«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

СУҒА САРАЛАНҒАН ТАРИФТЕР БЕКІТІЛДІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Тоқтар ЗІКІРИН,

“Солтүстік Қазақстан”.

Облыстық табиғи монополияларды реттеу жөніндегі департамент директоры Марат Мұстафин 2012 жылғы 30 қарашадан бастап магистральды су құбырлары мен тарату желілері бойынша су беру қызметтеріне сараланған тарифтер күшіне енгізілуіне байланысты баспасөз мәслихатын өткізді. Ол өз сөзін Қазақстан Республикасы “Қызылжар су” ЖШС-нің магистральды су құбырлары мен тарату желілері бойынша су беру және ағынды суларды бұру мен тазарту қызметтеріне тұтынушылар топтары және тұтыну көлемдері бойынша жеңілдетілген тәртіпте сараланған тарифтер бекітілгенінен бастады.

Оқырмандарымызға түсініктірек болуы үшін осы су беру қызметіне сараланған тарифтерді тұтынушылар топтары мен тұтыну көлемдері бойынша көрсете кеткен де артық емес. Онда 1 топқа жеке тұлғалар жатады, бірақ тұтыну көлемдері мен су есептегіш құралдарының бар-жоғына байланысты тарифтер былайша жіктеледі:

 

І топта – су есептегіш құралдары бар, су тұтыну көлемі бір адамға айына 3 текше метрден аспайтын тұрғындар тобына жататын жеке тұлғаларға – 41,19 теңге (қосымша құн салығымен бірге);

– су есептегіш құралдары бар, су тұтыну көлемі бір адамға айына 3 текше метрден асатын тұрғындар тобына жататын жеке тұлғаларға – 50,66 теңге (ҚҚС-мен бірге);

– су есептегіш құралдары жоқ тұрғындар тобына жататын жеке тұлғаларға – 61,78 теңге (ҚҚС-мен бірге);

ІІ топта – бюджет есебінен күн көретін ұйымдарға бір текше метрі үшін – 135,21 теңге (ҚҚС-мен бірге);

ІІІ топта – І және ІІ топқа жатпайтын басқа заңды тұлғаларға және тұтынушыларға бір текше метрі үшін – 144,49 теңге (ҚҚС-мен бірге).

Ағынды суларды бұру мен тазарту қызметтеріне тұтынушылар топтары бойынша мынадай сараланған тарифтер бекітілді:

І топта – тұрғындар тобына жататын жеке тұлғаларға бір текше метрі үшін – 41,74 теңге (ҚҚС-мен бірге);

ІІ топта – бюджет есебінен күн көретін ұйымдарға бір текше метрі үшін – 111,38 теңге (ҚҚС-мен бірге);

ІІІ топта – І және ІІ топқа жатпайтын басқа заңды тұлғаларға және тұтынушыларға бір текше метрі үшін – 118,78 теңге (ҚҚС-мен бірге).

Қала тұрғындарын ауызсумен қамтамасыз етуде бірден-бір қызмет көрсетуші болып табылатын бұрынғы “Петропавл су” АҚ-ның – қазіргі “Қызылжар су” ЖШС-і болып қайта құрылған кәсіпорынның қиын жағдайдан шығуды көздейтін қазіргі талпынысын департамент басшысы былай түсіндірді:

– Кәсіпорынмен және әкімдікпен бірге жаз бойы осы бағытта жұмыс жүргіздік. Жергілікті басшылық тығырықтан шығу жолын іздеді. Су мәселесіне жалпы республика бойынша оң көзқарас қалыптаса бастады. Таяудағы жылдары қалаға су беретін кәсіпорынның жағдайы айтарлықтай жақсаруы тиіс. Оның акционерлік қоғамды таратып, жауапкершілігі шектеулі серіктестік болып қайта құрылуы көптеген өзекті мәселелерді жедел шешуге септігін тигізеді. Бұл – кәсіпорын 100 пайыз әкімшілік қарамағына өтті деген сөз. Бұрын салынған бірталай өндіріс нысандары кәсіпорынға дер кезінде берілмей келген болса, енді әкімшілік қаулысымен олар жеңілірек берілетін болады. Сондай-ақ бұл өзгерту кәсіпорынның электр қуатына берешегін жабуына, химиялық реактивтер мен жанар-жағармай мәселелерін шешуіне де оң ықпал етері анық. Ал ең бастысы кәсіпорын жұмысшыларының еңбекақысын бұрынғы орташа 30-34 мың теңгеден 55-60 мың теңгеге дейін көтеру мүмкіндігі туады.

Алайда, кәсіпорынның құрылымдық өзгерісі ондағы барлық проблемаларды шешіп тастауы мүмкін емес, бірінші кезекте жоғарыда айтылған негізгі ағымдағы мәселелерге баса назар аударылады. Сонымен бірге алдағы жылдағы жөндеу жұмыстарына 218 миллион теңге қарастырылып отыр. Ал инвестициялық бағыттағы күрделі жұмыстарға республикалық бюджеттің қаржысы қажет. Кәсіпорынның қалған қажеттіліктерін жаңадан енгізіліп отырған қызмет көрсету тарифтері шешуі тиіс. Сараланған жаңа тарифтер негізінен тұтынушылар топтары бойынша тұтыну нормаларына сәйкес қолданылады. Ол туралы Үкіметтің 2010 жылғы 10 шілдеде қабылданған қаулысы бар. Қазір республикамыздың 8 өңірі осы сараланған жаңа тарифтермен жұмыс істейді. Енді 30-шы қарашадан бастап біз де олардың қатарына қосыламыз, – дейді Марат Кәрімұлы.

Департамент басшысының айтуынша, біздегі бір адамның су тұтыну нормасы 3 текше метр болып белгіленген. Облыс бойынша нақты тұтыну көлемі оған жете қоймайды. Қазір сараланған су тарифін қолданып отырған бірқатар облыстар тұтыну нормасын 2,3-2,5 текше метрден асырған жоқ. Соған қарағанда Астана қаласындағыдай бір адамға су тұтыну нормасын 3 текше метр көлемінде белгілеген облыстық департаменттің шешімі шынайы норма саналады. Суға ақы төлеудің сараланған тарифке көшірілуі, біріншіден, тұтынушыларды үнем жасауға үйретеді. Сондай-ақ есептегіш құралдары арқылы су тұтынудың артықшылығын танытады. Жоғарыда көрсеткеніміздей, су есептегіш құралдары жоқ тұтынушылар оның әрбір текше метріне 20 теңгеден астам артық төлейді. Мысалы, су есептегіш құралы бар үнемшіл су тұтынушы бір текше метр суға 41,19 теңге төлесе, су есептегіш құралы жоқтары 61,78 теңге төлейді. Бүгінде қаладағы пәтер иелерінің 81 пайызында су есептегіш құралдары бар, сараланған тариф күшіне енгеннен кейін олардың қатары толыға түсері сөзсіз.

Бір сөзбен айтқанда, сараланған жаңа тариф бойынша үнемшіл жандар аз төлейді де, ысырапшылдардың қалтасы жұқара түседі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp