Нұрлан ШАБДАР,
Облыстық экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің (қаржы полициясының) бастығы.
Сыбайлас жемқорлықпен күрес біздің елдің қазіргі даму кезеңінде жалпы мемлекеттік және стратегиялық міндеттердің бірі болып қалып отыр. Сондықтан да Қаржы полициясы агенттігі мен оның аумақтық бөлімшелері сыбайлас жемқорлықты анықтау, жолын кесу, алдын алу жөніндегі жұмыстарын қарқынды түрде жалғастыруда.
Сыбайлас жемқорлық, ең бастысы, азаматтарымыздың конституциялық құқықтары мен мүдделеріне шек қоятыны құпия емес. Сонымен қатар, ол қоғамның мемлекеттік институттарға және заңдылықтың негізін қалайтын қағидаттарға деген сеніміне селкеу түсіреді.
Осыған байланысты сыбайлас жемқорлықпен күрес – тек қылмыскерлерді жазалауға бағытталған батыл шаралар ғана емес. Бұл – ең алдымен мемлекет пен қоғамның сыбайлас жемқорлық көріністерінің алдын алу мен ескертуі бойынша күнделікті кешенді жұмысы.
Осы дертке қарсы тұру – Қазақстанның мемлекеттік саясатының маңызды басымдығы. Бірақ бұл істе табысқа жету үшін тек мемлекеттік органдардың жасап жатқан іс-әрекеті жеткіліксіз. Мұнымен, ең бастысы, азаматтар, қоғамдық институттар күресіп, өздерінің белсенді азаматтық ұстанымдарын күшейтулері қажет.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте жәрдемдескен азаматтарды көтермелеу бойынша нақты шараларды қабылдау туралы Елбасы 2011 жылғы 17 сәуірдегі Үкіметтің кеңейтілген отырысында атап айтқан болатын. Осыған байланысты біздің агенттік сыбайлас жемқорлықпен күрес саласында маңызды құжаттың сәйкес жобасын әзірлеген еді. Сөйтіп, биыл 23 тамызда Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық фактiсi туралы хабарлаған немесе сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте өзге де жолмен жәрдемдескен адамдарды көтермелеу қағидалары бекітілді. Оның мақсаты сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар мен қылмыстарды ашу және жолын кесуде азаматтардың рөлін және сыбайлас жемқорлықпен күресуге бағытталған шаралардың тиімділігін арттыру болып табылады. Қағидалар “Сыбайлас жемқорлықпен күрес туралы” заңның 7-бабы 2-1-тармағын орындау мақсатында қабылданды (Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық фактісі туралы хабарлаған немесе сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте өзге де жолмен жәрдемдескен адам Қазақстан Республикасының Заңнамасында көзделген тәртіппен көтермеленеді). Қағидалар сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте жәрдемдесетін адамдарды көтермелеу тәртібін анықтайды.
Көтермелеуге жататын сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте жәрдемдесу сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық немесе қылмыс жасау фактісі туралы хабарлауды, сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған іздеудегі адамның тұрған жері туралы ақпарат беруді және сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықты немесе қылмысты анықтау, жолын кесу және ашу үшін кейіннен маңызы болған өзге де жәрдем беруді қамтиды.
Көтермелеу тұлға берген ақпарат шындыққа сәйкес болса және айыпты адамға қатысты әкiмшiлiк жаза қолдану туралы сот қаулысы заңды күшіне енген жағдайда немесе айыптау үкімі заңды күшіне енген жағдайда немесе ақталмайтын негіздер бойынша істі қысқарту туралы қаулы шығарылған жағдайда ғана төленеді.
Біржолғы ақшалай сыйақының мөлшері сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық немесе қылмыстың ауыртпалығына сәйкес белгіленген.
Атап айтқанда, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар туралы әкімшілік істер бойынша біржолғы ақшалай сыйақының мөлшері 30 айлық есептік көрсеткішті (АЕК), онша ауыр емес сыбайлас жемқорлық қылмыстық істер бойынша – 40 АЕК, ауырлығы орташа сыбайлас жемқорлық қылмыстық істер бойынша – 50 АЕК, ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыстық істер бойынша – 70 АЕК, аса ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыстық істер бойынша – 100 АЕК құрайды.
Азамат біржолғы ақшалай сыйақыдан бас тартқан жағдайда оны көтермелеу грамотамен марапаттау немесе алғыс жариялау түрінде жасалады.
Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық фактiсi туралы хабарлаған немесе сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте өзге де жолмен жәрдемдескен әрбір азаматқа құпиялылық пен мемлекет қорғауы кепілдендіріледі.
Көтермелеуді қаржыландыру республикалық бюджет қаражаты есебінен жүргізіледі. Көтермелеу туралы материалдарды қаржы полициясы тергеушілері мен басқа да сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жүргізетін органдар көтермелеуге құқығы пайда болған күннен бастап 10 күн ішінде қалыптастырады және қарауға жібереді. Көтермелеу мәселелерін қаржылық құжаттарға қол қою құқығы берілген қаржы полициясы органдарының уәкілетті тұлғалары қарайды. Қаржы полициясы тиісті органының басшысы 5 жұмыс күні ішінде тұлғаға біржолғы ақшалай сыйақыны төлеу үшін негіз болып табылатын көтермелеу туралы бұйрық шығарады. Біржолғы ақшалай сыйақыны төлеу көтермелеу туралы бұйрық шыққан күннен бастап, 15 күн ішінде адамның жеке немесе өзге шотына аудару арқылы жүргізіледі.
Көтермелеуді алу мақсатында көрінеу жалған ақпаратты хабарлаған тұлға Қазақстан Республикасының Заңдарына сәйкес жауапкершілікке тартылады, оның ішінде қылмыстық жауапкершілікке дейін.
Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте өзге де жолмен жәрдемдескен адамдарды көтермелеу бойынша шетелдердің тәжірибесі туралы айтып кеткен жөн. Мысалы, Ресейде сыбайлас жемқорлық қылмыстарының алдын алу мен жолын кесуге жәрдемдескен тұлғаларды көтермелеу мәселесі бойынша заңнамалық база әзірленуде. Ал әлемдік бірлестікте ақпаршыларды қорғау сыбайлас жемқорлыққа қарсы БҰҰ-ның конвенциясында мақұлданған. Сондай-ақ 1999 жылы Еуропа Кеңесі сыбайлас жемқорлық бойынша азаматтық заңнаманы бекіткен болатын. Конвенция көптеген Еуропа елдерінде қабылданған. Аталған конвенцияның 9-бабы ішкі заңнаманың бөлігі ретінде ақпаршыларды жұмыспен қамту мен қорғауды қамтамасыз ету талабын қояды.
Ақпаршыларды қорғау және көтермелеу бойынша жұмыс АҚШ, Ұлыбритания, Ямайка, Индия, Ирландия, Жаңа Зеландия, Оңтүстік Африка елдерінде жүргізіледі.
Қорыта келгенде, біз тұрғындардың белсенді азаматтық ұстанымдарына және құқықтық саналарын танытатындарына үміт артамыз. Қабылданған жаңа қағидалар әлеуметтік өміріміздің ең қауіпті көрінісі – сыбайлас жемқорлыққа қатысты төзбеушілік ұстанымын әрі қарай қалыптастыруға септесетініне сенімдімін
Еліміздің әрбір азаматының өзіне белгілі болған қандай да бір сыбайлас жемқорлық қылмыс көріністері туралы қаржы полициясы органдарының “144” бірыңғай сенім телефонына хабарласып, өз хабарламасын қалдыруға мүмкіндігі бар екенін естеріңізге саламыз.
Анықтама
Солтүстік Қазақстан облысы бойынша қаржы полициясы департаментінің 2012 жылғы 10 айындағы жұмыс қорытындысы бойынша 44 сыбайлас жемқорлық қылмысы анықталды. 22 лауазымды тұлғаның сыбайлас жемқорлық қылмыстары әшкере болды, оның ішінде аудан әкімінің орынбасары – 1, ауылдық округ әкімі – 1, ішкі істер органдарының қызметкері – 1, АШМ бөлімшелерінің қызметкерлері – 2, білім беру жүйесінің қызметкерлері – 3, денсаулық сақтау – 1, әкімдіктің құрылымдық бөлімшелерінің қызметкерлері – 13. Жыл басынан сыбайлас жемқорлық қылмыстары үшін 14 адам сотталды.
Мысалы, СҚО бойынша ҚАЖД ЕС 164/9 мекемесінің бастығы Ю. Демьяненко мүлкін тәркілей отырып, 5 жылға бас бостандығынан айрылды. Ол өтелмеген жаза бөлігін жазаның жеңіл түріне ауыстыру жөнінде сотқа қолдаухат енгізу үшін бопсалаушылық жолымен Н. есімді азаматтан 8 мың АҚШ доллары мөлшерінде пара алған.
Петропавл қаласы ІІБ криминалдық полиция бөлімінің аймақтық-аумақтық тобының жедел уәкілі О. Теңісбаев 3 жыл 2 айға бас бостандығынан айыруға сотталды. Ол Г. есімді азаматтың ұлына қатысты бөтен мүлікті ұрлау фактісі бойынша тергеуге дейінгі тексеріс материалы бойынша оң шешім шығаруға болатыны туралы қоқанлоқы жасау және уәде беру жолымен оны ІІБ лауазымды тұлғаларына 1,1 мың АҚШ доллары мөлшерінде пара беруге азғырған.
Уәлиханов ауданы әкімінің орынбасары Б. Жолдыбаевтың дүние-мүлкі тәркіленіп, өзі 5 жылға бас бостандығынан айрылды. Ол 2008-2010 жылдар аралығында аталмыш ауданның кәсіпкерлік бөлімінің бастығы лауазымында қызмет атқара отырып, автокөлікті жалға алу бойынша қызмет көрсетудің жалған шарттарын жасап, 1,5 млн. теңгеден астам ақшалай қаражатты жымқырған.