«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

30 МЫҢ ТЕҢГЕГЕ ДҮКЕН АШҚАН кәсіпкер енді 3 миллионға наубайхана салуда

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru


Арайлым СМАҒҰЛОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

– Қош келдіңіздер! Облыс орталығынан Уәлиханов ауданына қалай жеттіңіздер?

– Жолда 6 сағат жүріп, жеттік қой, әйтеуір.

– Күннің суығына қарамастан, шалғайға шыға бересіздер ме?

– Қасқырды төрт аяғы, журналисті екі аяғы асырайды емес пе?!

– Иә, бұл сөзіңіз рас. Біздің ауданға нешінші рет келіп тұрсыз?

– Алғаш рет.

Мен оны емес, керісінше, ол мені сұрақтың астына алған бірінші кейіпкеріммен осылай кездестім. Шағын кәсібін дөңгелетіп отырған Ақбұлақ ауылының тұрғыны Жұмәділ Мұқановтың “Данияр” дүкеніне кіргеннен кейін оның кәсібі жайлы сұрақтарды енді біз қоя бастадық.

– Қазір бұл күлкілі естілуі мүмкін, бірақ 1998 жылы осы дүкенді ашу үшін 30 мың теңге несие алып едім. Сол жылдары шағын кәсіпкерлікті дамыту мен қолдау жөніндегі мемлекеттік бағдарлама жүзеге асырылған болатын. Соның аясында несие алмақ болғанымызда әкем марқұм: “Балаларым-ау, ертең оны төлей аламыз ба? Үкіметке өмір бойы қарыз болып жүрмейік”, – деген еді. Ол жылдары 30 мың теңге көп ақша көрінетін. Ал биыл еш қорықпастан “Жұмыспен қамту – 2020” бағдарламасы аясында 3 миллион теңге несие алдық.

– Бұл несиеге қандай жоспарыңызды жүзеге асырмақсыз?

– Оған наубайхана салып жатырмын. Ауылда нанға деген сұраныс жоғары. Осы күнге дейін дайын нанды көрші ауылдан тасымалдады. Осыны көріп, наубайхана салсам, шығынға қалмаспын деп ойладым.

– Наубайхананы қашан іске қоспақсыздар?

– Желтоқсан айының басында наубайхана өз жұмысын бастайды. Ал жалпы, дүкеннің бір бөлмесін нан пісіруге лайықтап, алғашқы өнімімізді саттық. Ауыл тұрғындары жақсы алды. Тіпті, ауыл маңындағы “Нефрит-Кызылту” ЖШС-і жұмысшыларына 30 бөлке нан алады.

– Сонда тәулігіне қанша бөлке нан пісірмексіздер?

– Наубайхана іске қосылғаннан кейін тәулігіне 400 бөлке пісіреміз. Нанның бағасы – 45 теңге.

– Естуімше, сіздің шаруа қожалығыңыз да бар екен.

– Иә, кезінде 84 гектар жер алып, “Екпінді” шаруа қожалығын ашқан едік. Бұл жер біздің мал өсіруімізге септігін тигізіп отыр. Бүгінде 15 бас ірі қара, 20 жылқы, 25 қой-ешкі өсіріп отырмыз. Алдағы уақытта “Данияр” дүкеніне сол төрт түліктің ет-сүт өнімдерін сатылымға шығармақпыз.

– Қанша ауылдасыңызды жұмыспен қамтып отырсыз?

– Әзірге дүкенде екі кісі жұмыс істейді. Ал наубайхананы қосқан кезде 5 адамды жұмысқа алмақпыз.

– Әр бастамаңызға сәттілік тілеймін!

– Рахмет. Жаңағы “Журналистерді екі аяғы асырайды” деген сөзіңіз, бәрімізге тән тірлік болуы керек. Себебі, бір мақсатқа жету үшін тынымсыз еңбек етіп, жүгіру қажет. Көбімізге еріншектігіміз жар бермей жатады, – деген Жұмәділ Мұқанов бізбен қоштасқаннан кейін наубайханасының құрылысын бақылауға көшенің арғы бетіне өтті. “Өте пысық кісі. Шағын кәсібін кеңейту үшін тынымсыз еңбектенеді”, – деді автокөлігімізге мінген кезде ауылдық округтің әкімі.

Иә, бүгінде ауылдың тіршілігіне еті тірі азаматтардың арқасында жан бітеді. Осындай азаматтары бар ауылдар өздерін мақтай да, мақтана да алады.

СУРЕТТЕРДЕ: кәсіпкер Ж.Мұқанов; нан пісіруші Ольга Мұқанова; “Данияр” дүкенінің сыртқы көрінісі.

Суретті түсірген  

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp