«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАЛПЫНА КЕЛЕТІН ҚУАТ КӨЗДЕРІ жайлы кеңінен әңгіме қозғалды

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Тоқтар ЗІКІРИН,

“Солтүстік Қазақстан”.

Облыстық мәслихаттың кіші залында ПИК қауымдастығы мен облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының ұйымдастыруымен “Қалпына келетін қуат көздерін қолдану” деген тақырыпта ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Оған Алматы мен Астана қалаларынан келген сарапшылар, қалпына келетін қуат көздерінің құрал-жабдықтарын жеткізумен және монтаждаумен айналысатын фирмалар өкілдері, білім беру және денсаулық сақтау басқармаларының басшылары қатысты.

Жиынды ашқан облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы бастығының міндетін атқарушы Хасип Сюникаев қалпына келетін қуат көздеріне күннің, желдің, шағын өзендердің, толқынның, жерасты ыстық су көздерінің, судың, әуенің, биомассаның және қалдықтардың қуаты жататынын айта отырып, олардың, біріншіден, таусылмайтынына, екіншіден, бұл қуаттардың бірі болмаса бірінің кез келген өңірден табылатынына және үшіншіден, қалпына келетін қуаттардың органикалық отынмен жұмыс істейтін электр станцияларына қарағанда табиғатқа анағұрлым экологиялық тұрғыдан жақындығына тоқталды. Осындай тиімді қуат көздерін пайдалануды облыстағы ішке орнатылған жылу қазандықтарын шұғыл сыртқа шығаруды қажет ететін 159 мектептен бастаған жөн болар еді деген ой салды.

Конференцияны ұйымдастырушының бірі, ПИК қауымдастығының төрағасы, “Қазорталық ТКШ” АҚ-ы облыстық филиалының директоры Сергей Худяков “Қалпына келетін қуат көздерін және қуат үнемдеу шараларын енгізуді негіздеу” деген тақырыпта баяндама жасады. Онда ол Қазақстанда “Қалпына келетін қуат көздерін пайдалану туралы” Заң қабылданып, осы бағытта “Өңірлерді дамыту” және “ТКШ-ны жаңғырту” бағдарламалары бойынша дәстүрлі емес қуат түрлерін пайдалана отырып, айтарлықтай әлеуметтік-экономикалық жетістіктерге қол жеткізуге болатынын айтты.

Күн қуатын пайдалануда қолданылатын құрал-жабдықтар туралы айтқан күн коллекторларын жеткізу және монтаждау менеджері Максим Лойко су қыздырғыштарының СПЛИТ жүйесіне тоқталды. Оның төменгі және жоғары қысымды түрлерінің техникалық сипаттамаларын түсіндірді. Мұндай су қыздырғыштармен жылыжайларды жылытуға болады екен. Сол сияқты жел қуатын өндіру үшін жел генераторлары мен жел сорғыларын жеткізу мүмкіндіктері барын білдірді.

Жиынға қатысушылардың қойған сұрақтарына жиірек жауап беріп, биоотын өндіруге өзінің мүлде қарсы екенін бірден сездірген, қалпына келетін қуат жөніндегі ЕВРОСОЛАР халықаралық қауымдастығының мүшесі Вадим Некрасов биогаз қондырғылары және құрамдастырылған қуатпен жабдықтау жүйесін пайдаланып, жыл бойы жұмыс істейтін жылыжайлар туралы әңгімелеп берді. Ал “ҚазЭкоТерм” ғылыми-өндірістік фирмасы” ЖШС-нің директоры Алтай Әлімғазин дәстүрден тыс қуат көздерін пайдаланатын жаңа буындағы жылу сорғыларын жасау мен өндіріске енгізуге жан-жақты түсінік берді. Конференцияға қатысушылар қалпына келетін қуат көздерін қолдануға байланысты өздерін толғандырып жүрген көптеген сұрақтарға жауап алды.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp