Айрықша көп таралған діни теріс ағымдардың ұстанған қағидасы – адамды алдап-арбау. Адамның физикалық, психикалық және рухани еркіндігіне тұсау салу. Ең сорақысы – көбінесе жастар мұндай соқыр сенімнің жетегінде кетеді.
Мәриям БАПАНОВА,
облыстық денсаулық сақтау басқармасы бастығының орынбасары.
Бұғанасы қатпаған жас жеткіншектердің арбауға тез көнетіндігі белгілі. Теріс ағымның жолына түскендер ақырында еркін ойлап, шешім қабылдау құқынан айрылады. Алдымен ар-ұят, сенім, ойлау қабілеті бұзылып, секта жетекшілерінің айтқанымен өмір сүретіндей жағдайға жетеді. Толықтай бағынушылық пайда болады. Ол үшін жасырын психологиялық зорлық күші қолданылады. Адам санасын заңсыз басқарып, адамның қалауынсыз сыртынан оның атынан шешім қабылданады.
Соқыр сенімнің жетегіне ергендердің алдымен “миы тазартылып”, санасы басқарылады. Олардың мүшелері өзіне қол жұмсап, кінәсіз жанның жер жастануына себепкер бола алады. Бұл ағымдардың жетекшілері жан дүниесі қызметінің бұзылысынан болатын сырқатқа ұшырайды. Бұл аурумен сырқаттанған жандар басқа адамның жан дүниесін билеп-төстеуге құмар болады. Көздеген мақсатына жету үшін олар есірткі, жыныстық қатынас, топтық “табыну”, бос уақытты мейлінше шектеу, сыртпен қарым-қатынас байланысын тоқтатуға дейін барады.
Кейбір діни ұйымдар, мәселен, “Ақ ағайындық”, “Құдай ананың орталығы”, “Аум Синрике”, “Кришнаның санасы”, “Иегово куәгерлері” және өзге де топтар адамның психикалық жағдайына әсер етіп, сол топтың артынан ерген адамдардың қалыпты мінез-құлқын өзгеріске ұшыратады. Сол арқылы адамның денсаулығына нұқсан келтіреді.
Осындай ұйымдарға жақтаушылардың жиі қатынап тұруы олардың жан дүниесінде мынадай өзгерістерді аңғартады: діни соқыр сенімнің шынайылығына сену, ата-аналарға деген қарым-қатынастарында өшпенділіктің пайда болуы, оқудан, жұмыстан бас тарту, журнал, телеарна, газеттерді оқып, көруден жиіркену, кемінде 3-5 сағатқа ғана көз ілу, ақуызы бар тағамды тұтынбау, тұйықтану, достармен араласпау, әлемде орын алған сыртқы өзгерістерге міз бақпау сынды жайттар орын алады.
Жастардың бойында осы өзгерістер байқалған сәттен-ақ туған үйінен жырақтап, толықтай діни ұйымның құрсауында жүріп, тәні мен жан дүниесінің таусылуы көрініс тауып, адам әбден шаршап-шалдығады.
Есеңгіреу, жалғыздықты сезіну, түңілу, қанағаттанбау сияқты сезімдер билеген адамды секталардың жетегіне көндіру оңайырақ.
Ұйым жетекшілері адамдардың санын арттыру үшін әртүрлі айла-тәсілдер қолданады. Мысалы, сананы бақылау техникасы былай өрбиді:
1. Топтық зорлық және “махаббатпен бомбалау”. Күмән тудырмас үшін балалар ойынына ұқсас ойынның түрін қолданады. Адамды өзіне жақын тарту үшін ән айтып, құшақтап, асыра мақтайды. “Махаббатпен бомбалау” терминін бүлдіргіш күштерді сынға алатындар ғана қолданбайды. Бұл терминді сондай-ақ сол теріс ағымдардың өздері де пайдаланады. Мәселен, муниттер. Әдіс-тәсілдің мақсаты – болашақ ілімге сеніп жақтаушының өзін сол ұйымға қажетті екенін барынша сендіру. Ұйым мүшелері тек соны ғана күтіп және соның ғана мүше болғанын қалайтынын, оның қажетті екенін сездіру. Теріс ағымға жаңадан келген адам бір минутқа да көзден таса қалмайды. Ол шараны олар өз ішінде “сандвич” деп атайды. Жаңа келген адамның жанына адептердің арасынан білікті екеуін таңдап, олар жаңадан келген адамды әбден көндіреді.
2. Оқшаулау. Бұл кезде адам шынайы ақпаратты тексеру мүмкіндігінен айрылады.
3. Ойлау қабілетін тоқтататын әдіс-тәсілдер ретінде адамды медитацияға итермелейді. Бұл әрекетті шамадан тыс жасаған адам толықтай сенімге енеді.
4. Қорқыныш және күнә. Мойындау әдісімен жасалып, адамның күнәларына сай жазасы мен сыйын беріп отырады.
5. Ұйқыдан бас тарту. Рухани кемелденуге жеткізетін әртүрлі жаттығулар, жобалар мен жоспарларды сылтау етіп, адамды ұйқысынан айырады.
6. Дұрыс тамақтанбау. Астыртын адамның рухани әрі физикалық кемелденуді көздеген ойдан шығарылған диеталармен адамды ашықтыру.
7. Сенсорлық басыну. Тез арада жаңадан келген адамды өз ырықтарына бағындыру.
Сананы бақылау төрт негізгі салада жүзеге асады:
1. Жүріс-тұрысты бақылау.
2. Ақпаратты бақылау.
3. Ойлау жүйесін бақылау.
4. Көңіл күйді бақылау.
Жоғарыда аты аталғандардың барлығы адам денсаулығына зиянын тигізбей қоймайды.
Сайып келгенде, діни секталардың ұстанымдары, салттары мен ғибадаттары адам психикасынан бастап, тән денсаулығына орасан зор зиянын тигізеді.
Ілімге сеніп, табынушылардың теріс ағымдардың құрсауынан босап шығу үлкен әрі жан-жақты көмекті қажет етеді. Ол үшін тек қана медициналық жәрдем емес, сондай-ақ психологтер мен педагогтердің және тағы басқа мамандардың кешенді көмегі қажет болады. Соқыр сенімнің жетегіндегі ұйымдардан босап шығуға әрекеттенгендер қатары жоқ емес, бар. Бірақ олардың жүрегінде теріс ағымдардың әбден орнықтырған қорқыныш сезімі билейді. Тіпті, өздері-өздеріне қол жұмсауға дейін барады.
Кейбір жағдайларда теріс ағымды насихаттайтын діни ұйымдардан шыққан адам көп уақытқа дейін өзін қоғамнан жырақ сезінеді. Түңілу, еркін шешім қабылдаудан айрылу, өз өміріңді бақылай алмау, есеңгіреу, психологиялық дамудың тежелуі, көңіл күйдің жоқтығы, қоғамда өз орнын таба алмау, ұйқысыздықтың белең алуы, тағы басқа мәселелер болады.
Теріс ағымнан ажыраған адамды қалыпты өмірге қайта әкелу дос-жарандар мен туған-туысқандарының ғана міндеті емес, сондай-ақ мемлекет пен қоғамның да басты мақсаты болуы тиіс. Жұртшылықты, әсіресе, жастар қатарын соқыр сенімнің адам өміріне әкелер зияны жайлы толықтай ақпараттандыру қажет. Атап айтпаса болмас, кейбір теріс ағымдар өз мүшелерін медициналық көмек алуға тыйым салады. Мысалы, Иегово куәгерлері өздеріне қан құюды күнә есептейді. Осы себептен өмірімен қош айтысқандар да тіркелген. “Алля Аят” діни ұйымы да медицинаны мойындамайды.
Қорытындылай келгенде, бұл теріс ағымдардан адамдарды оқшаулау үшін барынша ақпараттандырумен қатар, оның жетегінде кеткендерді қалыпты өмірге қайта оралту үшін арнайы емдеу орталығы қажет. Бұл мәселемен айналысатын білікті мамандардың көп болғаны жөн. Және де алдын алу шаралары жайында да ұмытпаған жағдайда ғана теріс ағымдардың арбауына ерген адамдар санын азайтуға болады.