«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

САФУАН СЫНДЫ ШӘКІРТТЕРІ БАР

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қойшыбай ШӘНИЕВ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

 

М.Ахметбеков атындағы орта мектепте осы білім ордасын 1943-1963 жылдар аралығында басқарып, ауыл мектебінің абыройын асқақтатқан Шияп Садықовтың атындағы математика кабинеті ашылды.

Лентаны салтанатты түрде қию құрметі Шәкеңнің Қызылжар қаласынан арнайы келген шәкірті Әсима Қожабекова мен Әмина Бекпасоваға бұйырды.

 

Бүгінгі жас ұрпақ: “Ш. Садықов деген кім? Білім ордасына ол кісінің сіңірген еңбегі қандай?” – деген сауал қоюы мүмкін. Сондықтан ұлағатты ұстаздың өмір жолынан аздап мағлұмат бере кетуді жөн көрдік.

Шияп Садықұлы 1913 жылы 16 маусымда дүниеге келген. Жасы он бірге толар-толмаста, айналасы қырық күннің ішінде әкеден де, шешеден де айрылып, жетім қалады. Өзінен екі жас ересек ағасы Шәймерден екеуі ашаршылықтың, жетімдіктің кермек дәмін ерте татып көп қиналады, соңында Балалар үйінен пана табады. Сауатын ашады. Балалар үйінің бірінен екіншісіне ауысуымен жүргенде ағасы Шәймерденнен көз жазып қалады.

Шәкең Омбы педагогикалық институтына оқуға қабылданып, математика пәнінің ұстазы деген мамандық алып шығады да, Майбалық орта мектебіне директорлық қызметке жіберіледі.

Сонда жас ұстаз Мисалым Мәтішқызымен танысады. Екі жастың көңілдері жарасым тауып, отбасын құрады.

Майбалық мектебінде Шияп Садықұлының алдынан тәлім-тәрбие алған шәкірті, Қазақстанның халық жазушысы Сафуан Шаймерденов ағамыз өзінің “Ағалардың алақаны” атты жинағында Шияп ұстазы жайлы тебірене сыр шертеді. Шияп Садықұлы мен Мисалым Мәтішқызының жарасымды жұптасуларын, олардың киім киістерін шынайы махаббаттың символы – қос аққуға теңеуі, тегін болмаса керек.

1940 жылы Шияп Садықұлы міндетті әскери борышын өтеуге шақырылады. Оқыған, көзі ашық, көкірегі ояу жас әскери өмірге тез үйреніп кетеді. Әскери дайындықтың үздігі атанып, өзгелерге үлгі-өнеге көрсетеді. Жауынгерлік сапта жүріп, Ұлы Отан соғысының қанды шайқасына бірден кірісіп кетеді. Әскери шені жоғарылап, лейтенант атағы беріліп, взвод командирі болып тағайындалады.

1942 жылы Шияп Садықұлы ауыр шайқаста жараланып, госпитальда емделеді де, толық сауығу үшін елге жіберіледі. Елге оралған ұстазды облыстық оқу бөлімі Ленин орта мектебіне (қазіргі М.Ахметбеков атындағы мектеп) директорлық қызметке жібереді. Ол отбасын Майбалықтан Ленин ауылына көшіріп әкеліп, бірден жұмысқа кіріседі. Жас басшы біліктілігі мен білімділігінің арқасында мектеп жұмысын дұрыс жолға қоя білді. Мектеп жанындағы интернатқа оқушылар қабылдағанда, әсіресе, тұрмыс жағдайлары нашар балаларға баса назар аударатын.

Ауыл тұрғындарымен түсіністік тауып, интернатқа сыймай қалған балаларды үйді-үйге орналастырып, олардың білім алып шығуларына мүмкіндік жасаушы еді.

Мектеп ұжымы да білімді, зиялы ұстаздардан құралды. Олар: Жанғали Құсайынов, Нұрсұлу Құсайынова, Ахметжан Қалиахметов және т.б.

Кейін барлығы да “Қазақ КСР-іне еңбек сіңірген мұғалімі” атақтарына ие болды. Ал Нұрсұлу Құсайынова – Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесіне депутат болып сайланды.

1943 жылы Шияп Садықұлы әскери комиссариатқа арыз жазып, екінші мәрте майдан даласына аттанады. Өзі взводымен ұрыстарға кіріп, көптеген елді мекендерді азат етуге көмектеседі.

Шияп Садықұлы Прага қаласында қоршауда қалған немістің үлкен гарнизонын талқандауға қатысып, 1945 жылы соғысты аяқтайды. Оның ерлік істері бірінші және екінші дәрежелі “Отан соғысы”, “Қызыл Жұлдыз” ордендерімен және көптеген медальдармен атап өтілген.

Жеңіспен оралған Шияп Садықұлы өзінің бұрынғы қызметін жалғастырып, жемісті еңбек етті. Ол басқарып тұрған кезде Ленин орта мектебінің абыройы асқақтап, атағы шартарапқа жайылды. Шәкірттерінің білімділігі алқалы жиындарда ауыз толтырып айтылып жатты.

Балалық шағы осы ауылда өтіп, Шәкеңнің алдынан білім алған тағы бір шәкірті Герольд Бельгер өзінің “Тас өткел” атты жинағында мынадай естелік айтады:

“… Бір кездерде Алматының жоғары оқу орындарында Ленин орта мектебін тамамдаған 45 түлек оқыдық”.

Мектепте берілген білімнің терең әрі сапалы болғанын осыдан-ақ байқауға болады.

1961 жылы Ш.С.Садықов облыс бойынша бірінші болып “Қазақ КСР-іне еңбек сіңірген мұғалім” атағына ие болды. Шияп Садықұлының түлектері арасынан жиырмаға жуық ғылым докторы, ақын-жазушылар, ірі қоғам қайраткерлері шыққан екен. Олардың арасында ақын-жазушылар Герольд Бельгер, Жарасбай Нұрқанов, Ермек Қонарбаев, Гүлсім Кәленова, Қоблан Хамзин, генерал-майор Әлімжан Ахмадин, Қазақстан КП орталық комитетінің әкімшілік бөлімін басқарған Анатолий Шалов, Қазақстан сыртқы істер министрінің орынбасары, Қазақстанның Венгриядағы елшісі болған Сәлім Құрманғожин, тағы басқалар бар.

Шәкеңнің зайыбы Мисалым Мәтішқызы да жетім көрсе жебеген алтын жүректі адам болған. Алматы қаласында тұратын педагог, ақын Гүлсім Кәленова “Ұстаз ұлағаты” деген кітабында Мисалым апайға ыстық ықыласын арнайды. Оның ақыл-кеңесін, “көйлек тіктіріп ки” деп қымбат мата бергенін, әлі күнге дейін ұмытпай, тасқа басыпты. Тағдыры Гүлсім Кәленованікіне ұқсас, ширек ғасыр Ақсу негізгі мектебін басқарған Қабиболла Рақымжанов ағамыздың да білім алып, маман болып қалыптасуына Шияп Садықұлының шапағаты тиген:

– Әкем ұлы Отан соғысынан оралмады. Жетімдіктің кермек дәмін бір адамдай татуыма тура келді. Ақсу бастауыш мектебін бітіріп, Ленин орта мектебінің бесінші сыныбына бардым да, интернатқа қабылдандым. Басқа түскен қиыншылықты бір сәт ұмытқандаймын…

Мектеп бітіретін кезде ойым он жаққа шашырап, қиналдым. Әрі қарай оқи аламын ба? “Өзі сырқат анам мені оқытуға жағдай жасай ала ма?” – деген ой маза бермеді.

Менің осындай күй кешіп жүргенімді сезген Шияп ағай кәсіподақ комитетімен келісіп, маған қаржылай көмек жасады.

Сол ақшаға бірсыдырғы киініп, Алматыға барып, оқуға түсіп кетуіме септігін тигізді. Жаны жәннатта болғыр Шияп Садықұлының мейірімі талай жетімді жебеп жетіліп кетулеріне мүмкіншілік берді ғой, – дейді Қабиболла Рақымжанұлы.

… Кабинеттің табалдырығын аттағаннан-ақ көзімізге алғаш түскені – төрде ілулі тұрған Шияп Садықұлының үлкен портреті. Өткір жанарымен ұрпақтарына сын көзбен қарап, сауал тастап тұрғандай…

Мектептегі игі шараның басықасында жүрген Шияп Садықұлының ұлы, аудандық мәслихаттың депутаты Досан Шияпұлы:

– Кезінде әкеміздің өзі қызмет еткен математика кабинетін толық еуропалық стандартқа сай жөндеуден өткіздік. Қабырғалары мен төбелері арнайы материалдармен қапталып, еденіне жұмсақ кілем төселді. Жаңадан екі есік ауыстырдық. Офистік үлгіде жарық тартылды. Жаңадан тоғыз парта мен он сегіз орындық, ұстазға арнайы үстел мен орындық сатып алынды. Осы шараға барлығы 850 мың теңге қаржы жұмсадық. Алдағы уақытта оқу жылының соңында педагогикалық кеңестің шешімімен математика пәнінен үздік деп танылған оқушыға 50 мың теңге шәкіртақы да тағайындап отырмыз, – дейді.

“Жақсының аты өшпейді” деген аталы сөз осындай жағдайда айтылса керек. Ұрпағы ұлағаттап атын кабинетке беріп, есімін есте қалдырып жатса, ат жалын тартып мінген шәкірттері Шәкеңді ардақтап, кітап жазып, естеліктерінде ыстық ықылас танытса, осының өзі ұстазға деген, оның рухына деген зор құрмет емес пе?!

Шал ақын ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp