«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КӨРШІМІЗГЕ КӨЗ САЛЫП, үйреніп, үлгі алсақ қой!

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

2010 жылдан бастап Қазақстан Бокс федерациясының жарыстары өтіп келеді. Оған он төрт облыстың және Астана мен Алматы қалаларының құрама командалары қатысып, бас жүлдені сарапқа салады. Өкінішке қарай, біздің өңірдің боксшылары жекпе-жектердің алғашқы сынағынан-ақ сүрініп, көштен қалып қойып жүр.

Зейнолла ӘКІМЖАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Бокс Қазақстан спортының даңқын әлемге шығарғанын, өзге спорт түрлеріне қарағанда Еуропа, Әлем, Олимпиада жеңімпаздары елімізде бокста көбірек екенін шаршы алаңның шеберлері мақтаныш ететін. Расында да, Қазақстанның былғары қолғап шеберлері бұрынғы КСРО-ны айтпағанның өзінде, Тәуелсіз ел болғалы жиырма жылдың ішінде бес Олимпиада ойындарында, құрығанда бір алтын алқа иеленді. 2000 жылы Ермахан Ыбырайымов пен Бекзат Саттарханов қатар жеңімпаз болып, жұлдызымызды жарқырата түсіп еді ғой.

 

Біздің боксшылармыздың жетістіктерін Куба, Ресей сияқты бокс мықты дамыған елдердің мамандары да мойындаған. Алайда, осы мерейлі жетістіктерімізді айтқанда біз, солтүстікқазақстандықтар, бәрібір де күмілжіп қаламыз. Өйткені, өз өңіріміздің бірде-бір былғары қолғап шебері бұл табыстарымызға олжа салған емес. Облыстарда боксты жақсы дамытып, әлемдік деңгейдегі үздіктер қатарынан көріне түсу мақсатында еліміздің Бокс федерациясы өңірлердің бірде-бірін сырт қалдырмайтындай етіп жарыс ұйымдастыруды қолға алған еді. Осы мақсатпен биыл үшінші мәрте еліміз бойынша “Федерация кубогының” жарыстары өткізілуде.

Биылғы жекпе-жектер әлі аяқталмаса да, біздің өңір боксшыларының бұдан былайғы жарыстардан шығып қалғаны толғандырады. Және де өткен жылы да былғары қолғап шеберлеріміздің жолы болмай, қостанайлықтарға 2:8 есебімен есе жібергені есімізден шыға қойған жоқ.

Оқырманға түсінікті болуы үшін айта кетейік, өңірлер географиялық орналасуы бойынша жұптасқан. Мысалы, елдің батысында Атырау – Маңғыстау, Орал – Ақтөбе, шығысында Павлодар – Шығыс Қазақстан, үстігінде Шымкент – Жамбыл, теріскейінде Ақмола – Солтүстік Қазақстан болып топтастырылды. Биыл біздің боксшылар Көкшетауда шаршы алаңға шығып, тағы да ойсырай ұтылды. Есеп – 2:8.

Мұның мәнісін анықтап, тереңірек үңілу облыстық туризм және спорт басқармасының тікелей құзырындағы шаруа болса да, мәселеге мән беру мақсатымен хабарласқанымызда бірді-екілі бапкерлер сақтықпен болса да, кейбір жайттарды алға тартты. Олардың айтуынша, біздегі спорт мектептерінде балалар мен жасөспірімдер даярланады. Айталық, он сегіз жасқа дейін. Одан ересек жастағы боксшыларға бұл мектептер жауап бермейді. Олай болса, бапкерлеріміз өзге өңірлердің жағдайларын неліктен зерттемейді екен деген сұрақ туады. Олар ересек боксшыларды қалай және қандай орталықтарда жаттықтырады? Осыларды ойластыра келгенде, өңірімізде ересек боксшыларды даярлау ойдағыдай еместігі байқалады.

Бұрын облыстың ересектер құрамасын баптаған Виктор Окованцевтің орнын басқан Шойбек Қарағазиевтің де биыл жолы болмады.

Әрине, жылма-жылғы жекпе-жектерде өзгерістер болмай тұрмайды. Мысалы, Астана құрамасы “Федерация кубогының” 2010 жылғы алғашқы иегері бола тұра, өткен жылы алматылықтардан 2:8 есебімен ұтылса, биыл Талдықорғандағы жұпта жұдырықтасқанда тағы да жол беруге мәжбүр болды.

Алғашқы сында қостанайлықтарды 9:1 есебімен ұтқан Қарағанды облысының боксшылары ақмолалықтарға келгенде сүрінді. Бұл ширек финалда есеп 4:6.

Ал біздің облысты жерге қаратқан ақмолалықтар бокс мамандарының, әсіресе, еліміз құрамасының бас бапкері Мырзағали Айтжановтың оң бағасына ие болды.

27 қазанда Шымкентте Оңтүстік Қазақстан облысының және Алматы қаласының боксшылары қолғап түйістіріп, меймандар 1:9 есебімен жер шұқып қалды.

Өскеменде өткен осындай жекпе-жекте ринг иелері Алматы облысының боксшыларынан шеберлік асыра алмай, 3:7 есебімен ұтылуға мәжбүр болды.

Жетінші желтоқсан күні жартылай финалда Маңғыстау – Ақмола және Оңтүстік Қазақстан – Алматы облыстарының боксшылары рингте жүздеседі. Федерация кубогын осы жұптардың екі жеңімпазы 27 желтоқсанда Астана қаласында сарапқа салады.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp