«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӨҢІРІМІЗДІҢ АТАҒЫН Александр Винокуровтан өзге кім шығарады?

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Лондондағы 2012 жылғы жазғы Олимпиада ойындары 1996 жылдан бергі зор жетістігіміз болғаны бүгінде әмбеге аян. Ел спортшылары жеті алтын, бір күміс, бес қола алқа еншілеп, он екінші орын алғанын мақтаныш етеміз.

Алайда, Олимпиада ойындарының бағдарламасына енетін өзге спорт түрлеріндегі проблемалар он үш алқаның тасасында қалып қоймауға тиіс. Бұл мәселе Қазақстан Республикасы Спорт істері жөніндегі агенттігінің 30 қазанда өткен мәжілісінде арнайы қаралғаны ақпарат көздерінен белгілі болды.

Атап айтқанда, осы мәжілісте Олимпиада ойындарында алқалар алынған ауыр атлетика, бокс, велоспорт және жеңіл атлетика, күрес түрлерінен басқалары бойынша сараптама жасалған. Сондай-ақ 2014 жылы Сочиде өтетін қысқы Олимпиадаға лицензиялар алу және солар бойынша орындар иелену мәселесі де талқыланған.

Зейнолла ӘКІМЖАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Осы орайда еліміздің он төрт облысының қатарында жазғы Олимпиада ойындарына қатысу және алқалар иелену жөнінен біздің өңіріміздің жетістіктері қандай? Осы сауалға жауап іздеу мақсатында біз 2000 жылдан бастап, соңғы 2012 жылғы Олимпиаданы қоса отырып, бірқатар деректер жинадық.

Еліміз бойынша 2000 жылғы Сидней Олимпиадасына – 121, 2004 жылғы Афинадағы ойындарға – 117, 2008 жылғы Бейжіңдегі ойындарға – 132, 2012 жылғы Лондондағы Олимпиадаға 116 спортшымыз қатысқан екен. Үміткерлердің саны жөнінен Алматы қаласы, Қарағанды, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Алматы облыстары көш басында.

Төрт Олимпиадада біздің облысымыздан он сегіз спортшымыз ел намысын қорғаған. Алғашқы екі ойындарда үш адам (екеуін қосқанда алты), 2008 жылы – бес және биыл жеті жерлесіміз сынға түсті. Қатысқан спортшылар жөнінен өңіріміз он төрт облыс пен Астана және Алматы қалаларын қоса есептегенде, сегізінші орында.

Ал осы ойындарда қолға түскен алқалар саны бойынша көш басында алты жүлдемен Жамбыл облысы орналасқан. Қарағандылық спортшылар бес алқа иеленген. Біздің өңіріміз алтыншы орында. Бұл ретте облысымыз велошабандоз Александр Винокуровқа риза. Облыс қоржынында төрт Олимпиаданың екі алқасы бар. А.Винокуров 2000 жылы күміс және биыл алтын алқа тағынды. Ал барлық Олимпиада ойындарында сынға түскен қалған он жеті спортшымыз жай ғана қатысып оралған болып шығады.

Алтын алқа иелену жөнінен біздің өңіріміз – мұндай бірде-бір жетістікке жетпеген Алматы, Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қостанай, Маңғыстау облыстарының және Астана қаласының алдында.

Ендігі бір айтарымыз, Қазақстан азаматы болып саналатын, алайда өзге мемлекетте тұратын спортшылар арасында біздің суда жүзушіміз Владислав Поляков та бар. Бірақ ол ешқандай биік дәрежеге қол жеткізе алмады.

Өңірімізде Олимпиада ойындарының бағдарламаларына енетін түрлердің ішінен велоспорт қана мерейімізді көтерді. Жазғы спорттан жеңіл атлетикадан лицензиялар алғанымызға қарамастан, көксегендей нәтижеге қол жетер емес. Және де осы түр бойынша 2016 жылғы Риоде Жанейро ойындарына үміт артуымыз неғайбіл. Өйткені, арадағы үш жылдың ішінде ойындарға лицензияларды иеленудің өзі оңай емес.

Ал Сочидегі 2014 жылғы қысқы Олимпиадаға қатысу үшін Қазақстан спортшылары кемінде он алты лицензия алуы керектігі Спорт істері жөніндегі агенттіктің 30 қазандағы мәжілісінде міндеттелген. Бұл орайда біздің өңір Дмитрий Бабенко бастаған конькишілерге ғана үміт арта алады. Қалған қысқы спорт түрлері бойынша өңіріміз ел намысын қорғауға дәрменсіз. Анығын айту керек, біздің облыстың шаңғышылары, биатлоншылары Олимпиада ойындары түгіл, биыл болып өткен Қазақстан Республикасының Универсиадасында лайықты өнер көрсете алмады. Табиғаттың өзі қолайлы жағдай тудырып отырған қысқы спорттың шаңғы, биатлон түрлеріне қоса, өңірімізде шайбалы хоккей өрістемеген. Өзгелерді айтпағанда, көршілес ақмолалықтар бұл спорт түрлері бойынша бізге қарасын көрсетпей кетті. Шаңғы спортынан Шығыс Қазақстан, Ақмола және Қостанай облыстары мен Алматы қаласы ғана Қазақстан құрамасының негізін қалап келеді.

Агенттік отырысында өзгелерден бұрын Олимпиада бағдарламасына енетін жазғы, қысқы спорт түрлері, бойынша ел намысын қорғауға лайықты спортшыларды даярлауға бағыт ұстауға міндет қойылғаны біздің өңірдің мамандарына да серпіліс туғызуы керек.

Жалғыз Александр Винокуровтың жетістіктерін місе тұтып қана қоймай, өзге олқылықтар туралы да мықтап ойланғанымыз жөн.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp