Жыл басынан бері облыс көлемінде 753 өрт оқиғасы тіркеліп, одан 420 млн. теңгеден астам материалдық шығын келді. Отта 42 адам, оның ішінде 5 бала қайғылы қазаға ұшырап, 28 адам түрлі дене жарақатын алды.
Өткен апта да өртсіз болған жоқ. Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның Новоишим ауылында төрт қабатты тұрғын үйдің бірінші қабатындағы екі бөлмелі пәтерде өрт шығып, оқиға орнына жедел жеткен өрт сөндіру мамандары 23 жасар бойжеткеннің мүрдесін тапты. Тілсіз жау үй жиһаздарымен қоса баспана төбесіне зақым келтіріп, кереует пен диванды жойған. Отты ауыздықтау барысында өрт сөндіру мамандары тұрғын үйдің 27 тұрғынын қауіпсіз жерге көшіріп, үшінші қабаттағы пәтерден екі баланы өрттен аман алып қалды.
Айыртау ауданының орталығы – Саумалкөл ауылының тұрғыны от жағуды тездетпек ниетпен пешке дизель жанармайын құйған. Лап еткен жалын келіншектің беті мен қолдарын күйдіріп, үстіндегі киіміне ауысыпты, ең соңында от екі пәтерлі тұрғын үйдің төбесін айтарлықтай зақымдаған. Өртті сөндіру барысында жапа шегуші келіншек ауруханаға жеткізілді. Оған беті мен қолы 3-4 дәрежедегі күйікке шалдықты деген диагноз қойылды.
Тайынша ауданының Чкалово ауылындағы екі пәтерлі тұрғын үйдің бірінен өрт шықты. Қараусыз қалған от үйдің шатырын жойып, үй жиһаздары, ас- үй, жатын және төр бөлмеге айтарлықтай зақым келтірді. Өрт сөндіру мамандары 3 тұрғынды қауіпсіз жерге көшірді.
Ал Қызылжар ауданының Белое ауылында орналасқан үш пәтерлі тұрғын үйдің бірінде орын алған өрттің кесірінен 73 жастағы пәтер иесінің дүние-мүлкімен қоса дәліз, үй шатыры жанып кетті. Оқиға орнынан 8 адамды қауіпсіз жерге көшірген өрт сөндіру қызметкерлерінің пайымдауынша, дәліздегі электр сымдарының тұйықталуы өрттің шығуына әкеп соқтырған. Үй тұрғындарының өмірлеріне ешқандай қауіп төнген жоқ.
Облыс орталығының Островский көшесіндегі тұрғын үйде шыққан өрт салдарынан баспананың төбесіне зақым келді. Дәл осындай жағдай Ғабит Мүсірепов атындағы ауданының Пески елді мекенінде қайталанып, 73 жастағы зейнеткердің жеке тұрғын үйі отқа оранды. Пешті салу барысында өрт қауіпсіздігі нормаларын сақтамау осындай жағдайға душар еткен.
Ал осы аудандағы Новоишим елді мекенінен “Миг” дәмханасында да өрт шықты. Өрт кәуап мангалын қоғамдық тамақтану нысанына жақын жерге қойған дәмхана қызметкерлерінің кінәсінен шыққан. Өртті ауыздықтаған жергілікті жасақтар нысан ішінен газ баллонды сыртқа шығарып, қайғылы жағдайдың алдын алды.
Өкінішке қарай, облысымыздың кейбір тұрғындарының шөп, қора-қопсыларымен қоса, үй жануарларынан да айрылған жағдайлар тіркелуде. Мысалы, Мағжан Жұмабаев ауданындағы Ұзынкөл ауылы тұрғынының ауласында шыққан өрт қораны ғана емес, сонымен қатар 5 шошқа, 17 торай, 30 тауық, 10 көжекті құртып жіберді. Өрт сөндіру қызметкерлері тілсіз жаудан үйді, монша мен гаражды аман алып қалды.
Петропавл қаласының Челюскин көшесі мен Тимирязев ауданының орталығындағы тұрғынының ағаштан салынған шаруашылық құрылымдары өртте түгелдей жанып кетті.
Мамлют ауданының Афонькино ауылында шыққан өрт моншаның қабырғасы мен шатырын зақымдаса, Мағжан Жұмабаев ауданының орталығы Булаево қаласында жекеменшік гаражда осындай оқиға қайталанды.
Петропавл қаласының Новая көшесінде “Ауди-100” автокөлігі отқа оранып, нәтижесінде оның мотор бөлігі мен доңғалақтары жанып кетті.
Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның Ефимовка ауылының тұрғыны қысқа дайындаған шөбінен бір сәтте айрылды. Белгісіз біреулердің қасақана жандыруы салдарынан 3,5 тонна шөп отқа оранды.
Өзінің абайсыздығынан Есіл ауданының Явленка ауылының 61 жастағы зейнеткері аяғын сындырып алды. Картоп алу мақсатында жертөлеге түскен ол аяғы тайып кетіп жығылған. Өздігінен шыға алмаған зейнеткерді көршілері көмекке шақырған жергілікті өрт сөндіру қызметкерлері ауруханаға жеткізді.
СҚО ТЖД баспасөз қызметінің ақпараты бойынша дайындалды.