«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“АРМАН! ЕҢБЕК! СЕНІМ!”

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

 

Елордада “Арман! Еңбек! Сенім!” деген ұранмен “Жас Отан” жастар қанатының II съезі өтті. Оған қатысып қайтқан облыс делегаттары өз ойларымен бөлісті.

Диляра

БАҚТЫБАЕВА,

“Жас Отан” жастар қанатының

Белсендісі.

 

Астана қаласының “Сарыарқа” республикалық велотрегінде өткен “Жас Отан” жастар қанатының ІІ съезінде сөз сөйлеген Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жастарға осындай үндеу тастап, бірлік пен ынтымақ жолында жұдырықтай жұмылуға шақырған болатын. Осы алқалы басқосуда ең негізгі 11 бағыттан тұратын “Жастар – Отанға!” деген стратегиялық құжат қабылданды.

“Арман! Еңбек! Сенім!”. Бұл – бүгінгі жастардың ұраны. Елордамыз Астана қаласында бас қосқан мыңдаған жас толқын Елбасымен қауышты. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген жастардың көңіл-күйі де шат-шадыман. Бір тобы Қазақстанның бүгінгі жетістігіне қуанса, енді бірі еліміздің ертеңгі болашағы үшін аянбай еңбек етеміз деп уәде беріп жатты.

 

Ал Елбасы сол күнгі жиында ішкі сырын бүгіп қалған жоқ. Жастармен өзінің тың ойларымен бөлісіп, елімізде жастар мәселесін шешудің жолдарын талқыға салды.

Мыңдаған жастардың алдында қағазсыз еркін сөйлеп, өз ойларын кең аудиторияға таратқан, тың идеяларын өзгелерге жеткізе білген Президентіміздің сөйлеген сөздеріне қанаттанып, тамсана қарадым.

“Жас Отан” жастар қанатының 2020 жылға дейінгі стратегиясы бекітілген шарада Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың: “Қазақстанның өзі түгілі, аты әлем елдерінің көпшілігінде бейтаныс болатын. Бірақ біз ешуақытта мойыған жоқпыз. Жеріміз бай, халқымыз сауатты, жастарымыз отансүйгіш болды. Арманым орындалды”, – деген сөзі жүрегімізде жалын шоғын оятқаны рас. Съезде сөйлеген сөзінде Елбасы жастар алдына нақты міндеттер қойып, аталған міндеттерді орындау жолында “Жас Отан” жастар қанатының Қазақстанның өркендеуіне қомақты үлес қосатынына сенім білдірді. Енді менің өмірлік ұраным “Арман! Еңбек! Сенім!” болмақ.

Мамлют ауданы.

Жақсылық КЕНБАЙ,

“Жас Отан” жастар

қанатының белсендісі.

“Арман! Еңбек! Сенім!” деген атаумен өткен съезге Қазақстанның түкпір-түкпірінен 1600-ден астам делегат қатысты. Оның 113-і – біздің облыс өкілдері.

“Бүкіл Қазақстанның халқы да, жастары да қазір назарын осы залға аударып отыр. Осы жиналған жастар, айтылған сөздер, мен сияқты үлкен буын өкілдеріне жастығымызды еске түсіріп, өмірге де, еңбекке де үлкен шабыт сыйлайды. Сіздердің энергияларыңыз елге керек, халқымызға керек, болашаққа керек. Сондықтан баршаларыңызды “Жас Отанның” ІІ республикалық съезінің ашылуымен шын жүректен құттықтаймын! Жаңа ғана мінбеге шығып, менің алдымда сөйлеген жастар жалынды сөзбен жасампаз істің иесі екендерін тағы бір танытты. Сендер күллі Қазақстан жастарының атынан көшелі ой мен өрелі пікір айттыңдар. Сендердің тың бастамаларыңды мен әр уақытта қолдап келемін, қолдаймын да”, – деген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев алқалы жиында “Жас Отан” жастар қанатының “Жастар – Отанға!” деп аталатын 2020 жылға дейінгі стратегиясын талқылаудан өткізіп, жастарымыз үшін маңызы зор стратегиялық құжат бекітілді. Енді жасотандықтар батыл қадамға бастайтын жаңа белеске бағыт алмақ. Талқыға түскен стратегиялық құжат бұған дейін аймақтарда қызу талқылаудан өткен болатын. Еліміздің әрбір белсенді жасы өз ұсыныс-пікірлерін қосып, жобаға қолдау көрсетті. Сөйтіп, іс-қимыл стратегиясында 11 басты бағыт айқындалып, Елбасының қатысуымен өткен съезде көпшілікке таныстырылды. Оның ішінде сапалы білім алу, еңбек жастарының әлеуметтік бейімделуі, мәдени дамуы, ғылымды дамыту, волонтерлер қозғалысын ұйымдастыру туралы бағыттар қамтылған.

“Жас Отанның” жаңа стратегиясы елді жаңғыртудың ауқымды міндеттерін атқаруы тиіс. Жаңа заман жастардың білімі мен біліктілікке талпынып әрекеттенуін, еңбектеніп, өсуін талап етіп отыр. Жастар қанаты аясында шоғырланған белсенді өрендер білім мен еңбекті ұштастырып, ел игілігіне қызмет етуі тиіс екендіктері айтылды.

Елбасымыздың жасотандықтарға берген тапсырмасының бірі – еліміздегі оқу орындардағы білім деңгейін қадағалау. Өйткені, білім адам баласы үшін, жастар үшін үлкен орын алады. Сондықтан да біз, жастар, бұл тапсырманың орындалуына бар күш-жігерімізді жұмсаймыз.

Есіл ауданы.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp