Мемлекеттік басты нышандарымыздың бірі – Ұлттық валюта – теңге күні мерекесіне байланысты Ұлттық банк облыстық филиалының директоры Жомарт Қажырақымовқа жолығып, өңірдегі банк жүйесінің қаржы нарығындағы қазіргі жағдайлармен сабақтасатын және оқырмандарымыздың қызығушылығын туғызатын бірнеше сұраққа жауап беруін өтіндік.
– Жомарт Оралұлы, төл мерекеңіз құтты болсын! Облыстың қаржы нарығындағы бүгінгі жағдай қандай?
– Сыртқы келеңсіз факторлардың ықпалына қарамастан, республикада экономикалық дамудың оң үрдісі сақталуда.
Сол сияқты қаржы нарығында да тұрақты жағдай қалыптасып отыр. Банктердің экономикаға кредиттік салымдарының жалпы көлемі 1 қазандағы жағдай бойынша 90 млрд. теңгені құрады, ол өткен жылдың қыркүйегіндегімен салыстырғанда 16,3 пайызға артты.
Екінші деңгейлі банктер берген кредиттер көлемі 30,5 пайызға өсіп, 66,4 млрд. теңгені құрады. Банктердің кредиттік белсенділігінің оң бағыты, әсіресе, тұтынушылық және ипотекалық кредиттеу нарығында көрініс табуда. Тұтынушылық кредиттеу осы жылғы есепті кезеңде былтырғымен салыстырғанда 1,4 есе өсіп, 15 млрд. теңгені құрады. Берілген ипотекалық кредиттер көлемі 1,3 есеге артты (2011 жылы – 2,4 млрд. теңге) және 3,2 млрд. теңгені құрап отыр.
– Егер облыстың валюта нарығын сараптар болсақ, облыс тұрғындары қандай валютаға басымдық береді?
– Қыркүйек айында ғана облыстың айырбастау қосындарында және уәкілетті ұйымдарында 193,6 млн. АҚШ долларының, 8,6 млн. еуроның және 444,2 млн. Ресей рублінің таза саудасы жүргізілді.
Уәкілетті банктер мен уәкілетті ұйымдардың арасындағы жүргізілген операциялар бойынша ара қатысын саралай отырып, есепті кезеңде екінші деңгейлі банктердің айырбастау қосындарында облыс тұрғындарының негізгі сұранымдары валютаның екі түрі бойынша АҚШ долларымен 86,2 пайызға, еуромен 63,6 пайызға қамтамасыз етілгенін атап өткен жөн. Уәкілетті ұйымдардың айырбастау қосындары Ресей рубльдерін айырбастаудың негізгі операциялар көлемі облыстағы айырбастау операцияларының жалпы көлемінен сатып алу бойынша 86,8 пайызға және сатуда 66,8 пайызға жүргізді.
– Тұрғындардың банктерге көзқарасы жайында не айтасыз?
– Тұрғындардың банк жүйесіне сенімін сақтаудың негізгі факторы депозиттер бойынша жеке тұлғалар үшін 5 млн. теңге көлеміндегі ең жоғары кепілдік қайтарым сомасын сақтау болып табылады. Басында бұл сома дағдарысқа қарсы шара ретінде белгіленді, ал 2012 жылдың 1 қаңтарынан бастап тұрақты негізде сақталатын болды.
Жалпы банк секторы бойынша салымдар өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 25,3 пайызға өсті және 48,5 млрд. теңгені құрады.
Тұрғындардың жан басына шаққандағы салымы 27,6 пайызға көбейді және 79,1 мың теңгені құрады. Бес жылдың ішінде, яки 2007 жылдан 2012 жылға дейінгі кезеңде тұрғындардың салымдары 2,5 есе көбейді.
Тағы бір жақсы жаңалық – қаржылық жүйенің тұрақтылығын қамтамасыз ету және салымшылардың мүдделерін қорғау мақсаттарында осы жылдың қыркүйек айынан бастап “Қазақстандық депозиттерді кепілдендіру қоры” АҚ-ның жарғылық капиталы 13310 млн. теңгеге дейін көтерілді.
– Көпшілікті толғандыратын сұрақ: дағдарыстың екінші толқыны күтіле ме? Оған алаңдарлықтай негіз бар ма?
– Еліміз әлемдік дағдарыстың зардаптарына төтеп беруге дайын. Біз негізінен шикізат өндіретін мемлекетпіз, сондықтан біз үшін қауіпті өзекті фактор шикізат бағасы болып табылады, яғни дағдарыс елдің мұнайына және басқа табиғи қазба байлықтарына баға құлаған кезде ғана жетеді. Сарапшылардың болжауы бойынша олардың бағасының күрт құлауы күтілмейді, жалпы ел экономикасы 5,2-5,4 пайызға өсіп отыратын болады. Біз үшін мұнай бағасының бейтарап аралық деңгейі барреліне 85 доллардың шамасында. Мұнайдың brent сортының әлемдік бағасы 2012 жылдың І жартыжылдығында орташа 113,7 доллар деңгейінде түзілді.
Сол сияқты банк секторында да макроэкономикалық қауіп сезілмейді. Қаржы секторында артық өтімді қаржы көп: банктерде 12-13 млрд. доллар өтімді қаржылар бар. Банк активтерінің ішкі жалпы өнімге қатысы өсуде, мысалы 2012 жылғы 1 шілдеде ол 43,1 пайызды құрады. Екінші деңгейлі банктердің сыртқы қарыздарына қатысты айтар болсақ, олар дағдарыстан кейін, тіпті, 2009 жылдың өзінен бастап бақылауға алынды. Ұлттық банк статистикасының деректері бойынша, 2012 жылдың бірінші жартыжылдығында еліміздің жалпы сыртқы қарызы 132,3 млрд. АҚШ долларын құрады, соның ішінде банк секторының үлесі небары 11 пайыз немесе 14,5 млрд. доллар.
– Мерекелік сұхбатыңызға рахмет!
Сұхбаттасқан Тоқтар ЗІКІРИН,
“Солтүстік Қазақстан”.