16 қарашада Астанада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен “Нұр Отан” партиясы “Жас Отан” жастар қанатының ІІ съезі өтті.
Съезде Қазақстан Республикасының Президенті, “Нұр Отан” ХДП Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев сөз сөйледі. “Арман! Еңбек! Сенім!” ұраны бойынша өткен жиынға облыстық, қалалық, аудандық бастауыш ұйымдарынан сайланған 1200-ге жуық делегат, Парламент депутаттары, Президент Әкімшілігінің жауапты қызметкерлері, Үкімет мүшелері қатысты.
“Жас Отан” жастар қанатының бұл съезі жасотандықтарға ғана емес, барлық қазақстандық жастар үшін ерекше маңызды оқиға болып табылады. Өйткені, жасотандықтар жақын болашақтағы басты құжаты – “Жастар – Отанға!” аталатын 2020 жылға дейінгі стратегиясын талқылады. Стратегия жобасы аймақтарда жан-жақты талқылаудан өтті. Әрбір қалаған адам өз ұсынысын ортаға салу мүмкіндігіне ие болды және олардың көпшілігі осы құжатқа енгізілді. Нәтижесінде, “Жас Отан” жастар қанаты стратегиясының жобасында қызметтің 11 басты бағыты айқындалған. Оның ішінде сапалы білім, жастардың әлеуметтік еңбекке бейімделуі, мәдени даму және бірлік жастар кәсіпкерлігі мен ғылымды дамыту, еріктілер қозғалысын өркендету сияқты келелі мәселелер бар.
Съездің күн тәртібіне төрт мәселе – “Нұр Отан” ХДП жанындағы “Жас Отан” жастар қанатының 2020 жылға дейінгі стратегиясы туралы; “Нұр Отан” ХДП жанындағы “Жас Отан” жастар қанатының атқарушы хатшысын сайлау туралы; “Нұр Отан” ХДП жанындағы “Жас Отан” жастар қанатының Орталық кеңесін сайлау туралы және “Нұр Отан” ХДП жанындағы “Жас Отан” жастар қанатының Жарғысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы мәселелер енгізілді.
Съезде алғашқы сөз “Нұр Отан” ХДП “Жас Отан” жастар қанаты атқарушы хатшысының міндетін атқарушы Нұрлан Сыдықовқа берілді. “Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы, Сіз еңбектен қашпауға, маңдай терімізбен жинаған ырысымызды шашпауға шақырдыңыз, – деп бастады ол сөзін. – Тәтті нанның ащы термен келетінін ұғындырдыңыз. Арман мен еңбек ұштаса келе, келешек күнге деген нық сенімді құрайды. Елбасы сенімінің арқасында еңселі елордамыз ерке Есіл өзенінің жағасына орын тепті. Астана – алты Алаштың айбынына, жасампаздықты жалау еткен жастардың арман қаласына айналды. Сол себепті де съездің басты ұстанымы – “Арман! Еңбек! Сенім!”.
Нұрлан Сыдықовтың тоқталып өткеніндей, екі съезд аралығында жасотандықтардың қатары еселеп өсіп, 200 мың адамнан асты. Олардың барлығы өз болашағына асқан сеніммен қарайды. Өз тағдырларын туған Отанымен, еліміздің Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаевпен байланыстырады.
“Нұр Отан” ХДП жанындағы “Жас Отан” жастар қанатының 2020 жылға дейінгі стратегиясының негізгі мақсаты – жастарды еліміздің қуат-күшін арттыру жолында нақты істерге жұмылдыру болып табылады, деді әрі қарай.
Келесі кезекте сөз алған солтүстікқазақстандық мұғалім – делегат Әлия Шаражеева Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан “Дипломмен – ауылға!” бағдарламасының маңызына тоқталды. “Біз “Дипломмен – ауылға!” бағдарламасына қатысушылар ғана емеспіз, біз Елбасымыздың өміршең идеяларын ілгері бастыратын жүзеге асырушылармыз, – деді мектеп мұғалімі ойын аяқтай келіп. – Ауылға барған жас мамандар ондағы мәдени-тарихи құндылықтарды жаңғыртушы болып та табылады. Олар аудандардағы елді мекендердің қоғамдық жұмыстарына да белсенді қатысып жүр. Ауылдардың әлеуметтік-экономикалық жағдайы жыл өткен сайын жақсара түсуде. Мемлекет басшысының барлық идеялары табысты жүзеге асатынына сенімдімін. Барлық қазақстандық жастарды сол идеяларды жүзеге асыруға барынша атсалысуға шақырамын”.
Қазақстан Президентінің Ядролық қарусыз әлем құру бастамасы бүгінде әлем назарын аударып отыр. Семей қаласынан сайланған делегат Еркебұлан Балтабеков өзінің сөзіне осы мәселені арқау етті. Бүкіл әлем жұртшылығы Қазақстан басшысының бұл идеясын жоғары бағалады. Вашингтон мен Сеулде өткен ядросыз әлем құру туралы халықаралық жиындарда ірі державалардың басшылары Елбасымызды ортаға алып, пікірлесіп тұрғанын теледидардан көргенде, мақтаныш сезімі биледі. Соңына қарай делегат жастарды Елбасының осы бастамасын кеңінен насихаттауға шақырды.
Бұдан кейін мінберге көтерілген теміртаулық делегат Ольга Долженконың сөзіне қарағанда, оның атасы Қарағанды металлургия комбинатында 37 жыл істеп, зейнеткерлікке шыққан. “Менің әкем де жай жұмысшыдан кәсіпорынның басшысына дейінгі жолдан өтті, – деді делегат. – Бүгінде мен де, ағам да әулет жолын қуып, зауытта еңбек етіп келеміз. Университетті бітіріп, үш жылдан бері Қарағанды металлургия комбинатында істеп жүрмін. Мен осы кәсіпорында кезінде біздің Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қызмет еткенін мақтаныш тұтамын”.
Павлодар облысынан келген съезд делегаты Сапар Шалабаев өз сөзіне елімізде жүзеге асырылып жатқан “Жасыл ел” бағдарламасын өзек етті. Мемлекет басшысының бастамашылық етуімен дүниеге келген бағдарлама аясында барлық аймақтарда көптеген жұмыстар қолға алынуда. Сапар Шалабаев еріктілердің Батыс Қазақстан облысындағы елді мекендер мен Қызылағаш ауылын су тасқыны басқандағы көрсеткен көмектерін атап өтті. “Оларды қазіргі кездің батырлары десе, артық болмайды”, – деді ол.
ВИКИ-білім қорының жетекшісі Рауан Кенжеханұлы сөзін еліміздің өткен кезеңіне шолу жасаудан бастады. Сонымен қатар ол қазіргі заманда Интернеттің рөліне, Елбасының тапсырмасымен іске қосылған “Электронды үкіметтің” тиімділігіне де делегаттар назарын аударды. Елбасының сайты ашылғанын атай келіп, оған еліміздегі мемлекеттік мекемелер мен олардың басшылары да енсе деген өтініш білдірді. Сондай-ақ Википедияның қазақстандық жүйесі дамып, оның халықаралық дәрежеде мойындалғанын атады.
Лондондағы параолимпиялық ойындарға қатысушы, суда жүзуші Әнуар Ахметов биылғы Лондон Олимпиадасында Қазақстан спортшыларының бұрынсоңды болмаған көрсеткіштерге жетіп, әлемді таңғалдырғанын айта келіп, бұл біздің еліміздің ұлы мемлекет екендігін көрсетеді, деді.
Назарбаев Университетінің студенті Нұрсұлтан Томпиев бүгінде Елбасымен аттас адамдардың, оның ішінде жастардың көп екенін атап, оның жайдан-жай емес екендігін өзінің сөзі барысында келтіре кетті. “Құрметті Президент, Сіз 1991 жылдың 15 наурызында Жезқазған қаласының тұрғындарымен кездесу өткізген екенсіз, деді тәлімгер. Сол кездесуге менің әкем де қатысыпты. Кездесу өтіп жатқанда, әкеме менің дүниеге келгенімді хабарлапты. Әкем Сіздің құрметіңізге маған “Нұрсұлтан” деген есім берген екен. Мен бұл есімге ешқашан кір келтірмеймін”, – деді ол. Сондай-ақ ол болашақ мамандығы кардиохирург екендігін, білім алуға барлық жағдай жасалғандығын, бұл Елбасының тікелей қамқорлығы екенін атады. Бұған қоса студент Мемлекет басшысының осы оқу орнында оқыған дәрісі бүкіл қазақстандықтар тарапынан үлкен қолдауға ие болғанына тоқтала келіп, алдағы уақытта Президенттің тағы бір дәріс оқуына көпшілік жастар құштар болып отырғандығын жеткізді.
Мұнан соң мінберге шиелілік Татьяна Куштаева көтерілді. Ол таза қазақ тілінде: “Кез келген қоғамның көшбасшысы – жастар. Ал жастардың күшін бір арнаға тоғыстырып, біріктіріп отырған “Нұр Отан” халықтық демократиялық партиясының “Жас Отан” жастар қанаты”, – деп сөзін бастаған ол бүгінгі күні жастардың тілді құрметтеп, ұлтжандылықпен халқына қызмет жасап келе жатқанына тоқталды.
“Елбасымыздың “Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде” деген қанатты сөзін басшылыққа ала отырып, мемлекеттік тіліміздің қолдану аясын кеңейтіп, қазақ халқының салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, тілін меңгеруді жоғары дәрежеге көтеріп, ұлттар арасындағы достықты нығайту мақсатында жұмыс жасауға сіздердің барлығыңызды шақырамын”, – деген Татьяна Куштаева сөзінің аяғын жыр шумақтарымен көмкерді.
Мұнан соң модератор жастар съезінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сөз сөйлейтінін хабарлады.
“Армысыңдар, отандастар!” – деп бастады Елбасы, “Нұр Отан” ХДП Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев өз сөзін. Баршаларыңды “Жас Отанның” ІІ съезінің ашылуымен құттықтаймын! Жаңа ғана мінбеге шыққан жастар жалынды сөз бен жасампаз істің иесі екендіктерін танытты. Сіздер күллі Қазақстан жастарының атынан көшелі ой мен өрелі пікір айттыңыздар. Сіздердің тың бастамаларыңызды мен әрқашан қолдаймын.
Қазақстан – қай мағынада алғанда да жас мемлекет. Ел азаматтарының 5 миллионға жуығы 14 пен 29-дың аралығындағы жастар. Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап жастар мәселесі менің де, мемлекеттің де ең басты назарында болды. Бұл салада “Болашақ”, “Жасыл ел”, “Жастар – Отанға!”, “Дипломмен – ауылға!”, “Жастар тәжірибесі”, “Жас мамандар қоры” сияқты көптеген мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асырылып отыр.
Жастар саясаты саласындағы жобаларды қаржыландыру соңғы 7 жылда 10 есеге артты. Тек биылдың өзінде жас мамандардың баспаналы болуына және оларды қолдау көмегіне 12 миллиард теңге жұмсалды. 2020 жылға дейін жас отбасыларға арнап 1,2 миллион шаршы метр тұрғын үй салуды тапсырдым. Бұл құрғақ цифрлар ғана емес, әрбір көрсеткіштің артында орасан еңбек пен сіздерге деген шексіз қамқорлық жатыр. Мен осынау еңбектің жемісі мен қамқорлықтың жылуын жастардың жақсы білетініне кәміл сенемін, – деді Мемлекет басшысы.
Құрметті съезд делегаттары, менің жас достарым, деп жалғады ойын бұдан әрі Елбасы. Мен осы съезге келген барлық жасотандықтарды құттықтаймын! Осыдан 4 жыл бұрын “Жас Отан” жас партияшылардың дербес бірлестігіне айналды. Сол кезде мен “Нұр Отанның” жас мүшелеріне өздерінің болашақтағы стратегиясын өздерінің айқындауына мүмкіндік беру туралы шешім қабылдадым. Бұл дұрыс шешім болды.
Біріншіден, бізде өзіміздің саяси авангардымыз пайда болды. Екіншіден, “Жас Отан” жастардың неғұрлым белсенді және жауапкершілікті бөлігін біріктірді. Үшіншіден, “Жас Отанның” төңірегіне студенттердің, жас фермерлер мен жұмысшылардың, ғалымдар мен шығармашылық қызметкерлердің кең ауқымды коалициясы қалыптасты. “Жас Отан” “Жас Қыран” және “Жас Ұлан” сияқты жаңа балалар ұйымдарының тәлімгеріне айналды. Төртіншіден, сіздердің біздің партияның Мәжілістің соңғы сайлауында, соның ішінде кезекті Президенттік сайлаулардағы жеңісіне қосқан үлестерің зор. Мен біздің ортақ жеңісімізді шыңдаған барлық жас партияшыларды құттықтаймын.
“Жас Отан” жастар қанаты өте қажет, – деп атап өтті Нұрсұлтан Әбішұлы. Бұл ұйымда сіздер өмір сүруге, сөйлесе білуге, бір-біріңмен араласуға үйренесіздер. Іс жүзінде өздеріңізді түрлі жағдайлардағы өмірге дайындайсыздар. Сондықтан жастар ұйымдарындағы белсенді жұмыс сіздердің өмірлеріңізде пайдаға асады.
Бесіншіден, бүгін съезде “Жас Отанның” 2020 жылға дейінгі стратегиясын қабылдайсыздар. Бұл жобаны өздеріңіз өз тәжірибелеріңіздің негізінде әзірледіңіздер. Стратегияның барлық міндеттері жастарды индустриялық-инновациялық даму, біздің еліміздің қауіпсіздігі мен тұрақтылығын нығайту міндеттеріне тартуға бағытталған.
Менің жас көмекшілерім мен қанаттастарым, деп жалғады ойын Елбасы одан әрі. Осыдан 21 жыл бұрын біз Қазақстанның Тәуелсіздігін жарияладық. Ал 15 жыл бұрын еліміздің даму көгіндегі темірқазығы болған “Қазақстан – 2030” стратегиялық бағдарламасын қабылдадық. Қазақ елінің жаңа дәуірдегі болашағын айқындап берген тағдырлы құжат бізді биік мұраттарға бастады.
“Қазақстан – 2030” стратегиясын дайындасқан менің серіктерімнің көпшілігі 30-ға да толмаған жас азаматтар еді. Содан бері еліміз айтулы стратегиядан айнымай, қарыштап дамып келеді. Бір сәт жүріп өткен жолымызға көз жүгіртіп көрейікші. Біз кеше кім едік? Тәуелсіздік алған тұста бұрынғы Кеңес Одағының соңында қалған республика болатынбыз. Экономикамыз әлсіз, қолда бар өндірістер, зауыттар әбден ескірген. Мұғалімдер мен дәрігерлерге жалақы, зейнеткерлерге зейнетақы тауып берудің өзі қияметтің қиыны болатын.
Қазақстанның өзі түгілі аты әлем елдерінің көпшілігіне бейтаныс еді. Бірақ, біз еш уақытта мойыған жоқпыз. Жеріміз бай, халқымыз сауатты, жастарымыз отансүйгіш болды. Арманым орындалды.
Қазіргі күндерге жету үшін біздің буын, сендердің әкелерің, аталарың көп тер төкті. Елдің сыртын жаудан, ішін даудан аман алып қалу үшін деп күндіз-түні тынбай жұмыс істедік.
Қараңдаршы, сол тынымсыз еңбектің арқасында біз қазір кім болдық? Жан басына шаққандағы ішкі жалпы өніміміз 16 есеге өсіп, 12 мың долларға жетті. Бұл біздің Түркиямен, Малайзиямен, Шығыс Еуропаның мемлекеттерімен тереземіз тең болды деген сөз.
Индустрияландыру картасының аясында жалпы құны 9,6 триллион теңге болатын 600-ден астам жоба жүзеге асырылуда. Бұл біздің жастарымыз үшін 370 мың жаңа жұмыс орнын береді.
Қазақстанды бәсекеге барынша қабілетті 50 елдің қатарына қосу туралы тапсырма бердім.
Дүниежүзілік экономикалық форум мәліметтеріне жүгінсек, соңғы бір жылда Қазақстан 21 сатыға көтеріліп, 51-ші орынға шықты.
Қазақстан – халқы татулыққа ұйыған, жастары жасампаздыққа ұмтылған елге айналды. Бір буын ауыспай-ақ, мүлдем басқа сипаттағы жаңа ұлт, жаңа ел болдық. Күллі әлем таныған, құрметтеп төріне оздырған беделді мемлекетпіз. Мұның бәрі бір күнде, бір сәтте бола салған жоқ. Жиырма жылда екі ғасырға татитын еңбек сіңіргендіктен ғана қос ғасырға бергісіз табысқа жеттік. Бұл табысқа күллі қазақстандықтардың, оның ішінде, біздің жастарымыздың қосқан үлесі орасан зор.
4 жыл бұрын “Жас Отанның” алғашқы съезінде мен “Жастар – Отанға” атты шараның тұсауын кескен едім, – деді Н.Назарбаев. Осы шараның аясында жастарымыз талай игілікті іс тындырды, талай тың бастама көтерді. Ақтөбелік жастардың бастамасымен “Ауылдың өркендеуі – Қазақстанның өркендеуі” атты марафон-эстафета өтті. “Жасыл ел” жастар отрядтары құрылды. Ол 700 мыңнан астам жас қазақстандықты біріктірді. Сіздердің қолдарыңызбен тұтас еліміз бойынша 640 мың көшет отырғызылды. 700-ден астам өзен-көл мен бастау-бұлақ қоқыстан тазартылды. 450 мың тонна қоқыс жиналды. Туған жерге жанашырлық осындай болуы керек. Мен ақтөбелік жастарға және “Жасыл елдің” отрядтарына қатысушылардың барлығына жалынды сәлем жолдаймын.
Мен бастамашылық еткен “Дипломмен – ауылға!” шарасына да “Жас Отан” кеңінен қолдау білдірді. Соңғы 3 жылда жоғары оқу орындарының 20 мыңнан астам түлегі ауылға оралды. Олар алтын бесік – ауылды көркейту жолында қажырлы еңбек етіп жатыр. Алдағы бірнеше жылда тағы 16 мыңнан астам жас ауылдарға бармақ. Ауыл мектептері мен ауруханаларында, кітапханалар мен Мәдениет үйлерінде, қала берді, шаруашылықтар мен егіс алаңдарында еңбек етіп жатқан жас мамандарға жалынды сәлем.
Мен Солтүстік Қазақстанның, Ақмола және басқа да облыстардың жас фермерлерін, барлық жас аграршыларын құттықтаймын, – деп жалғады сөзін Мемлекет басшысы. Мен “Жастар – жастарға” және “Өрле, ауылым!” жобалары шеңберінде Қарағанды және Жамбыл облыстарындағы жасотандықтардың қала жастарының ауыл жастарына қамқорлық жасау жөніндегі жұмыстарын білемін. Бұл – біздің барлық жастарымыз үшін үлгі. Қарағандылық және жамбылдық жастарға менен жалынды сәлем.
“Жас Отан” табиғи апаттардан зардап шеккендерге жәрдем беруге ұмтылатын қазақстандықтардың ең алдында жүреді. “Жас Отанның” студенттік құрылыс отрядтары күллі ел жастары үшін шынайы отансүйгіштік пен жанқияр еңбектің үлгісіне айналды. Тек Батыс Қазақстан облысының өзінде осындай 20 отряд жұмыс істеді. Ал, Оңтүстік Қазақстанда игілікті іске 8 мыңнан астам жас құрылысшы тартылды.
Мен Батыс және Оңтүстік Қазақстан облыстарының жастарына, сонымен қатар табиғат апаттарынан зардап шеккендерге жанашырлық танытқан барша студенттерге жалынды сәлем жолдаймын.
Мен Шығыс Қазақстан облысында “Жас Отан” белсенділерінің қауіпті учаскелерді қардан тазарту және су тасқынының алдын алу жөнінде отрядтар құрғанын білемін, деді Елбасы. Павлодар облысында “Жас Отан” филиалы мүгедек балаларға арналған “Самал” оңалту орталығы төңірегіндегі аумақты көріктендіруге қаржы жинау жөнінен қайырымдылық марафонын өткізді. Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстарының жастарына менен ыстық сәлем.
Мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту нысандарында студенттік практика ұйымдастыру жөніндегі қостанайлық жасотандықтардың бастамасын толықтай қуаттаймын. Облыс әкімі осынау тамаша бастамаға қолдау көрсетуі керек.
Атырау облысының жас ғалымдары 2 жылда 20 инновациялық жоба дайындады. Олар “Инновация арқылы дамуға” атты аймақтық байқауда мақұлданды. Енді олардың іс жүзінде қажетке жарауын қамтамасыз ету барынша маңызды. Облыс басшылығы бұл мәселені айрықша бақылауға алуы керек. Қостанай мен Атырау облысының жастарына және экономиканы инновациялық дамыту ісіне белсене қатысқан жаңашыл жастарға жалынды сәлем.
“Жас Отан” сыбайлас жемқорлықпен күреске нақты істермен қолдау көрсетті. Бүгінде жасотандықтар – сыбайлас жемқорлыққа қарсы қоғамдық кеңестердің және “Нұр Отан” партиясының қоғамдық қабылдау бөлмелерінің ең белсенді мүшелері. Мен бүкіл ел бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресуші жастарды шын жүректен құттықтаймын!
Бұл өте маңызды жұмыс және мен оны көптен жүргізіп келемін. Төменнен қолдаусыз, сіздердің көмектеріңізсіз біз осынау мемлекет пен қоғам үшін қауіпті құбылысты еңсере алмаймыз.
Мен Алматы облысы “Жас Отан” филиалының өнер мен мәдениеттегі жас дарындарды анықтау мен қолдау жөніндегі жұмысын қуаттаймын. Алматы жасотандықтары жаңа кадрларды және президенттік резерв үшін де кадрлар дайындайтын “Жас көшбасшылар мектебі” жобасын жүзеге асыруда. Біздің даңқты алматылық жастарымызға менен жалынды сәлем.
“Туған тіл – тұғырың” дейді халқымыз. Мемлекеттік тілді дамыту және насихаттау жөніндегі “Таза тіл” атты шара айрықша назар аударуға және күллі ел болып қолдауға лайық бастама. Мен бұл шараның бастамашылары – Қызылорда облысының жастарына жалынды сәлем жолдаймын.
Мен бүгін біздің әлемдік жарыстардағы чемпиондарымыз бен жүлдегерлеріміздің табыстарын тағы да атап өтпекпін, – деді Президент. Жетінші Азиада және Лондондағы Олимпиада қазақстандық спорттың асқақ салтанатына айналды. Мен біздің олимпиадашыларымызды, сондай-ақ барлық қазақстандық спортшыларды құттықтаймын!
“Жас Отан” саламатты өмір салтын насихаттап, жаппай дене шынықтыру ісін дамытуда үнемі алдыңғы қатардан табылып келеді. Мысалы, Маңғыстау облысының жасотандықтары “Темекіні таста, жаңа өмірді баста” деген ұран тастады. Маңғыстаулық жастарға сәлемімді айтып, осы ұсынысты баршаларыңыз қолдаса екен деп тілеймін!
Биыл Қарулы Күштер мен құқық қорғау органдарының құрылғанына 20 жыл толады, – деп атап өтті Президент. Оларда негізінен жастар қызмет етуде. Олар елдегі тәртіпті қадағалайды, біздің Тәуелсіздігімізді күзетеді. Олардың көбі бейбіт уақытта қаһармандық үлгісін көрсете отырып қылмыс пен экстремизмге қарсы тұруда өз өмірлерін қиды. Сондықтан да мен біздің армиямыз бен құқық қорғау органдарындағы жас солдаттарды, сержанттар мен офицерлерді айрықша құттықтаймын!
Бүгін астаналық “Жас Отанның” филиалының жұмысын айрықша атап өткім келеді. Астана – Қазақстанның жастығы және болашағы. Астаналық жастар барлық халықаралық іс-шараларда волонтер болып жұмыс істеу арқылы Астананың жаһандық даңқын белсенді түрде паш етуде. Елордалық жасотаншылар “Найза” әскери-патриоттық ойынының бастамашылары болды. Менен жалынды сәлем, сіздерге, Астана жастары.
Жасотандықтар бүкіл ел бойынша Қазақстан халқы Ассамблеясының жұмысына белсенді атсалысады. Этносаралық және конфессияаралық келісім әр кезде де жалпыхалықтық жетістік болып қала бермек.
Құрметті делегаттар, – деп жалғады сөзін Нұрсұлтан Әбішұлы, өздеріңіз білесіздер, биыл мен Үкіметке жастар саясатын күшейту жөнінде нақты тапсырмалар бердім. Жастармен жүйелі жұмыс жүргізу үшін Білім және ғылым министрлігінде Жастар істері жөніндегі комитет, ал барлық облыстарда – жастар істері жөніндегі басқармалар құрылды. Мен әр өңірде Жастар істері жөніндегі кеңестерді облыс әкімдері тікелей басқаратын болсын деп нұсқау бердім.
Еуразия Ұлттық университеті базасында “Жастар” ғылыми-зерттеу орталығы құрылды.
Мен “Қолжетімді баспана – 2020” бағдарламасы шеңберінде жыл сайын жас отбасыларына 3 мың пәтер бөлу жөнінде тапсырма бердім. Тек биылғы жылы ғана мемлекет 95 мың жас қазақстандықтың еңбекке орналасуына ықпал етті. Сіздердің бүгініңіз бен болашағыңызға қамқорлық әр кезде де менің саясатымның басты мәні болған.
Халық бірлігін нығайту – бұл сіздер, жастар үшін. Жаңа университеттер, кәсіптік колледждер – сіздер үшін. Жаңа зауыттар мен жұмыс орындары – олар да сіздер үшін. Саламатты өмір салты мен спорт – сіздер үшін. Қазақстан елінің халықаралық беделі – ол да сіздер үшін.
Осының бәрі күн сайынғы ауыр еңбекпен құрылды және құрылуда. Бұл – Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамының негізі. Сондықтан бүгінде жастар саясатының жаңа міндеттерін белгілеудің маңызы зор.
Бірінші. Менің бастамам бойынша 2020 жылға дейінге арналған мемлекеттік жастар саясатының тұжырымдамасы әзірленуде. Онда “Жас Отанның” 2020 жылға дейінгі Стратегиясының негізгі қағидаларын ескеру қажет.
Бүгінде жастар саясаты жөніндегі заң жобасы әзірленуде. Оны алдағы жылдың бірінші жартыжылдығында қабылдау керек.
Үкіметке “Нұр Отан” ХДП-мен бірлесіп жобаны сапалы толықтыруды және Парламентке жедел енгізуді қамтамасыз етуді тапсырамын, деп атап өтті осы орайда Мемлекет басшысы.
Екінші. Жастар саясатының жоғарыдан төмен жүзеге асуын әрбір қала мен ауылға дейін жеткізу керек. Ірі өндірістік ұжымдардағы жастар істері жөніндегі комитеттердің рөлін күшейту қажет. Дәл осындай жұмыстар барлық ұлттық компанияларда да жүргізілуі тиіс.
Үшінші. Ол – жастар кәсіпкерлігін және жұмыспен қамтуды қолдау. Үкімет жаңа бастаған кәсіпкерлерге несиелік және консалтингтік көмек туралы мақсатты сегментті бейнелеу үшін “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасына өзгерістер енгізуі керек. Егер жас адам өз бизнесінің болашағын шынайы көретін болса, онда оған елеулі көмек қажет.
“Жұмыспен қамту – 2020” бағдарламасы да толықтырулар енгізуді қажет етеді. Мен “Жастардың еңбек биржасы” бірегей вебпорталын құруды ұсынамын.
Мен жастарды еңбекпен қамту мәселесі толғандыратынын білемін. 2012 жылы 161 мың жас қазақстандық орта мектептің 11-сыныбын бітірді. Олардың 43 мыңы кәсіптік колледждерге түссе, 93 мыңы жоғары оқу орындарына қабылданды.
28 мың адам техникалық және кәсіби білімсіз еңбек нарқына кіргенді жөн көріп, не колледжге, не университетке түскен жоқ. Бұл категорияға мамандық алу барған сайын қиындай түсетін болады. Мамандықсыз жақсы жұмыс пен еңбекақыға иек арту мүмкін емес.
Осылай деген Мемлекет басшысы орта мектеп бітірген әрбір қазақстандық мамандық алуға мүмкіндігі болуы үшін Үкімет алдына міндет қоятынын атап көрсетті. Және де баршаға бірдей жоғары білім алу шарт емес екеніне де назар аударды. Президенттің айтуынша, экономикаға орта буындағы техникалық қызметкерлер – слесарьлар, электриктер, механиктер және басқалар да қажет.
Мектепті аяқтаған соң бірден мемлекет мониторинг жүргізуі тиіс, деп жалғады сөзін Нұрсұлтан Назарбаев. Басқаша айтқанда, жоғары оқу орнына түспегендер колледждерде білім алуға барлық мүмкіндіктерді иеленулері керек.
Енді жастарды жұмыспен қамту туралы, деп ой сабақтады Елбасы. Елімізде жастар арасындағы жұмыссыздық экономикалық белсенді тұрғындардың 3,8 пайызын ғана құрағанымен, яғни бұл көрсеткіш жоғары болмаса да, үстіміздегі жылы ЖОО бітірген 161 мың жас маманның 38 мыңы әзірше жұмысқа орналаса алған жоқ. Ал колледж бітірген 131 мың адамның 19 мыңы жұмысқа орналаспаған.
Үкіметке осы мәселені қарап, арнайы нақты бағдарлама қабылдауды тапсырамын. Жастар Қазақстанда қандай мамандыққа сұраныс бар екендігін түсінулері тиіс. Үкіметтің бағдарламасында кез келген ірі кәсіпорында, мемлекеттік индустрияландыру бағдарламасына қатысушыда, бизнестің жол картасында жастарды оқыту және жұмысқа орналастыру бойынша квота болуы шарт.
Президент келесі бір маңызды бағыт – жұмысшы кадрларын дайындаудың дуальды жүйесін дамыту екенін атап көрсетті. Осы жүйе бойынша кәсіби мектеп оқушысы бір мезгілде өндірісте тағылымдамадан өтуші болып табылады.
Менің тапсырмам бойынша, бұл модель қазірдің өзінде “Қазақмыс” кәсіпорындарында, Дөң тау-кен байыту комбинатында, Павлодар электролиз зауытында енгізіліп үлгерілген. “Самұрық-Қазына” қоры да өз компанияларында осы бағыттағы жұмыстарын бастады. Бұл – Павлодар мұнай-химия зауыты, “KEGOK”, “Қазатомөнеркәсіп”, “Қазақтелеком”.
Ақсу ферроқорытпа зауыты, Сайрам машина жасау зауыты сияқты кәсіпорындар өздеріндегі оқу орталықтарын дуальды негізде оқытатын колледждерге айналдырды. Бүгінде дуальды жүйе әлемнің 60 елінде табысты жұмыс істеп тұр. Мен қазақстандық компанияларды шұғыл түрде осымен айналысуға шақырып, ал Үкіметке бұл үдерісті бақылауды тапсырамын.
Келесі бір маңызды мәселе – жастарды уақытша баспанамен қамтамасыз ету, деп жалғады сөзін Президент. Жастардың мобильді бөлігі алғашқы кездерде тұра алатын студенттік және жастар жатақханаларын көбірек салу қажет. Осы бағыттардың барлығы Үкіметтің Жұмыспен қамту бағдарламасында қамтылуы керек.
Төртінші, деп ой сабақтаған Нұрсұлтан Әбішұлы Қазақстанда “Жас Отанды” қоса алғанда 11 ірі жастар ұйымдары жұмыс істейтінін көлденең тартты. Олармен Үкімет, сондай-ақ әрбір министрлік пен ведомство жұмыс істеуі тиіс. Сіздердің өкілдеріңіз Үкіметтік емес ұйымдармен жұмыс істейтін кеңестер құрамына кіруі керек. Мен Үкіметке Жастар бастамаларының қорын құру мәселесімен айналысуды тапсырамын. Барлық министрліктер мен әкімдіктердің стратегиялық жоспарларына жастармен жұмыс жөніндегі индикаторларды енгізу қажет.
Бүгін мен “Жас Отан” съезі делегаттарын менің көптен бергі тағы бір арманымды жүзеге асыруға қолдау көрсетуге шақырғым келеді. Мен Астанада Жастар сарайын салуды ұсынамын! Егер сіздер қолдасаңыздар, жаңа сарай Астананың ең үздік архитектуралық шедеврлерінің бірі болуы тиіс, деді Мемлекет басшысы.
Бесінші. “Жас Отан” жастар қанаты – елді жаңғырту үдерісіндегі қазақстандық жастардың басты саяси үйлестірушісі. Жастар қанатын қалалар мен аудандар деңгейінде күшейтуді қамтамасыз ету қажет. “Жас Отан” – болашақ саясаткерлер үшін мектеп. Сондықтан жасотандық депутаттар санын өкілетті органдарда, жергілікті мәслихаттарда, Парламентте көбейту мәселесін шешу маңызды. “Нұр Отан” ХДП басшылығына осындай жұмысты жүргізуді тапсырамын, деді Қазақстан басшысы.
Қазақстан табыстары бүкіл әлемде, әсіресе, ХХI ғасырда барлық елдер басынан кешіріп отырған өткір проблемалар тұсында мойындалып отыр, деді одан әрі Президент. Жаһандық экономикалық дағдарыс, планетаның тұтастай өңірлері үшін жаппай аштық қатері, жанжалдар мен соғыстар – осының барлығы бүгінгі күннің шындығы. Сіздердің бүкіл әлемдегі көптеген құрбы-құрдастарыңыз үшін “тұтыну қоғамы” атты жалған тұжырымдама нағыз қақпанға айналды.
Мұнан кейін Нұрсұлтан Назарбаев адал еңбек тез баю мен ұстамсыз тұтынуға ұмтылумен ауысқанын назарға салды. Материалдық өндіріс қысқарған жағдайдағы қызмет көрсету саласының өсімі бүкіл әлем бойынша жастардың білім беру мен еңбекпен қамтылуындағы дағдарысты тереңдете түсті. Бүгінде “үлкен жиырмалық” елдерінде 20 миллионға жуық жұмыссыз жастар бар.
Италияда, Испанияда, Оңтүстік Африка Республикасында – әрбір екінші жас жұмыссыз, ал АҚШ-та, Ұлыбританияда, Францияда, Канадада, Бразилияда, Түркияда – шамамен әрбір бесінші жаста жұмыс жоқ.
Жаһандық экономиканың даму болжамы көңіл көншітерліктей емес. Сарапшылардың көпшілігі жаһандық дағдарыстың жаңа толқынынан қашып құтылу мүмкін емес дегенді айтады. Қазақстан – осы күрделі әлемнің бір бөлшегі. Әрине, біз превентивті шаралар қабылдап, дағдарысқа қарсы бағдарламалар түздік. Сондықтан болашаққа “жеңіл саяхат жасау” деген бізде де болмайды. Мен сіздердің, жас қазақстандықтар, осыны білгендеріңізді қалаймын! Осы себепті көп нәрсе сіздердің еңбексүйгіштіктеріңізге, төзімділіктеріңізге, белсенділіктеріңізге, табандылықтарыңызға және жауапкершіліктеріңізге тәуелді болады! Мен бұлар сіздердің ең жақсы қасиеттеріңізге айналады деп сенемін!
Елбасы сөзінің соңына қарай съезге қатысушыларды өзінің жас серіктері, ізбасарлары және достары деп атай келіп, олардың съездегі “Арман! Еңбек! Сенім!” ұранын қолдайтынын білдірді. – Мен сіздерге сенемін, жас қазақстандықтар! Мен сіздердің біздің еліміз – Қазақстанға деген сүйіспеншіліктеріңізге сенемін! Мен әрқашан бірлікті, тұрақтылықты қорғайтындықтарыңызға, демек, біздің Отанымыздың болашақта өсіп-өркендейтініне сенемін! Бұл дүниеде бізде бір ғана Отан, бір ғана Жер, бір ғана Аспан бар. Біздің Отанымыз ортақ, демек, Жүрегіміз де біртұтас, Ұмтылыстарымыз да бірдей. Мен сіздерге жұдырықтай жұмылу, белсенділік, жаңа бастамалар мен жеңістер тілеймін. Алға, “Жас Отан”! Алға, Қазақстан.
Барша халқымыздың ең басты құндылығы – Тәуелсіздік.
Біз – көшпенділердің ұрпағымыз, ат үстінде жүрген елміз.
Ержүрек халықтың жалғасымыз.
Естеріңізде болсын, тарихта қазақты ешкім ешуақытта жаулап алған жоқ. Жаулап алғысы келгендер ел ішіне іріткі салды.
Бүгінгі тәуелсіз елімізде қазақтың ішкі бірлігі сақталуға тиіс.
Біз бір ұлтпыз, қанымыз бір, жанымыз бір. Сыртта жүрсек те, іште жүрсек те, барлық мәселені бірлесіп шешуге тиіспіз.
Ешуақытта басқа ұлттың, басқа діннің адамдарын ренжітуге болмайды. Жаманшылықты өзіңе қалай тілемесең, басқаларға да сондай тілекші бол. Қазақстандықтардың барлығы бір-біріне тілеулес болғаны жөн.
Басқа ұлт болса да, оларда Қазақстанның төлқұжаты бар, осы елде туып-өсті. Бөтеніміз емес. Қоғамның барлық жүгін бірге көтерісіп келеді. Зауыт, фабрикаларды бірге салып жатырмыз. Бірлігіміз болса, біз бір-бірімізді сыйлаймыз. Бұған дейін осылай болған, бұдан кейін де солай болуға тиіс.
Енді тура бір айдан соң ел Тәуелсіздігінің 21 жылдығын атап өткелі отырмыз. Асылын ардақтай білетін халқымыз тәуелсіздіктің қадірін бір сәт те түсірген жоқ. Тұғырын нығайтып, түтінін түзу ұшыруға барын салып келеді, деп түйіндеді сөзін Мемлекет басшысы.
Осыдан соң съезд делегаттары “Нұр Отан” ХДП “Жас Отан” жастар қанатының 2020 жылға дейінгі “Жастар – Отанға! стратегиясын бірауыздан қабылдады. Форумда жастар өздерінің көшбасшысын сайлады. “Нұр Отан” ХДП Саяси бюросының келісімімен “Жас Отанның” атқарушы хатшылығына ұсынылған Нұрлан Сыдықовтың кандидатурасы да толық қолдау тапты.
“Сіздер – елдің әр түкпірінен келген жастарсыздар, елге-жұртқа сәлем айта барыңыздар, жастардың барлығына бүгінгі айтылған ойларды жеткізіңіздер”, – деп сөз бастап кетті Елбасы. Жастар мәселесі жай ғана мәселе емес, ол – ел болашағы. Жастарға ешуақытта біреуге иек артып, мемлекетке қарап алақан жайып жүру жарасқан емес, мемлекет тек өз шағында жұмысын атқарып зейнетке шыққан қарияларға, жұмыс істей алмайтын мүгедектерге ғана көмектеседі. Ал он екі мүшесі сау, ойлай алатын, еңбек ете алатын, құрыштай мықты жастар өз еңбектерімен нанын тауып, бала-шағаларын асырап, елінің өркендеуіне еңбек етуі тиіс. Жастар өзіне мемлекет бізге не береді деп емес, мен еліме, жұртыма не беремін, мемлекетім үшін не істей аламын деген сауал қоюы тиіс. Сонда біз өркендейміз, деген Елбасы әрі қарай ойын былай жалғады.
Бәріміз де жас болдық. Мен де сіздер сияқты жастардың ауқымды жиындарына жастай қатынастым. Жас кезде көңілдерде толқулар болады. Қазір өмірде неше түрлі нәрселер, соның ішінде дін жағынан да өзіне қарай тартатын әсер-ықпалдар бар. Біздің дініміз – мұсылман. Оның ішінде де қаншама ағымдар барлығы белгілі. Сондай ағымдардың шылауындағы жастарды сіздер – жасотандықтар жаман жаққа жібермей, тәрбиелеулеріңіз керек. Мұсылман екенбіз деп халқымызды орта ғасырға тартпаймыз. Біз мұсылман өркениетінің өсіп-өркендеуін қолдаймыз. Ата-бабамыздан ұстанып келе жатқан жол сүнниттік болғандықтан, сол бағытты ұстанамыз. Біз қай дінді де сыйлаймыз, ой-пікірлерін құрметтейміз. Бірақ арабтардың киімін үстімізге жапсырып, қыздарымыз бен әйелдерімізді орта ғасырларға кейінге тартсақ не болады? Үлкен аналарымыз, апаларымыздың қандай жаулық тартамыз десе өз еріктері, ал бірақ оқитын жастардың өзгелердің тәртібін лайықтап ұстануы жарамайды. Біз – қазақпыз, көшпелілер ұрпағымыз. Аттың үстінде ерлермен бірге қазақ әйелдері де, қыздары да жүретін. Біз сондай халықтың өкіліміз. Ержүрек елдің ұл-қыздарысыздар.
Біз – қазақпыз. Мен кеше айттым ғой, 11 миллион қазақ бармыз деп. Ал енді сол қазақты бөле берсек, біз ел бола алмаймыз. Әр тайпаны бір-біріне қарсы қойып, әр сұлтанды, әрбір бай, болысты бір-біріне жау көргізіп құрған саясат арқылы бізді өзгелер билеген. Осындай қулықпен халқымызға қарсы әрекет жасаған. Сондықтан тәуелсіздігіміз қолымыздағы кезде біз бір халық, бір ұлттың баласы екенімізді ешқашан ойымыздан шығармауымыз керек. Біздің қанымыз бір, сыртта жүрсек те, іште жүрсек те осыны ұмытпайық. Біздің еліміз бірлікті ту етеді. Олар – Қазақстан азаматтары. Бәріміз бірігіп бір Отанымыздың бүгіні мен болашағына еңбек етіп, бірігіп егін егіп, фабрика, зауыттар салып жатырмыз. Егер осындай болсақ, бізді барлығы да құрметтейді. Көрдіңіздер ме, жаңа Татьяна қазақша қалай сөйледі. Теледидардан хабарлар жүргізіп отырған өзге этнос өкілдері кейбір қазақтардан артық сөйледі. Тіл мәселесін сөз еткенде кейбіреулер алып қашып, ойбай, оңбай жатыр, неге Президент қазақша сөйлемейді, дейді. Менің қалай сөйлейтінімді көріп отырсыздар. Мен Президент болғандықтан, сөзімді барлық қазақстандықтар түсінуі тиіс. Өйтпесе, мен қалай Президент боламын, сондықтан сіздер де осыған үйренулеріңіз керек. Өзіміз отырғанда өзіміз қазақша сөйлейікші алдымен. Сонда басқалар да қазақша сөйлейтін болады. Үйренемін дегенді бауырыңа тарт, қателесіп жатса күлме, деп әкелік ақылын айтқан Елбасы ең негізгі мәселенің бірі еңбек деп жастар назарын осыған аударды.
Жас кезден бастап еңбектен қашпай, өздеріңізді еңбек етуге баулысаңыздар өмір бақи жемісін жейсіздер. Еңбекпен тапқан әрбір тиын тәтті, қымбат. Өз басынан өткен, еңбекпен көзін ашқан адам ретінде жастар, сіздерге осыны айтып, сөзімді аяқтағым келеді, келесі съезге де бірдеңе қалсын да, деп әзілдеген Елбасы сөзін шапалақ көмкерді.
Жастар өз форумдарында “Нұр Отан” ХДП “Жас Отан” жастар қанатының Орталық кеңесіне мүшелер сайлап, “Жас Отанның” Жарғысына өзгерістер мен толықтырулар енгізді.
“Егемен Қазақстанның” тілшілер тобы.
(“Егемен Қазақстан”, 2012 жылғы 17 қараша).
Суреттерді түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.