Арқанкерген бекетіндегі оқиғаға байланысты Владислав Челахқа қатысты сот отырысы барынша ашық жағдайда өтеді. Бұл туралы дүйсенбі күні Астанада өткен брифингте ҚР Бас прокуратурасының ресми өкілі Нұрдәулет Сүйіндіков мәлім етті.
“2012 жылғы 31 қазанда кісі өлтіру мен басқа да қылмыстарды жасау бойынша айыпталып жатқан В. Челах сотқа берілгендігі белгілі. Оған ҚР Қылмыстық кодексінің 9-бабы бойынша айып тағылуда. Материалдармен танысу кезінде В. Челах істің алқабилердің қатысуымен қаралуы жөнінде өтінім білдірді. Бұл іс үлкен қоғамдық резонансқа ие болғандықтан, айыптау тарабы істің алқабилердің қатысуымен қаралу бастамасын қолдаған болатын. Дей тұрғанмен, істі алдын ала тыңдау шеңберінде В. Челах және оның қорғаушысы істің сотта алқабилердің қатысуынсыз қаралуы туралы мәлімдеді. Бұл – олардың құқығы”, – деді Нұрдәулет Сүйіндіков.
Ресми өкілдің пікірінше, алқа билердің қатысуынан бас тартуының түрлі себептері болуы мүмкін. “Ол жөнінде нақты және шынайы ақпарат В.Челахтың және оның қорғаушыларының өздерінде бар шығар. Бұл өзін-өзі қорғаудың белгілі бір тәсілі болуы мүмкін. Бірақ дегенмен, логикалық тұрғысынан алқабилерден бас тартып, соттың өзі қарасын деген мәлімдеме кәсіби сотқа сенім білдірген деген тұжырымдама жасауға болатын шығар”, – деді ол.
Нұрдәулет Сүйіндіковтің сөзіне қарағанда, бұл ретте сот үдерісі барынша ашық жағдайда, істі қараудың жан-жақтылығы, тараптардың айтысуы мен тең құқықтылығы қағидаттары бұлжытпай сақталып өткізіледі. Белгілі болғандай, сот 19 қарашаға белгіленіп отыр. Барлық мүдделі тұлғалар сот отырысына қатыса алады.
“ҚазАқпарат”.