Өткен тоғыз айда мемлекеттік органдарға жеке және заңды тұлғалардан 731267 арыз-шағым түскен. Олардың басым бөлігі прокуратура органдарына жөнелтілген (жалпы көрсеткіштің 26 пайызы). Мемлекеттік органдар бойынша екінші орында салық органдарына келіп түскен арыз-шағымдар тұр. Бұдан кейінгі орындарда – әкімдіктер мен құқық қорғау органдары. Азаматтар мен заңды тұлғалар, негізінен салық қатынастары, мемлекеттік қызмет көрсету, еңбекпен қамту, әлеуметтік және зейнетақылық қамтамасыз ету, коммуникация және өзге мәселелер бойынша арызданған. Сонымен бірге облыс бойынша қайта келіп түскен 186 арыз-шағым қанағаттандырылды, соның 44-і жергілікті атқарушы органдарға тиесілі. Бұл органдар шағымдарды қарастыруды толық деңгейде жүргізбей отыр.
Тағы бір анықталған кемшілік – жергілікті атқарушы органдар арыздар мен шағымдарды уақытында базаға енгізбеген, әрі мәліметті дұрыс толтырмаған. Олар есепке алуды жасырып, уақытында қарастыруды және солар бойынша ай сайын ақпаратты беруді дұрыс жолға қоймай келеді. Мәселен, СҚО бойынша бақылау және әлеуметтік қорғау департаменті тіркеу деңгейі бойынша облыстық мекеме болып табылғанымен, бұл мемлекеттік органда республикалық деңгейде тіркелуге жататын арыз-шағымдар есепке алынған. Бұл қателік барлық мемлекеттік органдарға тән. Өзге субъектілерден немесе лауазымды тұлғалардан ақпаратты, қандай да бір тексерісті қажет етпейтін Г.Кәрімованың шағымына жауап беру мерзімінің бұзылғаны анықталды, яғни оның шағымы 50 күнге кешіктіріліп, қарастырылған.
Арыз-шағымдарды қайта жолдау жұмысы да ақсап тұр. Мәселен, Тайынша ауданы әкімінің виртуалды қабылдауына еңбекақының уақытында төленбеуі жөнінде келіп түскен шағым облыстық бақылау және әлеуметтік қорғау департаментіне13 күнге кешіктіріліп жөнелтілген.
Мониторинг нәтижесі бойынша заңдылықты бұзуды жою жөнінен 12 ұсыным енгізіліп, олар бойынша 197 лауазымды тұлға – тәртіптік, 20 адам әкімшілік жауапқа тартылды. Арыз-шағымдар туралы ақпарат бермегені үшін облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының бастығы Антон Федяев Петропавл қаласы мамандандырылған әкімшілік сотының шешімімен 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлеуге міндеттелді.
Құқықтық статистика және арнайы есепке алу
жөніндегі комитеттің СҚО бойынша басқармасы.