«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ДІНИ БІРЛЕСТІКТЕРДІ ҚАЙТА ТІРКЕУ – уақыт талабы

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қадырбек ШӘРІПОВ,

“Қызылжар” орталық мешітінің

наиб имамы.

 

Осы күнге дейін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына өңіріміздегі 25 мешіт тіркелген болатын. Діни бірлестіктерді қайта тіркеуден өткізудің нәтижесі бойынша олардың саны 64-ке жетті. Яғни, тағы да 39 мешіт тіркелді. Олардың дені – аудан орталықтарындағы, ауылдардағы мешіттер. Жергілікті жердегі осындай мешіттердің 46-сы қайта тіркеуден өте алмады. Оның бірден-бір себебі – олар қайта тіркеуден өту үшін 50 адамның қолын жинау керек. Ал кейбір шағын ауылдарда мұнша тұрғын жоқ. Сондай-ақ намазханалар ескі үйлерде ашылғандықтан, Қазақстан діни бірлестігінің филиалы болуға лайық емес.

Өңіріміздегі мешіттерді қайта тіркеуден өткізу жұмысы бірқалыпты, тұрақты өтті. ҚР Дін істері агенттігімен, жергілікті жердегі құзырлы органдармен бірлесе жұмыс істедік. Еліміздегі діни бірлестіктерді қайта тіркеуден өткізу жұмысын қолдаймын. Осы арқылы еліміздегі қаптап кеткен конфессиялардың саны азайып, іріктелуде. Бірқатар теріс ағымдардың жолдары кесілді. Алдағы уақытта олардың қоғамдық орындарда діни уағыздарын айтып, халықты өздеріне тарту жұмыстары тоқтатылады. Үй-үйді аралап, күмәнді кітаптарды тарату да доғарылады деп ойлаймын. Осы тұрғыдан алғанда, қоғамды теріс жолға салатын түрлі ағымдардан тазартуда бұл жұмыс – дұрыс шара.

Максим ДОЦЕНКО,

“Прозрение – Көз жету” қоғамдық бірлестігінің төрағасы.

Қайта тіркеуден өткізу “Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы” жаңа заңның маңызды элементі болды. Ал заңның қабылдануының өзі – еліміздің заңнамасының дамуының бір белгісі. Бұл үдеріс бірқалыпты өтті. Заң қабылданғанға дейін бірқатар заңнамалық актілер енгізілді. Олар 1992 жылы қабылданған заңның бірқатар ережелерінің жұмысын тоқтатты. Ал жаңа заңнама еліміздегі діни бірлестіктердің жарғылық құжаттарын көрсетулерін талап етті. Яғни, діни бірлестіктер қайта тіркеуден өтулері қажет болды. Бұл арқылы діни бірлестіктерді жаңа заңның талабына сәйкестендіру көзделді.

Еліміздегі діни бірлестіктер қайта тіркеуден өткеннен кейін, олардың саны күрт азайды. Алайда, осы күнге дейін жұмыс істеп келген ағымдардың өкілдері қалды. Бұл жұмыстың ең маңызды тұсы әдебиеттерге, жарғыларға сараптама жасау болды. Бұл жұмыс бұрынғы заңнамада, оны дамыту барысында кеткен олқылықтарды қайта болдырмауға бағытталды. Менің ойымша, еліміздегі діни бірлестіктерді қайта тіркеуден өткізу – оң жұмыс. Себебі, дамытылған заң негізінде діни бірлестіктерге қатысты сауатты жұмыс атқарылды деп ойлаймын.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp