Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес, бұл қоғам кеселінің туындауына жол беретін түрлі жағдайлардың алдын алу бүгінде әр ведомство жұмысының басым бағытына айналып отыр. Осы жөнінен кеден органдарында нендей жұмыс жүргізілуде? Бұл реттегі сұрақтарға облыстық кедендік бақылау департаменті ішкі қауіпсіздік басқармасының бастығы Марат Берденбеков төмендегідей жауап қатты.
– Марат Мағжанұлы, ішкі қауіпсіздік басқармасының биылғы жұмыс қорытындысы қандай?
– Елбасы халыққа арнаған биылғы Жолдауында тұрғындарға мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасын арттыру міндетін қойды. Департаментімізде еңбек және қызмет тәртібіне, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың алдын алуға ерекше көңіл бөлінеді. Үстіміздегі жылдың 10 айында облыстың кеден органдарында 22 қызметтік тексеріс жүргізілді. 18 қызметкер, соның ішінде басқарушы құрамның үш тұлғасы тәртіптік жауапқа тартылды.
– Тексерістердің сапасы жөнінде не айта аласыз?
– Осы бағытта жүргізілген жұмыстың түпкі нәтижесі бір бөлек, болашақта құқық бұзушылықтарды болдырмауға бағытталған одан арғы алдын алу шаралары тексерістердің сапасына тікелей байланысты. Сол себепті, сапаны арттырудың жолын іздестірудеміз. Солардың бірі – тексерістерді жүргізудің нақты мерзімін белгілеу, тәртібін қатаң сақтау. Өткен мерзімде сот органдары лауазымды тұлғаларға қатысты қабылдаған шараларымыздың бірде-бірінің күшін жойған жоқ. Біз жіберген қателіктерімізді ұдайы сараптап, қорытынды шығарып отырамыз.
– Сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі жұмыс кеден органдарында қалай жүргізіледі?
– Ішкі кеден бекеттерінің жұмысына көп көңіл бөлеміз. Мұнда астық, ауыл шаруашылығы техникасы және өзге тауарларды ресімдеу жүргізіледі. Ішкі қауіпсіздік басқармасының мамандары алдын алу шараларын жүргізу мақсатында тұрақты түрде осы бекеттерге шығып тұрады. Сондай-ақ қызметкерлер құрамын дамыту бойынша жұмыс жетілдірілуде, кадрларды алмастыру және ауыстыру жиі жүргізілуде.
– Мұның бәрінен қандай нәтиже күтесіздер?
– Лауазымды тұлғалардың кедендік ресімдеу және үшінші елдерден әкелінетін тауарларды бақылауды жүргізу кезінде қызметтік тәртіпті бұзу және құқық бұзушылық жасау деңгейі азаяды деген үміттеміз. Әрине, кеден заңнамасы жетілдірілуі қажет. Лауазымды тұлғалардың қызметі жөнінен тұрақты ішкі ведомстволық бақылау, кәсіпкерлердің және кеден органдары қызметкерлерінің сыбайлас жемқорлық мәселесі бойынша қоғамдық пікірін талқылау, зерттеу маңызды. Мәселен, егер азаматтар сенім телефонын жиі қолданса, бұл да өз пайдасын берер еді. Кез келген тұлға оған телефон шалып, кеден саласындағы қылмыс немесе лауазымды тұлғалардың қызметтік жағдайын теріс пиғылда пайдаланғандары туралы хабарлай алады. Департаменттің сенім телефоны: 46-02-31 (сағат 9.00-ден 19.00-ге дейін), 46-33-29 (тәулік бойы). Ақпарат берген тұлғаның қауіпсіздігі қамтамасыз етіледі.
Бұдан басқа, сыбайлас жемқорлықтан құтылу үшін алдын алу әдістеріне барынша көңіл бөлуге тиіспіз деп ойлаймын. Бұл жұмыс бойынша бізге департамент басшылығы көп көмек көрсетіп отыр. Кеденшінің оң имиджін насихаттауды, кеден қызметінің жақсы жұмысын бұқаралық ақпарат құралдарында көбірек жариялауды қарқынды жүргізуге тиіспіз. Сол арқылы кеденшінің елдің мемлекеттік мүдделерін қорғаушысы екендігі жөнінде пікір қалыптастыруымыз керек.
Сұхбаттасқан Александр СЕМЕНЧУК,
облыстық кедендік бақылау департаментінің баспасөз хатшысы.