“Халықтық IPO” туралы естіген бойда осы қаржы биржасына қатысуды жөн көрдім. Шыны керек, оның қолға алынуын көп тосып қалдық. Өзімнің жиған-тергенімді осы мақсатқа сақтап жүрген едім, бірақ жақында көлік алып, бар қаржымды соған жұмсап жібердім. Сөйтіп, “ҚазТрансОйл” АҚ-ның бағалы қағаздарынан құр қала жаздадым. Десек те, қолымда бар қаржыға оның 20 данасын сатып алып отырмын. Әлі де реті бола жатар, қолыма артық қаржы түссе, акция сатып аламын.
Өмірімнің 25 жылында тәртіп күзетінде қызмет етіп, зейнеткерлікке шыққаныма екі жыл болды. Енді алатын зейнетақыма ертеңгі күні қосымша табыс қосылса, мұртымды балта шаппас деп ойлаймын. Сондай-ақ маған осы қаржы биржасына қатысып, оның барысын бақылаудың өзі қызық. Бүгінгі 725 теңгеге сатылған “ҚазТрансОйл” компаниясының акциялары ертеңгі күні бірнеше есеге қымбаттап кетпесіне кім кепіл?! Ер жігітке тәуекел жарасады, сондықтан бүгінгі шешіміме еш өкінішім жоқ.