«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТАПСЫРЫС КӨБЕЙДІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыстағы машина жасау кәсіпорындарының биылғы тапсырыстар портфелі шамамен отыз миллиард теңгеге жуықтады. Бұл өткен жылғымен салыстырғанда екі есе артық. Келісімшарттың басым бөлігі темір жол және мұнай-газ кешендерінде жасалған. Осы орайда облыс әкімі Серік Біләлов Петропавл қаласындағы ірі 4 зауытты аралап, жоспарларымен танысты.

Самат САПАРАЛЫ,

журналист.

“ЗИКСТО” АҚ астық және жүк тасуға арналған вагондарды құрастырады. Мұның екеуі де – инвестициялық жоба. “Қазақстан темір жолы” ҰК” АҚ тапсырысы бойынша платформалы 100 контейнер мен жартылай 400 вагон жасалып жатыр.

– 9 айдың қорытындысы бойынша 3 миллиард теңгенің тапсырысын орындадық. Бұдан да артық жетістікке қол жеткізуге болатын еді. Бірақ тапсырыстардың кешіктірілуінен жұмыс екінші жартыжылдықта ғана қызды. Жыл соңында 4-5 миллиард теңгені игеруді жоспарлап отырмыз, – деді “ЗИКСТО” АҚ-ның бас директоры Игорь Коровин

Ал “Петропавл ауыр машина жасау зауыты” АҚ “ҚазМұнайГаз” ҰК” АҚ арнайы техника мен мұнай-газ жабдықтарын жасауға көлемді тапсырыс алды. Қызметкерлер зауытта екі ауысыммен жұмыс істейді. Облыс басшысы мұндағы жұмысшылардың жағдайымен танысты. Зауыт қырнаушысы Сергей Печериннің айтуынша, тапсырыс көп, айлық табысы 100 мың теңгеден жоғары.

– Жыл басынан бері жұмыс көлемі екі есеге артты. Қазір біз арнайы агрегаттар, тораптарды орналастырумен айналысудамыз, – дейді аталмыш зауыт директорының бірінші орынбасары Владимир Ковшов.

“Мұнаймаш” АҚ “Өндіріс – 2020” бағдарламасы бойынша Жапония, АҚШ және Бразилиядан құны бір жарым миллиард теңгені құрайтын 12 заманауи құрылғыларды сатып алды. Оған зауыт мамандары өз бағаларын беріп жатыр. Бірнеше станоктың жұмысын атқаратын қондырғы керекті бөлшекті дәл әзірлеуге көмектеседі.

– Қазір мұнай ұңғымасына қажет сорғыларды дайындаудамыз. Басты тапсырушымыз – “ҚазМұнайГаз” ҰК” АҚ. Негізгі мәселе – ол ұзақмерзімді келісімдердің болмауында, – деді “Мұнаймаш” АҚ бас инженері Федор Дмитриев.

ТМД елдерінен де тапсырыстар түсіп жатыр. Ал “Тез құрастырылатын ғимараттар зауыты” ЖШС-нің өнімдері Қазақстанның құрылыс нарығында сұранысқа ие.

– Новоникольское ауылында хоккей кортының құрылысы аяқталуда. Бұл – америкалық жылдам құрастырылатын жүйе бойынша жасалған бірінші жоба. Сонымен қатар Явленка ауылындағы емхананы салу үшін де тапсырыс ал дық, – деді “Тез құрастырылатын ғимараттар зауыты” ЖШС директорының бірінші орынбасары Азамат Бекқожинов.

Кездесу барысында аудандардағы құрылыс нысандарын металл құрастыру жабдықтарымен қамтамасыз ету жайында келісімшартқа қол қойылды.

Суретті түсірген

Вадим МУДАРИСОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp