«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАЗАҚСТАН ДІНТАНУШЫЛАРЫНЫҢ ІІ ФОРУМЫ ӨТТІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Астанада өткен Қазақстан дінтанушыларының ІІ форумында діни бірлестіктерді қайта тіркеу үдерісі дер кезінде жасалған сәтті қадам болғандығын баса айтқан ҚР Дін істері агенттігінің төрағасы Қайрат Лама Шариф: “Елімізде қайта тіркеу үдерісі басталғанға дейін тіркеуде 4551 діни бірлестік болғаны белгілі. 2012 жылдың 25 қазанында аяқталған қайта тіркеуден кейін олардың саны 3088-ге дейін қысқарды”, – деді. Агенттік төрағасының айтуынша, діни ұстанымы бірдей діни бірлестіктер конфессия бойынша топтастырылды.

Оның пайымынша, ресми тіркелген діни бірлестіктер қаржылық қызметтерін нақты көрсеткендері абзал. Діни бірлестіктердің қаржы-шаруашылық қызметі саласын заң талаптарына сай ретке келтіру қажет. Діни жетекшілер адамгершіліктің және жоғары мақсаттарға қол жеткізу үшін шынайы қызмет етудің үлгісі болуға тиіс екендігін баса айтқан ол:

– Бірақ біз діни бірлестік өкілдерінің күдікті, қылмыстық істерге қатысты болғанын да білеміз. Мәселен, 2010 жылдың қыркүйегінде Алматы әуежайында “Благодать” шіркеуінің пасторы Ким Сам Сон тәртіп сақшыларының қолына түскен. Тексеру кезінде одан декларацияланбаған ірі көлемде ақша табылды, – деді. Агенттік басшысының атап өтуінше, аталған азамат ел аумағынан Оңтүстік Кореяға заңсыз түрде 130 мың АҚШ долларын алып шықпақ болған. Ол шартты түрде 2 жылға сотталып, ақшасы тәркіленді.

Агенттік басшысының атап өтуінше, бүгінгі таңдағы ең басты әрі өзекті мәселелердің бірі – өскелең ұрпақты рухани тәрбиелеу. Жастыққа тән максимализм мен бойұрушылықтың салдарынан жастар дінді аңғармай теріс қабылдау жолына түсуі мүмкін. “Дінді ұстай алсаң – қасиетің, ұстай алмасаң – қасіретің” деген ұлағатты сөз осыдан шығады. Біз экстремизмнің тигізетін залалын көрсететін ғана емес, сондай-ақ жастардың күш-жігерін жасампаз арнаға бағыттайтын тәрбиелеу мен білім берудің озық жүйесін әзірлеуіміз керек”, – деді Қ.Лама Шариф. Оның пайымынша, дінтанушы ғалымдар радикалды діни ағымдарға тойтарыс бере алатын ақпараттық және түсіндіру жұмыстарына, рухани мұра ұлттық мәдениетті насихаттауға бұдан да белсендірек қатысуы тиіс.

Қазақстан дінтанушыларының ІІ форумында ҚР Дін істері агенттігіне қарасты Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығының директоры Айдар Әбуовтің атап өтуінше, бүгінде әлем елдерін діни экстремизм мен лаңкестік алаңдатып отыр. Соңғы жылдары еліміздің батыс, оңтүстік өңірлерінде де адам қазасына әкелген лаңкестік көріністер де орын алды. Оның пайымынша, Ғаламтор қолданушылардың 90 пайызын жастар құрайтынын ескерер болсақ, онда экстремизмнің Интернет кеңістігіндегі көрінісінің алдын алудың маңыздылығы мен өзектілігі айқындала түседі. Соңғы 2 жылда еліміздің тұтастығы мен қауіпсіздігіне нұқсан келтіретін үндеулері бар мыңға жуық сайт қызметіне тосқауыл қойылды. ҚР Дін істері агенттігінің сарапшылары сайттарға сараптама жасау кезінде қазақстандық сайттардың өзіндік ерекшеліктерін анықтаған. Мұндай сайттар негізінен діни ілім мен жергілікті дәстүр, ұлттық мәдениеттің ерекшеліктерін ұтымды пайдаланады. Мәселен, салафия, акида.кz сынды сайттар Қожа Ахмет Яссауи, Бекет ата секілді ата-бабаларымыздың зираттарына барып, Құран бағыштауды Аллаға серік қосу деп, шелпек тарату секілді ислам дінімен сіңісіп кеткен дәстүрлерді дінге жаңашылдық енгізу деп айыптау арқылы Интернет қолданатын жастар санасына өз ұлтының дәстүрі мен салтына, жалпы ұлтына қарсы пікір қалыптастырады. Сондай-ақ салаф.кz, исламик.кz сайттарында Пайғамбардың туған күні – Мәуліт мерекесін, Орталық Азия халықтарының Наурыз мейрамдарын рұқсат етілмеген амалдар, күнә істер деп бағалауда. Жастарды Интернет кеңістігіндегі экстремистік идеялардың ықпалынан сақтандырудың тиімді тәсілі ақпараттық түсіндіру жұмыс екендігін баса айтқан ол: “Осы орайда ҚР мұсылмандары діни басқармасы, ҚР Дін істері агенттігі, Білім және ғылым министрлігі, түрлі зерттеу орталықтары “Назар сал” деген атаумен Интернет кеңістігіндегі экстремизмнен сақтандыру бағытында қызмет істейтін сайт даярлау қажет деп санаймын”, – деді.

“ҚазАқпарат”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp