Таңат СҮГІРБАЕВ,
“Асыл мұра” орталығының жетекшісі.
Биылғы жылдың 1 желтоқсаны елімізде алғаш рет Тұңғыш Президент күні ретінде атап өтіледі. Иә, бұл күні Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бүкілхалықтық сайлауда айқын жеңіске жетіп, ел тізгінін өз қолына алғанына жиырма бір жыл толады. 1991 жылы 1 желтоқсанда қазақстандықтар өздерінің Тұңғыш Президентін сайлап, сенім артты, ел Тәуелсіздігін аманат етті. Халық өзі таңдаған Көшбасшысының не істеу керектігін білетіндігіне, елді адастырмайтынына, тура жолға бастайтынына сенді. Еліміз бен халқымыздың сол сенімін Елбасының толық ақтап отырғандығына осы күндері көзіміз анық жетіп отыр.
Елбасымыз тарих үшін қас қағым сәт болып есептелетін 21 жыл ішінде өзін де, елін де әлемге таныта білді. Осы кезеңде ғасырға жүк боларлық ұлы да ірі оқиғалар жүзеге асырылды. Халқымыздың ғасырлар бойғы арман-мүддесі орындалып, тәуелсіз Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше болып, өркениетті елдер қауымдастығына қадам басты. Бұдан екі жыл бұрын Қазақстанның Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуге қол жеткізуі де, ең алдымен, Президентіміздің зор беделінің арқасында мүмкін болды. Солтүстік Америка, тұтас Еуропа және Азияның бірқатар елдері мүше болып отырған, жалпы саны 56 мемлекет кіретін жаһандағы ең ірі халықаралық ұйымдардың біріне төрағалық ету – кез келген мемлекеттің маңдайына бұйыра бермейтін бақ.
1991 жылы 17 желтоқсанда Алматыдағы Республика алаңында өткен митингіде Нұрсұлтан Назарбаевтың: “Тәуелсіздіктің біздің бәрімізге артар міндеті мол. Енді еңселі ел болудың жолына шындап түсуіміз керек. Әулетіміздің асуы да, дәулетіміздің тасуы да өз қолымызда. Кеңбайтақ жеріміздің байлығы осы даланың түпкілікті халқына да, тағдыр қосып, бірге өмір сүріп жатқан өзге ұлт өкілдеріне де жетеді. Тарих көші ұзақ. Асықсақ та аптықпайық. Қазақстанның көпұлтты халқының жұлдызы жоғары болатынына, туған елімізде дәулетті де сәулетті өмір орнайтынына кәміл сенемін”, – деп айтқан сөзі бүгінгі күні шындыққа айналды. Тұңғыш Президентіміздің бастамасымен елде іске асқан игі істерді қазір санамалап шығудың өзі оңай емес. Ол тәуелсіз елдің тізгінін қолына алысымен-ақ көп жылдар бойы қазақ халқына азап арқалатқан ядролық сынақты тоқтатты, Семей полигонын жапты. Сөйтіп, бейбітшілік сүйгіш сыртқы саясатын сөзбен емес, іспен дәлелдеген елге, оның басшысы Нұрсұлтан Әбішұлына халықаралық сенім мен құрмет те күшейді. Бұрынғы АҚШ президенті үлкен Джордж Буштан КСРО тарап, тәуелсіз мемлекеттер бөлінген кезде журналистер: “Осы жас мемлекеттер басшыларының ішінен кім сенімді басшы бола алады?” – деп сұрағанда, ол қысқа ғана: “Назарбаев. Ол болашақты алдын ала болжай алады”, – деген екен.
Елбасы Қазақстанның көп ғасырлар бойы қағаз бетіне түспей, жобамен ғана сақталған шекарасын заңдастырды. Ұмытыла бастаған ұлттық мәдениетіміз, тарихымыз, дініміз, салт-дәстүріміз, әдет-ғұрпымыз қайта оралды. Ес жиып, ел болып, еңсемізді көтердік. Осы 21 жылда тарихи Отанына бір миллионнан астам қандастарымыз оралды. Мұның бәрі – елдің әл-ауқатының қаншалықты өскеніне айқын дәлел. Қазақстан – өз қандастарын туған елге шақырып, соған лайық қамқорлық жасап отырған әлемдегі үш мемлекеттің бірі. Тәуелсіздігімізді жариялай салысымен дүниенің төрт бұрышына тарыдай шашырап кеткен ағайындарымызды іздеп, 1992 жылдың өзінде-ақ, Дүниежүзі қазақтарының тұңғыш құрылтайын өткізгені – Нұрсұлтан Назарбаевтың ұлтжандылығына тағы бір дәлел.
Бұдан біраз жыл бұрын теледидардан Елбасы туралы бір хабар көрсетілді. Онда болашақ Астананың кіндігіндегі алып ғимарат “Бәйтеректің” жобасын Нұрсұлтан Әбішұлының өзі ақ қағазға қарындашпен сызып отырғанын көріп, аса риза болғаным бар. Бүгінде “Астананың бас сәулетшісі – Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі”, – деген сөз айтылып жүрсе, мен бұған толық қосыламын. Өйткені, қаланың бас жоспары Елбасының жеке ой-қиялынан, шығармашылық ізденісінен туғанына бүгінде бәріміз де көз жеткіздік.
Әрқашан алысты көздейтін Елбасының Астанада Бейбітшілік және келісім сарайын салғызып, онда әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының бастарын қосып, қол алыстырып, дінаралық, ұлтаралық және мемлекетаралық татулықты нығайту мәселелерін талқылап отыруы – Тұңғыш Президентіміздің дана саясатының бір қыры. Діндер тату болса, елдердің де арасында алауыздық болмайды, яғни бүгінгі таңда дін – бейбітшілік тірегі.
Елбасының қазақ халқының қолдауына ие болып, әлемдік мәдени дамуда үлкен қызығушылық туғызған тағы бір бағдарламасы – “Мәдени мұра”. Ол 2004 жылы қабылданды және ұлттық мәдениет үшін айрықша маңызы бар тарихи-мәдени ескерткіштерді қалпына келтіруді, қазақтың бай мәдени мұрасын жариялау мен ғылыми тұрғыда жаңаша зерттеуді көздеді. Осы бағдарлама негізінде қазір әлемдік кітапхана мен қолжазба қорларынан алынып, қазақ тарихына қатысы бар көптомдық деректер жарық көрді.
Қазақ халқының мәдени мұрасы мен оған қатысты әлемдік әдебиеттің бұл сияқты үлгілерінің жинақталуы, жарық көруі және осы көлемде бүкіл дүниежүзі тарихында бірінші рет Қазақстанда іске асуы қазір әлем елдерін таңғалдырып отыр. Осы үлкен істің бастамашысы да, оның орындалуын қадағалаушы да – Нұрсұлтан Назарбаев.
“Біз бүгінгі тірлігіміз үшін, Қазақстан деп аталатын республиканың жер бетінде барлығы үшін тарихтың әр тұсында осы елді, осы жерді қорғаған қайсар жандардың аруағының алдында қашанда қарыздармыз”, – деген еді Елбасы. Иә, Тұңғыш Президентіміздің бұл сөздері бізге елдің ежелгі мәдениетінің бір арнасы болған қымбат ескерткіштерді сақтап, құрметтеу қажеттігін ескертіп тұрғандай. Тәуелсіздігіміздің арқасында біздің облысымызда да тарихта аты қалған біртуар тұлғаларымызға ескерткіштер қойылып, мұражайлар ашылуда. Бұдан бірнеше жыл бұрын Елбасы “Абылай хан резиденциясы” мұражай кешенін өз қолымен салтанатты жағдайда ашса, биылғы Қызылжар өңіріне жұмыс сапарында ақиық ақын Мағжан Жұмабаевтың жаңа ескерткішін әдейілеп барып көрді.
Нұрсұлтан Назарбаев қазақ тілінің мәртебесі мен мерейін көтеру, оның қолданылу аясын кеңейту тұрғысында үнемі қамқорлық жасап келеді. “Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін!” – деп бастама көтерген Елбасымыз “Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде!” деген ұстанымын да ашып айтып, баршамызды осыған ерекше мән беруге жұмылдырды.
Қазақстандықтар 1991 жылғы 1 желтоқсаннан бері өз көрегенділігін танытып келеді. Төрт рет өткізілген сайлауда, бір рет өткізілген референдумда көпэтносты халқымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың жұлдызын жоғары жандырды. 2010 жылы 8 сәуірде Астанадағы Тәуелсіздік сарайында Елбасыны ұлықтау рәсімі өтті. Оған облыс делегациясының құрамында мен де қатысып, тамашалаған болатынмын. Онда Нұрсұлтан Әбішұлы Қазақстан халқына адал қызмет етуге, Ата Заңымыз – Конституцияны қалтқысыз орындауға, өзіне жүктелген мәртебелі міндетті абыроймен орындауға ант берді. Елбасы өз сөзінде 1991 жылдың желтоқсан айында алғашқы бүкілхалықтық сайлаудан кейін бірінші рет халық алдында ант берген кезін және сол уақыттағы экономикалық-әлеуметтік жағдайды еске алды. Қиындықтарды еңсерген ел әлемдегі бәсекеге қабілетті елу елдің қатарына ену бағытына сенімді түрде бара жатқанын атап өтті.
Иә, қазір Тәуелсіз Қазақстанның тарихы жазылу үстінде. Бірақ оны қазақ елінің Елбасы – ұлт Көшбасшысы бола білген Нұрсұлтан Назарбаевтың 1991 жылы бүкілхалықтық сайлаудан кейін қолға алған басшылық қызметінсіз көзге елестету мүмкін емес. Өйткені, Тәуелсіздіктің қиын-қыстау жылдарында республикамыздың билік тізгінін ұстаған Тұңғыш Президентіміз – Нұрсұлтан Әбішұлының жанқиярлық қызметінсіз егемен еліміздің шежіресін жазып шығу мүмкін де емес. Олай дейтінім, көз алдымызда тарихқа айналып жатқан өмір шындығында жас мемлекетіміздің іргетасын қалап, керегесін керіп, әрбір уығын өз қолымен шаншып, шаңырағын көтерген, бар-жоғын түгендеп, іргесін кеңейткен, оны әлем мойындаған еңселі елге айналдырған Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қолтаңбасы, қабылдаған тарихи шешімдері, ұстанған саясаты, санқырлы саяси қызметі, ешкімге ұқсамайтын дара да дана жолы бар.
Осы орайда көршілес мемлекет – Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путиннің: “Қазақстан үшін Нұрсұлтан Назарбаев – өте ерекше тарихи тұлға. Ол тек Қазақстанның Тұңғыш Президенті ғана емес, ол – қазақтық, қазақстандық мемлекеттіктің іргетасын қалаушы”, – деп бағалауы да әділ де орынды айтылған сөз екендігіне дау жоқ.
Иә, 1991 жылдың 1 желтоқсаны зор тарихи оқиға ретінде әрбір отандасымыздың санасында салтанатты да сәтті күн болып қалған болатын. Сол бір жарқын күн нұрлы жалғасын тапты. Тарих үшін көзді ашып-жұмғандай ғана қысқа мерзімде Қазақстан сияқты зор дәрежеге жеткен қандай мемлекет бар? Әрине, жоқ. Олай болса, Нұрсұлтан Назарбаевтың жасампаздықпен жүргізіп келе жатқан сындарлы саясаты – Отанға, елге, ұлтқа адал қызмет етудің өшпес өнегесі.