«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АДАСУ МА, АРАНДАТУ МА?

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Марат ЕРМҰҚАНОВ,

журналист.

 

Қарбаласы көп мына тіршілікте әр адам қамшының сабындай қысқа ғұмырын мәнді өткізіп, өмірдің шырғалаңынан, құрдымға тартар иірімінен аулақ жүрсем дейді ғой. Алайда, бүгін “олай емес, бұлай жүр” деп, ерік-жігеріңді тұсаулап, ақыл айтатындар да көбейіп кеткені жасырын емес.

Солардың бірімен жақында кездестім. Жұмыс бабымен облыстық дін істері жөніндегі департаменттің бастығы Нұрислам Ғабдуллиннің жұмыс бөлмесіне бас сұқсам, мен танымайтын екі жігіт отыр екен.

– Бұл кісілер ат терлетіп сонау Қарағандыдан келіпті. Айтуларына қарағанда, қазақтың ұлттық дәстүріне, өнеріне байланысты мәселелерді зерттеп жүрген көрінеді. Біз дін істерімен айналысамыз ғой, бұл жігіттер мұнда қателесіп келген сияқты. Уақытыңыз болса, оларды “Асыл мұра” мәдени орталығына апарып, сондағы ақсақалдармен таныстырсаңыз, – деп өтініш айтты Нұрислам Үмітбайұлы.

Қонақтардың ұлттық дәстүрді зерттеп жүргенін құптап, жұмыстарына сәттілік тіледім де, “Асыл мұра” орталығына жол бастадым. Жолда облысымызда ұлттық мұрамызды насихаттауда “Ұрпақ”, “Асыл мұра” сияқты қоғамдық ұйымдар атқарып отырған келелі істер жайында айтып келемін. Бірақ екеуі де сөзімді селқос тыңдайтын сияқты.

“Асыл мұрада” бізді өлкетанушы Қайролла Мұқанов ақсақал орнынан тұрып қарсы алды. Жанымдағылар әлі де шешіліп сөйлеп кеткен жоқ. Біраздан соң өзін Көктүрік Нұркен деп таныстырған біреуі:

– Біз “тәңіршілдер” ұйымынанбыз. Тәңіршілдік – қазақтың өз діні, соны жаңғыртуымыз керек. Ислам – негізінен арабтардың діні, біз оған қарсымыз. Біз аруақтарға ғана құлшылық етеміз, – деп шұбырта жөнелді.

– Сонда ата-бабадан сан ғасырлар бойы мирас болып келе жатқан, жастарды нашақорлық, ішімдік сияқты жаман әдеттерден жирендіріп, ұлттық рухани болмысымызды сақтап отырған ислам дінінен безгенде не табасыңдар? Мұсылмандарда ұлтқа, жікке бөліну деген жоқ екенін білесіңдер ғой. Ислам жолындағылардың бәрі қай елден болса да, бауырмал, ұйымшыл болады. Ал тәңіршілдіктің пұтқа табынудан қандай айырмасы бар? Оның қандай мазмұн-қасиеті бар? – дейміз таңданып.

Бұл сұрақтарға ақылға қонымды жауап бере алмай, Көктүрік Нұркен:

– Біз халық емшілеріміз. Аруақтарға сыйынамыз, сол арқылы халықты емдейміз. Өзіміздің сайтымыз да бар. Тәңіршілдік – қазақтың ұлттық діні, – деуден танбайды.

Бір кезде ол иығына асынған қоржынынан бір жұқалау кітапшаны алып шықты. Парақтап қарасам, қазаққа мешіт салудың да қажеті жоқ дейді. Тек жынперілерден қорғану үшін даңғыра деген ежелгі музыка аспабын тұзға көміп тастаса болғаны. Осындай сандыраққа кім сенер?!

Біз босқа уақыт жоғалтып отырғанымызды айтқан соң, әңгіменің өнбесін сезіп, екі жігіт тайып тұрды.

  • Ұйып отырған елді жік-жікке, секталарға бөліп қырқыстырып қоятындар осындайлар ғой. Бұлардың “ұлттық дәстүр” деген алдамшы сөздеріне жастар шырмалып қалуы мүмкін-ау, – деп Қайрекең басын шайқады. Мен болсам “ұлттық мұраны” насихаттап жүр деп әкелген адамдарым дінбұзарлар, анығын айтқанда, елбұзарлар болып шыққанына ұялып, төмен қарадым…

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp