Елордадағы “Сарыарқа” велотрегінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен “Жас Отан” жастар қанатының ІІ съезі өтті.
Съезд барысында “Жастар – Отанға!” атты 2020 жылға дейінгі стратегиясы қабылданды. “Жас Отан” жастар қанатының Іс-қимыл стратегиясының жобасында қызметтің 11 басты бағыты айқындалған. Оның ішінде басты факторлар ретінде сапалы білім, еңбек, жастардың әлеуметтік бейімделуі, мәдени даму және бірлік, жастар кәсіпкерлігін, ғылымды дамыту, волонтерлік қозғалыс және тағы басқалары белгіленген.
“Жаңа Стратегия біздің ұзақмерзімді мақсаттарымызды мәлімдеу ғана емес, ауқымды жаңғырту міндеттерін іске асыру бойынша іс-әрекеттерге басшылық болып табылады”, – делінген құжатта. “Жастар – Отанға!” 2020 стратегиясы 6 бөлімнен тұрады.
Елбасы сөз сөйлеген жастардың жалынды сөз бен жасампаз істің иесі екенін танытқанын айтты. “Сендер жаңа ғана күллі Қазақстанның атынан көшелі ой мен өрелі пікір айттыңыздар. Сендердің тың бастамаларыңды мен әр уақытта қолдап келемін, қолдай да бермекпін”, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Елбасының пайымынша, 20 жылда 2 ғасырға татитын еңбек сіңіргеннен кейін ғана Қазақстан қос ғасырға бергісіз табысқа жетіп отыр.
“Шетелдерде кімнің жастары оқиды? Қазақтың жастары оқиды. Шетелдердің курорттарында кімдер демалады? Қазақтар демалады. Ешкімге малай болып, еңбек іздеп жүрген дүниеде ешбір қазақ жоқ, бәрі өзімізде. Соның өзі неге тұрады? Бұл табысқа күллі қазақстандықтардың, оның ішінде біздің жастарымыздың қосқан үлесі орасан зор”, – деп баса айтты Мемлекет басшысы.
Елбасы мәлімдегендей, соңғы он жылда жастар саясаты жобаларына жұмсалған қаражат 10 есеге артты. “Биылдың өзінде жас мамандардың баспаналы болуына және оларды қолдау көмегіне 12 млрд. теңге жұмсалды”, – деді Елбасы. 2020 жылға дейін жас отбасыларға арнап 1 млн. 200 мың шаршы метр тұрғын үй салынады. Елбасы Үкіметке жастар жатақханасы құрылысына жан бітіруді тапсырды.
“Қазақта ата-бабамыз, біздің әке-шешеміз осы жерде туған, осы жерде өлген, біз де осы жерден өлгенше кетпейміз деп өскен. Дүниежүзінде ондай жоқ. Америка азаматы Уолт Стритта жұмыс істейді, өзі Лос-Анджелесте тұрады. Таңертең ұшақпен 4 сағат ұшып келіп, жұмысын бітіреді де, кешке қайтады. Себебі, ол оған пайдалы. Яғни, басқа елдердің ұтқырлығы өте жоғары”, – деген Н.Назарбаев жастарды жұмысы бар, қаржы табуға болатын өңірлерге баруға шақырды.
Елбасы Астанада елорданың ең үздік архитектуралық туындыларының бірі болатын Жастар сарайын салуды ұсынды.
Суреттітүсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.
“ҚазАқпарат”.