Қазір қай істе болсын ең соңғы ақпаратпен қаруланған жанның аты озатын күн туды. Бұл ретте қала тұрғындарының Құдайы беріп тұр десе болады. Мұнда бүкіл газет-журналдар шоғырланған, теледидарды қоссаң, арналар көптігінен көз сүрінеді, оны көруге ерінгендері ғаламторға еніп, өзіне қажет ақпаратты ала алады. Ал ауыл халқының әсіресе, шалғай орналасқан елді мекен тұрғындарының ақпараттан біраз шетқақпай отырғаны рас.
Міне, осы теңсіздікті жою үшін бір жылдан астам уақыт бұрын Астанада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Ұлттық жерсеріктік “OTAU TV” телерадиохабар тарату желісі іске қосылған болатын. Осы уақыт аралығында ондағы абоненттер саны 6500-ден 180 мыңға жетті. Мұндай қарқынды халықтың соңғы жаңалықтан хабардар болсақ деген талпынысымен түсіндіруге болады. Өйткені, “OTAU TV” желісін бір рет қосқан адам қазақстандық барлық телеарналарды сандық сапада тегін көру мүмкіндігін алады. Әрі орталықтан арнайы сым тартудың қажеті жоқ. Желі жерсеріктік болғандықтан, алыстағы ауылда отырып-ақ кез келген телеарналарды арнайы қабылдағыштың көмегімен қабылдауға мүмкіндік бар.
“OTAU ТV” Солтүстік Қазақстан облысында қалай таралуда деген сұрақ төңірегінде “Қазтелерадио” акционерлік қоғамы филиалының директоры Ғалымбек Нұрбалиевпен әңгімелестік.
– Ғалымбек Қойшыбекұлы, Ұлттық жер-серіктік телерадиохабар тарататын “OTAU TV” желісі бір жыл ішінде ауыз толтырып айтарлықтай нәтижеге қол жеткізіпті. Оған біздің облыстың үлесі қандай?
– Шынымен де, бұл – өте маңызды жетістік, мұндай істі еңсеру оңай шаруа болған жоқ. Өйткені, ештеңе жоқ жерден, қысқа мерзім ішінде тұтынушылармен арада қарым-қатынас орнату, нарықты қабылдауыштармен (ресиверлер) қамтамасыз ету, делдалдармен арадағы әріптестік үрдістерді ұйымдастыру, қоғамның ішкі үдерістерін қайта құру керек болды. Өйткені, “Қазтелерадио” үшін тұрғындармен жұмыс істеу, оларға бөлшек қызмет түрін ұсыну – дамудағы мүлде тың, жаңа бағыт еді. Біз шынымен де мұндай нәтижеге жеткенімізді мақтан тұтамыз. Ел бойынша бір жылда 100 мың абонент қосуды “Қазтелерадио” 2011 жылдың басында, жоба іске қосылған кезде, алға мақсат етіп қойған болатын. Ол асыра орындалды. Біздің облыста осы уақыт аралығында 3600 абоненттің үйіне “OTAU TV” жерсеріктік желісін орнатып, оған өз үлесін қосты. Ауыл тұрғындарын желімен қамтамасыз ету – облыстық маңыздағы қалалардағы жағдайдан өзгеше екенін жақсы түсіндік. Өйткені, біз үшін басты сегмент – ауыл, себебі, қалаларда кабельдік болсын, эфирлік телекөрсетілімге болсын тұрғындардың қолы жетіп тұр. Ал ауыл тұрғындарының басым бөлігі әрі кетсе қазақстандық 4 арнаны ғана тамашалай алады. Сонымен қатар ауыл тұрғындарымен жұмыс істегенде: қала халқына қарағанда қалтаның жұқалығы, елді мекендердің тым шалғай орналасуы секілді қиындықтар туады. Ал бұл делдалдар желісінің дамуы мен қабылдағыш құралдармен қамтамасыз етуде өз ықпалын тигізеді.
– Облысымыздың ұлан-байтақ жерді алып жатқанын есепке алар болсақ, желіге қосуды ұйымдастыру жұмысында қандай әдіс-амалдар қолдандыңыздар?
– Тек өз күшімізбен бүкіл облыс аумағындағы қондырғыларды орнатып шығуға шамамыздың келмейтінін жақсы түсіндік. Сондықтан делдалдық желі арқылы жұмыс істеу стратегиясы таңдап алынды. Қазір біздің облыста қабылдау қондырғысымен (қабылдағыш, антенна, конвертер) жабдықтауға, монтаж жасап, құралды орнатуға құзырлы 24 лицензиялы дилер жұмыс істейді. “Қазтелерадио” өз тарапынан делдалдардың жұмыс сапасын қадағалап, тұрғындардан арыз-шағымдар түскен жағдайда шара қолданады. Абоненттер мен делдалдар арасындағы жұмысты үйлестіру үшін арнайы орталық құрылған. Орталықтың міндеті – тұрғындардан тапсырыс қабылдау, ол тапсырыстарды делдалдарға үлестіріп беру, ұлттық телехабар таратылымын дәріптеу мақсатында жергілікті атқарушы органдармен әріптестік қарым-қатынаста болу, арыз-шағымдарды қабылдау және оларды шешу болып табылады. Қазір лицензиялы делдалдар саны республика бойынша 500-ден асады.
– Енді “OTAU TV” жобасының тарихына қысқаша тоқталып өтсеңіз?
– 2002 жылдан бастап Қазақстан операторы “Қазақстан телекоммуникациясы” АҚ “Кателко Плюс” сауда белгісімен ақылы 60 телеарнадан тұратын топтама ұсына бастаған. Алайда, ескірген стандарт негізіндегі қызметтің халық арасында сұранысы азайып, тиісті деңгейде дамымаған соң 2010 жылдан бері жұрт жер-серіктік телехабар тарататын шетелдік операторларға қосыла бастады. Әрі бұл құбылыс нарықта кең таралатын сипат алды.
Сондықтан біз шетелдік операторлардың қазақстандық абоненттері отандық жерсеріктік телекөрсетіліміне қосылуға мүдделі болатындай етіп бәсекеге қабілетті артықшылықтарының болуын алға мақсат етіп қойдық. Соны ескере отырып, 2010 жылдың желтоқсан айынан бастап “Кателко Плюс” жерсеріктік телехабар тарату желісі жаңғыртудан өтіп, жаңа DVB-S2, MPEG-4 стандартына көшірілді, сауда белгісі “OTAU TV” деп өзгертілді.
– Мұндай шара қандай нәтиже берді?
– Ол жерсеріктік ресурсты оңтайлы пайдаланып, стандарттың сападағы телеарналар санын 84-тен 106-ға дейін көбейтуге мүмкіндік берді. Сонымен қатар 11 радиоарна мен 3 “HD” арна көрсетіледі. Әрине, “OTAU TV”-ның ерекшелігі сол – онда 44 отандық телерадиоарнадан тұратын тегін топтаманың болуы. Оның ішінде 14 облыстық телеарна бар. Радиоарналарға тоқталатын болсақ, абонент арналар тізімінен таңдап, теледидар арқылы радиоарналарды да тыңдай алады.
“OTAU TV” желісін қашықта жатқан ауылға жерсеріктік антенна орнатып, 37 теле және 7 радиоарнаны тегін көріп-естуге мүмкіндік беретін ақпарат тасушы деуге болады.
– Абонент бұл қызмет үшін қанша төлеуі керек?
– Абонент бір рет қана шығындалады, оның көлемі орта есеппен 0,9 м. антенна үшін 28 мың теңгені құрайды. Бұл ақшаға қабылдағыш жер-серіктік антенна, конвертор, сандық қабылдағыш (ресивер) пен қондырғыны орнату жұмыстары кіреді. Әрине, әрбір жағдайда қондырғының өндірушісі, монтаж жұмыстарының шарттары, абоненттің қосымша тілектеріне байланысты баға көлемі өзгеруі мүмкін. Әрі бұл баға шетелдік жерсеріктік телехабар таратылым желілеріне қосылумен салыстырғанда бәсекеге қабілетті деп айтуға болады.
– Төлем “Қазтелерадиоға” жасала ма?
– Жоқ, төлем – “Қазтелерадио” компаниясына емес, халықты қондырғылармен жабдықтап, ел арасына таратып, орнатумен айналысатын делдалдарға төленеді. Алайда, “Қазтелерадио” өз тарапынан атқарған жұмыстарының сапасы, абонент алдындағы міндеттемелерін орындауы, қызмет көрсетуі секілді талаптар бойынша делдалдардың еңбегін бақылап отырады. “OTAU TV” желісіне қосылуға өкілет алған дилерлер “Қазтелерадиода” тіркеуден өтеді. “Қазтелерадиода” абонент тегін топтамаға қосымша ретінде ақылы топтамаларды таңдаған жағдайда тек абоненттік төлем жасайды.
– Ақылы топтамаларға тоқталып өтсеңіз, олар тұрғындар үшін қаншалықты қолжетімді?
– Абоненттерге ақылы негізде: ойын-сауық, фильмдік, ақпараттық жаңалықтар, тарихи-географиялық, балаларға арналған сан түрлі тақырыптағы 60-тан астам танымал шетелдік телеарна ұсынылады. Ал абоненттік төлемдер таңдап алынған топтамаға байланысты, айына 1000 теңгеден 2000 теңгеге дейін. Сондай-ақ қосылған топтаманың түріне қарамастан 700 теңге тұратын “HD” топтамасын қосып алуға болады.
2011 жылы бұрнағы жылмен салыстырғанда ақылы топтамалар құнын екі есеге арзандатуға қол жеткізілді.
– Биылғы және алдағы жылдарға жоспарларыңыз қандай?
– Біздің филиал 2013 жылдың басына қарай абоненттер санын 8150-ге жеткізуді жоспарлап отыр. Бұл тапсырманы филиал дер кезінде орындайтынына сенімдімін, өйткені ол үшін кәсіби командамыз, өткен жылы жинақтаған тәжірибеміз, дилерлермен арадағы ысылған серіктестік қарым-қатынасымыз, ең бастысы ұжымның мақсатты түсінуі мен жұмысқа деген ынтасы бар. Ал республика бойынша “Қазтелерадио” 250 мың абонентке жетуді көздеп отыр. Өйткені, электронды бұқаралық ақпарат құралдары арқылы әсіресе, облыстың шалғай орналасқан елді мекендерін отандық ақпаратпен қамтамасыз ету, қала мен ауыл арасындағы ақпараттық теңсіздікті азайтып, халыққа еліміз бен облысымыздағы жаңалықтардан толыққанды хабардар болып отыруға мүмкіндік береді.
– Әңгімеңізге рахмет!
Істеріңізге сәттілік тілейміз!
Сұхбаттасқан
Тоқтар ЗІКІРИН,
“Солтүстік Қазақстан”.