«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЗАҢ ЖОБАСЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ләйла ЖАНЫСОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Тәуелсіздік жылдарында жүргізілген реформалардың нәтижесінде елімізде халықаралық сарапшылар мойындап отырған мемлекеттік қызметтің жаңа моделі құрылды. Қазақстанды бәсекеге қабілетті ең озық елдердің қатарына шығару жөніндегі стратегиялық жоспарлары алдағы уақытта да реформалар қажеттігін айқындап берді. Осыған орай үстіміздегі жылғы 7 қарашада Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттік төрағасы Әлихан Байменовтің мемлекеттік қызмет мәселелері бойынша “Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” Парламент Мәжілісінің қарауына ұсынған заң жобасын Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттіктің СҚО бойынша сарапшылар кеңесінің мүшелері де талқылады.

– Сіздердің назарларыңызға ұсынылып отырған заң жобасы 2011 жылғы шілде айында бекітілген мемлекеттік қызметтің жаңа моделі тұжырымдамасын және Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың нақты тапсырмаларын жүзеге асыруға бағытталған. Заң жобасы әзірлік барысында Парламент депутаттарының, қоғамдық бірлестіктердің, сарапшылар мен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қатысуымен талқыланды. Оны әзірлегенде халықаралық алдыңғы қатарлы елдердің тәжірибесі ескерілді. Сіздердің барлығыңыз кадр қызметінде жұмыс істейтін болғандықтан, бүгінгі талқылауға белсене қатысып, ұсыныстарыңыз болса айтыңыздар, – деді Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттігінің СҚО бойынша басқарма бастығының міндетін атқарушы Светлана Зайцева.

Жиын барысында “Мемлекеттік қызмет мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” Заңның негізгі ережелері туралы Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттіктің СҚО бойынша басқармасының мемлекеттік қызметті өткеру және персоналды басқаруды бағалау бөлімінің бастығы Елена Степаненко хабардар етті. Ол заң жобасының негізгі басымдықтарына тоқталып, мемлекеттік қызметке конкурстық іріктеудің мөлдірлігін, жариялылығын және әділдігін орнатуға бағытталған шаралар қарастырылғанын айтты.

– Заң жобасындағы өзгертулерге орай тестілеу нақты мемлекеттік органдағы конкурстық іріктеуден тыс, тәуелсіз өткізілетін болады. Онда алған бағасы бойынша азаматқа конкурсқа қатысуға құқық беретін сертификат тапсырылады. Заң жобасында конкурстан тыс тағайындау мүмкіндіктері мейлінше азайтылған. Басқа мемлекеттік органдарға ауысу тек Елбасының белгілеуімен жүзеге асады. Заңсыз кадрлық шешімдері үшін лауазымды тұлғалардың жауапкершілігі көзделген, – деді.

Сондай-ақ заң жобасында мемлекеттік органдардың кадр қызметтерінің мәртебесін күшейту көзделген. Кадр қызметі мемлекеттік қызмет туралы заңнаманың орындалуын үйлестіріп, кадрларды іріктеуге, жоғарылатуға қатысады. Сондай-ақ жас қызметшілерді тағылымдамадан өткізіп, тәлімгерлік көмек беру де, ол үшін жауапкершілікте болу да кадр қызметіне жүктелмек. Олар жалпы мемлекеттік қызметшілердің қызметін бағалау үдерістерін ұйымдастыратын болады деп күтілуде. Заң жобасында жергілікті деңгейде бірыңғай кадр қызметтерін құру мүмкіндігі қарастырылған.

Сараптама кеңесінің мүшесі Юрий Наумочкин, Аққайың ауданы әкімінің аппарат басшысы Махаббат Дүйсембаева, Петропавл қаласы әкімінің аппарат басшысы Тілеубай Есжанов, ішкі саясат басқармасының бас маманы Олеся Рыбаконова, ТЖ жөніндегі департаменттің бас маманы Вера Раевская өз ойларын ортаға салды. Кадр қызметкері мемлекеттік қызметке жаңа келген жас маманды тағылымдамадан өткізіп, тәлімгерлік көмек көрсетіп, ол үшін жауапкершілікте болса, оған қосымша ақы төленуі керек, сонымен қатар мемлекеттік қызметшілер “командалық ауысым” салдарынан немесе басқа да жағдайларға байланысты негізсіз жұмыстан босатылмай, әлеуметтік жағынан қорғалса деген тілектер айтылды.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp