзіндік ерекшеліктеріне, оның Ресейде шығарылатын осындай жабдықтардан артықшылықтарына тоқталды.
Зауытта 1331 адам еңбек етеді. Өндіріс көлемі өткен жылы 3 млрд. 5 млн. 668 мың теңгені құраса, биыл 6,5 млрд. теңгеге жетеді деп жоспарланып отыр. Өндіріс орнын жаңғыртудың бірінші кезеңі аяқталған. Соған орай цехтарға Кореяның, Англияның 24 заманауи қондырғысы орнатылған. Жаңғыртудың екінші кезеңі – энергетикалық машина жасау саласына жабдықтар жасайтын цехтарды қайтадан жабдықтауға 1 млрд. теңге көлемінде кредит қажет. Аталмыш мәселе оңынан шешілсе, ол алдағы жылдары қолға алынады.
Индустрия және жаңа технологиялар министрінің бірінші орынбасары “Киров атындағы зауыт” АҚ-на және “Изолит” ЖШС-не де соғып, индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асыру аясында атқарылып жатқан шараларды өз көзімен көрді, еңбек ұжымдарымен кездесті.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.