«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ПАРИЖДЕ EXPO – 2017 КӨРМЕСІНЕ ҚАТЫСТЫ БАСПАСӨЗ МӘСЛИХАТЫ ӨТТІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Парижде 2017 жылы EXPO Халықаралық мамандандырылған көрмесін өткізуге кандидат қалалар – Астана және Льеж өкілдері жиналған баспасөз мәслихатында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Қайрат Келімбетов неліктен бұл көрмені Қазақстан астанасында өткізу керектігі жөнінде әңгімелеп берді, деп хабарлады ҚазАқпарат.

Ол Қазақстан өз Тәуелсіздігін 20 жыл бұрын алғанын және осы жылдары орташа табысы бар тез қарқынмен дамып келе жатқан елге айналып, айтарлықтай жетістікке қол жеткізгенін атап өтті. “Соңғы 15 жылда біздің жыл сайынғы ЖІӨ өсімі 7 пайызды құрады. Бұл – бүкіл ТМД елдерінің арасындағы үздік нәтиже. Бұл бізге өзіміздің болашағымыз туралы ғана емес, біздің бүкіл әлем алдындағы жауапкершілігіміз туралы ойлауға мүмкіндік берді”, – деді Қ.Келімбетов.

 

Ол Қазақстан Тәуелсіздігін алғаннан бері Семейдегі ірі ядролық полигонның қызметін тоқтату арқылы ғаламдық жауапкершілікті еңсеретін әлеуетін паш етті деп түсіндіріп өтті. Бұдан басқа, 2010 жылы Астанада ЕҚЫҰ-ның саммиті болып өтті. “Осылайша біз жаһандық қауіпсіздік саласындағы жауапкершілігімізді көрсетудеміз. Басқа сөзбен айтқанда, Қазақстан тек ірі көлемді шараларды өткізіп қана қоймайды, оны ғаламдық қауіпсіздік мәселелері де толғандырады”, – деп атап өтті Қ.Келімбетов.

Оның айтуынша, болашақта Қазақстан Мыңжылдықты дамыту және орнықты дамыту мақсаттары аясындағы мәселелерді шешуді көздейді, өйткені бұл идеялар қазақстандық тарапқа жақын болып табылады. “ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев “Жасыл көпір” бастамасын іске қосты. Соңғы “Рио+20” конференциясында бұл бастама өзінің өзектілігін дәлелдеді. Мәселе “жасыл экономиканы” тек Еуропада ғана емес, бүкіл әлемде дамыту бойынша еуропалық бастама туралы болуда. Астана әлемдегі “жасыл экономиканың” осындай орталығы болуға ниетті”, – деп атап өтті ҚР вице-премьері.

Бұдан басқа, маңызды дәлелдер арасында Қ.Келімбетов Қазақстанның Ресей, Қытай және Үндістанмен көршілес екенін атап өтті.

EXPO – 2017 көрмесінің Астанада өткізілуі Қазақстанда ғана емес, онымен көршілес елдердегі экономикалық сағаттың жүрісін өзгерте алатын тарихи маңызды оқиға болып табылады. Бұл – 2017 жылы EXPO Халықаралық мамандандырылған көрмесін өткізуге үміткер қалалар – Астана және Льеж өкілдерінің Париждегі баспасөз мәслихатында елорда әкімі Иманғали Тасмағамбетовтің пікірі.

EXPO – 2017 Халықаралық көрмесі Қазақстанда өткізілсе, Астана әкімдігі жалпы ауданы 113 гектар жер телімін белгілеп отыр, соның ішінде 25 га. – кешеннің өзі, қалған бөлігі көліктерді қоюға және сыртқы жабдықтауға, сондай-ақ EXPO-қалашыққа арналған.

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан жеңіске жетсе, Астанадағы көрмеге 100-ден астам қатысушы мемлекеттер жиналады, соның ішінде 10-ға жуық әлемнің жетекші ұйымдары болады. Үш айдың ішінде павильондарда 5 миллионға жуық адам болып қайтады. Бұл үлкен міндеттер, жұмыстар атқаруды талап етеді, содан кейін үлкен кірістер болмақ. Халықаралық көрме бюросының EXPO – 2017 көрмесін өткізетін ел туралы шешімі 2012 жылдың 22 қарашасында Халықаралық көрмелер бюросы Бас ассамблеясының 152-ші сессиясында шығарылады, мұнда 161 мемлекет құпия дауыс беру жолымен EXPO – 2017 көрмесі өткізілетін қаланы анықтайды.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp