«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

СЫБАЙЛАСТЫҚ САЗАЙЫН ТАРТҚЫЗУҒА СЕПТЕССЕҢІЗ, сыйақыңыз сайлаулы тұр…

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Енді сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық фактiсi туралы хабарлаған немесе сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте қаржы полициясына жәрдемдескен тұлғалар ақшалай сыйақыға ие болады. Бұл туралы облыстық экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті өткізген баспасөз мәслихатында айтылды.

Гүлбике ТӨЛЕБАЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Департамент бастығы Нұрлан Шабдардың айтуынша, осыған қатысты Үкімет қаулысы үстіміздегі жылдың 26 қыркүйегінде қолданысқа енгізілген. Сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған іздеудегі адамның тұрған жері туралы ақпарат берген және осы бағыттағы құқық бұзушылықты немесе қылмысты анықтау, жолын кесу және ашу үшін жәрдем жасағандар да көтермеленетін болады. Пара алатын адам туралы берілген ақпарат шындыққа сәйкес болып, айыпты адамға қатысты әкiмшiлiк жаза қолдану туралы сот қаулысы заңды күшіне енген соң ғана қаржы полицейлеріне көмектескендердің есепшотына тиісті ақша аударылады. Сондай-ақ сыйақы айыптау үкімі заңды күшіне енген жағдайда немесе ақталмайтын негіздер бойынша істі қысқарту туралы қаулы шығарылған соң да төленеді. Біржолғы ақшалай сыйақының мөлшері сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтың немесе қылмыстың ауыртпалығына сәйкес белгіленеді. Мәселен, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар туралы әкімшілік істер бойынша бір-жолғы ақшалай сыйақының мөлшері 30 айлық есептік көрсеткішті, онша ауыр емес сыбайлас жемқорлық қылмыстық істер бойынша – 40 АЕК, ауырлығы орташа – 50 АЕК, ауыр – 70 АЕК, аса ауыр – 100 АЕК-ні құрайды (1АЕК – 1618 теңге).

Бұл мақсатқа ел бойынша жыл соңына дейін 32 миллион теңге қаржы бөлінген. Жемқорлықты тыюға жәрдемдескісі келетін кісілер қандай да бір сыбайластық фактісін білетін болса, қаржы полициясына келіп, арыз жазулары тиіс. Әзірге ел ішінде осылайша өз еркімен келген тұлғалар тіркелмепті. “Бұлай болу себебі, көбі аталмыш жаңалықтан әлі күнге дейін хабарсыз. Облыс тұрғындарын ақпараттандыру мақсатында осы баспасөз мәслихатын өткізіп отырмыз” – деді Нұрлан Шабдар.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp