Ерлан МАХМЕТОВ,
СҚО ІІД баспасөз қызметінің инспекторы.
Петропавл қаласының ішкі істер басқармасына 78 жастағы зейнеткер өзінің алаяқтың құрбаны болғанын айтып шағымданды.
Жәбірленушінің айтуынша, түс кезінде көшеде келе жатқанда, белгісіз автокөлік қасына келіп тоқтаған. Машинадан шыққан жігіт күмістен жасалған ыдыс-аяқ сатып алуын ұсынған. Сатушының айтуынша, ол Ресей Федерациясының тұрғыны, мұнда жұмыс бабымен келіп, кете алмай жүргенміс. Тез арада ақша керек болғандықтан, сатып жатқанын айтқан. Ыдысты көруге қарсылығын білдірмеген апай үйіне әкеліп, сонда сатушымен есеп айырысқан. Біраз уақыт өткеннен кейін ғана алаяқтардың құрбаны болғанына көз жеткіздім, дейді жәбірленуші. Себебі, ол құны бірнеше есе арзан ыдыс-аяқты 379 мың теңгеге сатып алған. Зейнеткер көліктің маркасы мен түсін де есінде сақтамаған. Жәбірленуші есінде ештеңе қалмағанын, бәрі түсіндегідей болғанын айтады. Тек сатушының жасы 40-тан аспағанын және түрі еуропалыққа ұқсастығын ғана айта алды.
Қазіргі уақытта полиция қызметкерлері алаяқты ұстау мақсатында жедел іздестіру шараларына кірісті.