«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БЕКСЕЙІТТІҢ БАЛУАНДАРЫН БАПТАҒАН “Жолы болғыш жігіт” жайлы

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қолға қалам алғалы ірге бөлмей келе жатқан тақырыбымның бірі спорт болғандықтан және қырық жылдың мұғдарында қаншама ірілі-ұсақты жарыстарды тамашалай жүріп, облысымыздың көптеген спортшыларымен, жаттықтырушыларымен жақын араласып, таныс болып кеттім. Әсіресе, ауылдарда тұратын, ел ішіндегі қарадомалақтарды баптайтын жігіттерге ілтипатым екенін айтпай отыра алмаймын. Сондай азаматтың бірі Мамлют ауданындағы Бексейіт ауылында тұратын жаттықтырушы Амандық Нұрғожинді соңғы жылдары жарыстарда жиі жүздестіріп, шәкірттерінің айы оңынан тууына тілектес болып алған едім.

Зейнолла ӘКІМЖАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

 

Оны маған әуелі өзіммен бірге қызмет істейтін компьютер маманы Ақжол Балағанов сырттай таныстырған еді.

– Ертең облыс спартакиадасы өтеді. Сонда менің ауылдасым, өзімнің бапкерім болған Амандық Нұрғожин ағай шәкірттерін әкеліп, жарысқа қосады, – деді ол.

Ақжолдың әңгімесінен аңғарғаным – оның өзі, алдындағы ағасы Бек, інілері Орынбек, Бақытбек – бәрі де осы Амандықтың шеберлік дәрістерінен өткен шәкірттері екен.

 

– Ауыл мектебінің балаларын қалалықтармен күрестіріп, жұлдызымыздың жануына ағайдың сіңірген еңбегін ұмыта алмаймыз. Әрине, біз кейінде әр салада қызмет істеп жүрсек те, спортпен, әсіресе, күреспен шұғылданудың шынығуымызға, шымырлығымызға тиген пайдасы осы ағайдың арқасы, – деп Ақжол менің Амандыққа деген ынта-ықыласымды арттыра түскен.

Осы әңгімеден соң мен онымен неше мәрте кездесіп, ол жайлы айтылған лебіздің анықтығына көзім жетті.

Амандық бұрынғы Бескөл ауданының Үшкөл ауылында туыпты. Бұл – Кеңес Одағының Батыры Әбу Досмұхамбетовтің кіндік қаны тамған қоныс. Батырдың рухы қолдай ма екен, осы ауылдан шыққан жігіттер шетінен ер көңілді, жігерлі, намысқой деген лебіздер жиі айтылатын. Әрине, күрес десе ішкен асын жерге қояды көбі. Осындай ортада шыныққан шәкірт Амандық облыстық қазақ мектеп-интернатына оқуға келісімен, мұндағы күрес үйірмесіне жазылады. Оны баптаған күрес мамандары да кілең сайдың тасындай сайыпқырандар Уәлихан Нұркеев, Жамбыл Тасеменов және Владимир Абрамов еді. Әуелі еркін күреспен шұғылданған Амандық, кейін грек-рим түріне біржолата ден қойды.

Артынан әскери қызметте болғаны, педагогика институтының дене тәрбиесі факультетінде оқығаны бар, арада бес жылдай уақыт өткізіп барып, Бексейіт мектебіне осы пәннен мұғалім және жаттықтырушы болып орналасады. Жасыратын несі бар, әуелгі кездері қиындықтар жолын бөгеді. Жаттығу залы қораш, арнайы жабдықтар жоқтың қасы. Ондайда бала түгіл, мұғалімнің өзінің ұнжырғасы түседі ғой. Алайда, Амандық қиындықтарды желеу етуден аулақ болды. Ешкімге шағынбады да. Өзінің үлкен істі үндемей жүріп тындыратын машығымен ақырын жүріп, анық басты. Мектеп қабырғасында аталған атақты бапкерлерінен үйренгені, институтта даярланғаны бар, балаларды грек-рим күресіне баптай берді.

Тер тегін төгілмеген екен. Арада көп ұзамай, жақсы аты өңірімізге тарай бастады. Жарыстарда балаларының жолы болып, Бексейіт балуандарының даңқы дүркіреп шығатын болды.

Амандықтың әдіс-тәсілдеріне қаныққан балалары бапкердің ақыл-кеңесімен СҚМУ-дің дене тәрбиесі факультетіне түсіп, бүгінде он беске тарта оқушысы жоғары білім алған екен. Амандық бапкерлікті қолға алған отыз жылдан аса уақыттың ішінде отыздан аса шәкірті “Спорт шеберлігінен үміткер” атағын иеленді. Бұлардың ішінде Қазақстанның оқушы жасөспірімдерінің арасында жеңімпаз болғандары да бар. Берік Текебасов, Сағдат Қорғанбаев, Олжас Шаяхметов, Тастемір Сағдиев, Бауыржан Сәдуақасов осындай дәрежеге қол жеткізгенін облыстың күрес мамандары ризашылықпен айтып, олардың бапкерінің еңбегін жоғары бағалайды.

Ауыл мектебінің жағдайы да бүгінде өзгеріп, әсіресе, спортпен шұғылданушыларға жақсы болып қалды. Осы орайда оған “Мәмбетов және К” коммандиттік серіктестігінің жасаған жәрдемін айтпай кетуге болмайды. Биылғы 27 қазан күні Астанада “Білім меценаты” атағын иеленіп, күміс алқамен марапатталған серіктестік басшысы Еркебұлан Мәмбетовке мектеп ұжымы дән риза. Ол 2000 жылы кәсіпорын қамқорлығындағы мектеп жанынан спорт залын салғызып, оны қажетті жабдықтармен жарақтандырған еді. Әсіресе, балуандар қарық болып қалған. Әр балаға арналып киім алынды, залға күрес кілемдері әкелінді, жаттығу төсеніштері берілді, қосалқы баптау құралдарына қол жеткізілді.

Осыларды сыйға тартқан күні серіктестік басшысы ағалық ақ тілек арнап тұрып:

– Жолдарыңыз болып, жұлдыздарыңыз жансын! Жеңіс тұғырынан көрініңіздер! – дегенде, көріпкелдік танытқандай болған екен. Содан бері бексейіттік балғындар бәйгеден құр қалып жүрген жоқ.

Осы таяуда ғана Уәлихан Нұркеевті еске алуға арналған халықаралық жарыста Амандықтың шәкірті Тобыл Қорғанбаев жүлдегер атанды. Өткен жылы ол жеңіс тұғырының биік баспалдағына көтерілген, облыс жеңімпазы болған.

Оған биыл жартылай финалда Ақмола облысының Жақсы кентінен келген балуан тап болған екен. Тұлғасы Тобылдан әлдеқайда зор көрінді.

Менің аң-таң болып отырған сұраулы жүзімді аңғарса керек, Амандық:

– Ана бала осал емес. Қазақстанның жеңімпазы. Әрі салмағын қуғаны сезіліп тұр, – деді лажсыз.

Айтса айтқандай, кескен томардай кесек қарсыласының жанында Амандықтың шәкірті таймен жарысқан құлыншақтай болып көрінді. Алайда, қарсыласып бақты. Бірақ жолы болмай қалды.

Мен осы тұста Амандықтың ұстамдылығына риза болдым. Күйіп-піспейді, дауыс көтермейді.

– Балаға ұрсып, айғайлап жататын қазымыр жаттықтырушыларды да білемін. Жігерін жасытқанның пайдасы бар ма? Одан да үйрет, дұрыс бапта. Қателігін кейін айтып, ұғындыру керек қой. Жарыс үстінде жекіріп, жер-жебіріне жеткен емеспін, – дейді сабырлы қалыппен.

Сонда мен оның ұстаздық ұстанымын анық аңғардым. Отбасында да орнықты. Ауыл мектебінде ұстаздық ететін зайыбы Күнсұлумен бірге бес бала тәрбиелепті. Үлкен екі ұлы Манап пен Дархан әке жолын қуып, спортшы мамандығын иеленіпті.

Манап Бескөл ауылындағы “Парасат” мектебінде дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі, соған қоса күрес бапкері болса, Дархан Мамлют ауданындағы Ленин ауылындағы мектепте жаттықтырушы болып қызмет істейді.

Оның басқа шәкірттерінің ішінде Орынбек Балағановты да атап айтуға болады. Ол спортқа дарынды балалардың облыстық мектеп-интернатында жасөспірімдер мен жеткіншектерді баулиды. Осы орайда өзі айтарлықтай бір биікке көтеріліп, соған өзгелерді де жетелеп жеткізген Амандық Нұрғожин сынды жампоз жігіттерге риза боласың. “Бірінші санаттағы жаттықтырушы” атануы да осы еңбегінің жемісі екені даусыз. Оны достары “Жолы болғыш жігіт” деп тектен-тек айтпайтынын осыдан пайымдайсың. Алайда, қолы қимылдамайтынның жолы өзінен-өзі бола қалмайды ғой. Сондықтан, оның алдағы уақыттарда да жұлдызы жарқырай түсетініне кәміл сенімдімін.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp