Облыс полицейлері ішкі істер департаменті мұражайының 23 жылдығын атап өтті. Жақында қала мектептерінің бастауыш сынып оқушылары туған күн иелерінің басты қонақтарына айналды.
Ерлан МАХМЕТОВ,
СҚО ІІД баспасөз қызметінің инспекторы.
№43 мектептің 1-4-сынып тәрбиеленушілері қылмыстың алдын алу жолында өмірлерін қиған, алайда өзі өлсе де, аты өлмеген тұлғалардың тағдырлары туралы әңгімені ілтипатпен тыңдады. Экскурсия барысында бейтаныс адамдармен сөйлеспеу және жол ережесін сақтау керектігі ескертіліп, соның салдарынан қандай апаттар мен қайғылы жағдайлар болатыны бейнероликтер және мұражай экспонаттарының көмегімен көрсетілді.
Қылмыскерлерден тәркіленген және екінші дүниежүзілік соғыста қолданылған қарулар да балалар назарынан тыс қалмады. Мұражай иелерінің айтуынша, биыл көптеген заттар жаңартылыпты. Соның бірі – тәртіп сақшыларының 1951 жылы шығарылған алғашқы “ИЖ-49” маркалы мотоциклі. Жаңашылдықты мұражай қонақтары да бірден байқады. Балалар оның жанында естелік суретке түсіп, тіпті, қолдарымен де ұстап көрді.
Мұражай облыстық департамент бастығы Мұрат Ұрұмхановтың қолдауымен қалалық ішкі істер басқармасынан облыстық ішкі істер департаментінің әкімшілік ғимаратына көшірілді. 300 шаршы метр аумақта орналасқан мұражай жаңа жәдігерлермен толықты.
Мұражай меңгерушісі Любовь Осинскаяның айтуынша, мұндай шаралар жастардың бойына патриоттық сезім мен полиция қызметкерлерінің ауыр да қауіпті жұмысына деген құрмет сезімін ұялату мақсатында өткізіледі. Кездесу соңында тәртіп сақшыларының жұмыс барысы жайында бейнематериал көрсетілді.