«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Болат ӘБДІРАХМАНОВ: “ШЫГАРМАНЫН ШЫРАЙЫ – ШЫНДЫК . ОНЫ БЕЙНЕЛЕУ – ШЕБЕРЛІК”

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Соңғы жылдары елімізде театрлардың шеберлік сынақтарының жүйелі ұйымдастырылуы дәстүрге айналған. Сахнагерлердің осындай байқауларынан Сәбит Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театры да сырт қалмай, өнерін сарапқа салып келеді. Мұқановтықтар үстіміздегі жылғы 21-27 қазан аралығында Орталық Азия мемлекеттері театрларының Алматыда өткен ІV халықаралық фестиваліне қатысты.

Аталған өнер байқауында театр әртістері бас режиссер Болат Әбдірахмановтың жетекшілігімен қойылған “Ылдиға жол” спектаклін ұсынды. Төменде біздің тілшіміз қоюшы-режиссермен фестивальдың мақсаты, өнер сайысының қорытындысы туралы әңгіме өрбітеді.

 

– Фестивальдың ресми атауына қарағанда, ол бір республиканың шеңберінен асып, бірқатар мемлекеттердің театрларын қамтығаны аңғарылады. Әңгімемізді осыдан бастауды жөн көріп отырмын.

– Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінің Мәдениет комитеті осы фестивальды ұйымдастыруды ұйғарғанда онда Қазақстанға қоса Орталық Азия мемлекеттерінің театрларының өнер көрсетуін көздегені дұрыс болған деп ойлаймын. Өйткені, біз өз өнерімізді сарапқа салып қана қоймай, өзгелерді байқап, бағалауға мүмкіндік алдық. Ал мұның алдағы жұмысымызға ықпалы ұшан-теңіз десем, артық емес.

Мәдениет және ақпарат министрі Дархан Мыңбайдың фестивальға қатысушыларға “Алматы қаласында өткізіліп отырған бұл фестиваль – Орталық Азия мемлекеттері жетекші театрларының басын қосатын және кәсіби тұрғыдан пікір алмасуға, репертуарды байыта түсуге, жақын елдердің мәдениетімен танысуға ықпал ететін ерекше шығармашылық форум” деп лебіз арнауы осы сауалға жауап береді.

– Олай болса, өз елімізден және көрші мемлекеттерден келген театрлардың өнерін сараптай алдыңыздар ғой?

– Иә, Қазақстаннан бізден басқа Оңтүстік Қазақстан облыстық орыс драма театры, Астананың Қалибек Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ сазды-драма театры, Ақтөбенің Тахауи Ахтанов атындағы облыстық драма театрының орыс труппасы, Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры, Айгүл Иманбаеваның музыкалық театр орталығы, республикалық неміс драма театры, сондай-ақ Өзбекстанның, Қырғызстанның, Тәжікстанның сахнагерлер ұжымдары фестиваль күндері өз қойылымдарын ұсынды.

Біз байқауға Олег Богаевтың “Ылдиға жол” пьесасы бойынша спектакльді ұсындық. Театрымыздың бұл қойылымының премьерасы өткен жылдың 25 маусымында көрермендер сарабына салынып, жақсы баға алғанын білесіз деп ойлаймын. Оны біз Екатеринбургтегі Бүкілресейлік конкурста алғаш рет сынақтан өткізіп, олжалы оралған едік.

Осы жерде бір айта кетерім, бұл спектакльдің қазылардан, театр сарапшыларынан жақсы баға алуы – оның жанрлық ерекшелігінде. Кеңес одағы кезінде идеологиямыз “социалистік реализм” бағытын ұстанғанын білесіз. Әдебиетте, өнерде “модерн” ағымына үрке қарады. Қалыптасып, тарамыстай қатып қалған қасаң көріністер шеткері жерлердегі көрермендердің ғана еншісіне айналып, үлкен театр орталықтарының өнерін тамашалаушылар жаңа үрдістерді, өмірді боямасыз кескіндеуді, шындықты анық суреттеуді, “ретушьсіз өнер” қағидатын талап етті. Өмір талабынан қашып құтыла алмайсың. Кезінде атақты театр саңлағы Константин Станиславский “Сахна – ақиқатты бейнелеуге тиіс. Адамдар сахнадан өмір шындығын көруі керек. Өмір бір басқа, өнер бір басқа бола алмайды” деген екен. Әйгілі сахнагер Николай Коляданың театры осы модернді қаймықпай енгізді, бұл үрдіс әлемде зор серпіліс туғызғалы қашан?! Ресейде мұндай театрлар жетерлік. Олег Богаевтың “Ылдиға жол” пьесасы осы жаңа үрдістің, бүгінгі күн талабының ықпалымен жазылған өміршең, шыншыл шығарма болғандықтан, біздің де қалауымыздан шықты.

Және де осы фестивальда біз қойылым арқылы пьесаның негізгі лейтмотивін – бүгінгі өмір шындығын бейнелей алдық. Ол шындық – қоғамдағы адам рөлі, кейбір пенделердің рухани азғындауы, адамгершілік пен арсыздық күресі, зұлымдық, ақшақұмарлық, мансапқорлық індеттерінің жайылуы, сонымен бірге пәктік, жан тазалығы, арлылық қасиеттердің бағалануы. Алдын ала айтсам, фестиваль күндерінде бізбен сұхбаттасқан әріптестеріміздің біразы өміршең қойылымды таба білгенімізге ризашылық білдіргені бізді қанаттандыра түсті.

Бұған біздің театрдың фестивальдың алғашқы күндері, атап айтқанда 23 қазанда өнер көрсетуі қолайлы жағдай жасады. Қалған күндері театрымыздың директоры Қуандық Қасымов бастаған әртістер тобы басқа өнер ұжымдарының қойылымдарын тамашаладық.

– Сараптаушылар қандай пікірде болды? Олар кімдер?

– Алдымен айтсам, мұнда талқылау екі бағытта өтті. Біріншісі – қазылар алқасы. Төрағасы – Литваның мемлекеттік сыйлығының иегері, Литва орыс драма театрының көркемдік жетекшісі Йонас Вайткус. Мүшелері – елімізге белгілі сахнагер, профессор, режиссер Жанат Хаджиев, Қырғызстанның халық әртісі Қырғызбай Осмонов, өзбекстандық драматург Шухратилла Ризаев, Тәжікстан көркемөнер академиясының корреспондент-мүшесі Абдугаффор Абдужабборов. Бәрі де сахна өнерінің білгірлері десе, артық емес.

Сонымен бірге сыншылар алқасы да болды. Оның төрағасы – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, профессор Әшірбек Сығай. Арасында мәскеулік әйгілі театртанушы, режиссер Александр Смольяков бар.

Бір ғажабы – өнерімізді талқылаушы екі топ әрқайсысы жеке пікірде болса да, нағыз лайықты аталымдардың жеңімпаздарын жаңылмай анықтады деген пікірдемін.

– Бұл орайда біздің театрдың олжасы қандай?

– Олқы емеспіз. “Ылдиға жолды” көргендер ондағы Нартай Сәрсебаевтың өнеріне айрықша сүйсінген-ді. Бұл спектакльде басты рөл жоқ. Мұнда көріністер жол үстіндегі кездейсоқ оқиғалар арқылы бейнеленеді. Осы көріністерде Нартай Сәрсебаев Оққағар, Пірадар, Ібіліс, Ашына еркек, Қоңқақ мұрын бейнелерін көрсетті. Мұны “Екінші пландағы рөл” дейді. Бұдан оның маңызы кемімейді. Міне, осы аталымда Нартай Сәрсебаев бас жүлдені еншілеп қайтты. Бұл – театрымыздың зор жетістігі. Өйткені, фестиваль тұтастай театрлардың емес, жеке-жеке аталымдардың арасында байқау ұйымдастыруды көздеді.

– Сіз бұдан өзге қойылымдарды да сахнаға шығардыңыз ғой. Өзіңіз жайлы бірер ауыз сөз айта отырсаңыз?

– Мен 2010 жылы Астананың Қазақ ұлттық өнер институтын Юрий Иванович Ханинга-Бекназардан дәріс алып тамамдадым. Дипломдық жұмысым Дж. Стейнбектің шығармасы бойынша “Адамдар мен тышқандар” деп аталды. “Өте жақсы” деген баға алдым. Келесі жылы оның премьерасы Көкшетаудың Шахмет Құсайынов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрында ұсынылды.

“Ылдиға жолды” қосқанда, үш спектакль қойып, бірқатар жүлделер еншіледім.

– Соның бірі – 2010 жылы Қазақстан жастарының “Жаңа келбет” алтын кітабына жазылуыңыз жайлы айтсаңыз?

– Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен Қазақстан Жастар конгресі 2010 жылы осындай кітап шығарып, өнер саласында мен де марапатқа ие болдым.

– Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен Зейнолла ӘКІМЖАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp