«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“ТАМЫРЫМЫЗ”– ТАҒДЫРЫ БІР ТУЫСҚАН!

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Бәрімізге белгілі сол жылдары елімізге 2263 қалмақ, 6000 ирандық, 21150 түрік, 27833 балқар, 31000 белорус, 45529 қарашайлық, 53000 украиндық, 81495 литвалық, 89901 шешен-ингуш, 102000 кәріс, 441712 неміс жер аударылған. Мұндай құраммен адамның ең қастерлі сезімі – ізгілік араласпаса, ел болып кетуіміз неғайбіл еді.

Арайлым СМАҒҰЛОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әкемнің көрші ауылда ұлты неміс тамыры – Виктор тұратын. Аға-әпкелерім: “Доңғалақ айналса, Арайлым бірге айналады” деп мазақтаса да әкемнен қалмай неміс тамырдың үйіне жиі қонаққа барушы едім. Маған олар жақын туысымыз сияқты көрінетін. Әкемнің аты қақпаға жақындағанда-ақ, үй иесі жүгіріп шығып, қарсы алатын. Тамырлар бір-бірінен амандық-саулық сұрасып жатқанда, оның келіншегі мені жетелеп үйге кіргізетін. Дастарқанын жайып, алдыма барын қояды. Ішіне ел қонғаннан кейін ойын баласы қайбір тыныш отырсын. Тыпырши бастаған мені бақшасына жетектеп апарады. Гүлдің түр-түрін өсіруші еді. Маған әрқайсысынан қиып, гүл шоғын жасап береді. Оны үйге алып келіп, суға салып қоямын. Екі-үш күннен кейін солған гүлді далаға тастауға қимаймын. Ана кісі менің гүлді далаға тастағанымды білсе, ренжи ме деген ой ғой.

 

 

Иә, адам сыйлайтын кісісін ренжіткісі келмейді. Мен өз сыйластығымды осылай көрсететінмін. Біздің ауылдың (Жамбыл ауданындағы Үлгі ауылы) әр үйінің бір-бір тамыры болды. “Тамырыма барып келдім, тамырымнан әкелдім, тамырыма беріп жібердім” дейтін көпшілік. Оң мен солын танымайтын маған “тамыр” деген сөз түсініксіз көрінсе де: “Әкемнің тамыры. Ендеше бізге жамандық ойламайтын кісі” деген ой болатұғын. Қазір әр қарым-қатынастың астарынан саясаттың ізін іздейтін қоғамға бұл бір құбылыс болып көрінер, бәлкім.

Иә, этносаралық достық ол кездегі үкіметтің де бренді болатын. Бірақ адамның ішкі жан дүниесіне ғана тән сезімді бұйрықпен, ұранмен, қалыптастыра алмаймыз. Дулат Исабековтің “Социализм зәулімі” повесі осыны аңғартады. Араларынан қыл өтпес нағыз достық саясаттың назарына түспейді. Екі көршінің қарапайым қарым-қатынасы өзара сенім, сыйластық, түсіністік, құрмет арқылы қалыптасады. Бірінші күні бас изеп амандасса, екінші күні бір-бірінің хал-жағдайын сұрайды. Одан кейін мал-жанның амандығы… Ортақ көзқарас қалыптасқан шақта айтылар әңгіме таусылған ба?! Осындай күнделікті араласып-құраласып жататын таныстық “тамыр” болуға ұласып жатады. Өмір заңы. Сол себепті бұдан бренд жасаудың қажеті жоқ десек те, әлемнің әлем-жәлем қарым-қатынасынан қоғамдық түсінік бұзылмас үшін алдын алу шараларын жасауға мәжбүрміз. Ел игілігі үшін де.

Кейде, “тамыр” деген сөз қоғамдық түсінікте қалай қалыптасты деп ойлайсың. “Адамның күні – адаммен” екені белгілі. Алайда, ол қарым-қатынастың барлығын достыққа жатқызбаймыз. Неге қазақ өзге ұлт өкілдерімен достасса, оны “тамыр” деп атаған? Осы жерде “достық” пен “тамыр” деген сөздердің мағынасы бірдей болса да, соңғысын ғана қолданамыз. Үлкен апа-жездем осыдан он шақты жыл бұрын Германияға көшіп кеткен көршілерімен әлі күнге дейін хат-хабар алысып тұрады. Бұрынғы көршілері елге келсе, жездемнің үйіне тоқтайды. Бұлар оларды Құдайы қонағындай қарсы алып, мәре-сәре болады. Бұл да арадағы қашықтық та суыта алмаған сыйластықтың бір белгісі. “Тамыр” деген сөз күнделікті өмір түгілі прозамыз бен поэзиямызға да бойлай енген. Ендеше бұл – халықтық түсінік. Жуырда қостанайлық Серікбай Оспанұлының “Тамыр” өлеңін оқыдым:

Шығармаймын өткеннің

бәрін де естен,

Аз емес қой ай, жылдар

жалын кешкен.

Неге екенін білмеймін,

достасса егер,

Қазақ, орыс бір-бірін тамыр

дескен.

Баға берер әртүрлі

бұған әркім,

Аз емес қой достық бұл

сыналған күн.

Жолдасына “нәр алып

өсіп-өнер

Тамырымсың”, – дегені

шығар, бәлкім?

Тура мағынасында “тамыр” тереңде жатқан өсімдіктің бір мүшесі болса, қазақ пен өзгенің достығы үшін сырт көзден тасада, көңілдің төрінде, жүректің түбінде жатқан сезім екен ғой.

– Бізді Қазақстанға 1938 жылы жер аударды. Кәрістер алдымен Солтүстік Қазақстан облысына келгенімен, артынан Қызылорда облысына қарай көше бастады. Себебі, кәріс күрішсіз өмір сүре алмайтын халық қой (Шындықты әзілмен жеткізгенін түсіндіргендей, биязы жымиды). Азып-ашып жеткен біздің жағдайымыз айтпаса да түсінікті. Қызылорда облысында негізгі тұрғындары – қазақтар. Ата-аналарымыздың айтуынша, біз жергілікті халықпен тез тіл табысып кетіппіз. Себебі, біз де, қазақтар да сол кездегі саясаттың зобалаңын көріп отырған еді. Бір-бірімізді түсініп, бауырымызға тарттық. Білесіз бе, ол кезде тамақ тапшы, ішер ас жоқ. Бірақ қазақтың балаларымен ойнап жүріп, оның үйіне барсаңыз, не ас ішіп жатқанда үстінен түссеңіз, “төрлет” деп төріне шақырады. Өздері ішіп отырған асынан бөліп беріп, балаларымен бірдей тамақтандырады. Сол кезде жеген талқанның дәмі аузымнан әлі кетпейді. Қазақ халқымен жиі араласқандықтан мен қазақ тілін тез үйрендім, – дейді өңіріміздегі кәрістердің ақсақалы Алексей Ким.

Кейде мұндай қарым-қатынасты ғылыми тілмен: “Түрлі қоғамдық құрылымдар болса да, әр адам көршісімен тату тұрғысы келеді ғой. Халықтар бір-бірімен бейбіт жағдайда араласып тұрды. Бірінде жоғын екіншісінен алады”, – деп түсіндіргіміз келеді. Алайда, бұл анықтама да түрі, діні мүлде бөлек жандарды бір-біріне жақындастырған сезімді жеткізе алмайды-ау.

Сәбит Мұқановтың “Балуан Шолақ” повесін оқымаған адам кемде-кем шығар. Аталмыш шығармада басты кейіпкер Нұрмағамбеттің, яғни Балуан Шолақтың Андрей атты орыс баласымен достығын суреттеген тұсы бар. “Андрей мен Нұрмағамбет аса тату-тәтті боп, бірге туған адамдай болып өсті. Бірін-бірі есін білер шақтан танитын олар, сол шақтан бірге ойнайтын дос та болып кеткен еді. Қазақ арасында өскендіктен, қазақ тілін судай білетін, әрі мінезі жақсы Андрейді Нұрмағамбет бөтенсудің орнына жанындай жақсы көреді. …Әкесі өлгеннен кейін жалшылыққа тұруға бел байлаған Андрейді өз қасына алды. Ақылпарасатына жүйрік Андрей, дене күшіне әлсіздеу еді. Нұрмағамбет оны сонысын білгендіктен де, өзі жүрген байдың жұмысына шақырды.

– Бірге болайық, – деді ол Андрейге. – Жұмыста бірге жүрейік. Ауырына мен ие болармын, жеңіліне сен ие боларсың.

Жұмысқа бірігіп кіріскенде мысалы, соқа айдаса Андрей тұтқасын ұстады, шөп үйсе – төбесіне шықты, бидай соқса – веялканың құлағын айналдырды, қапшық көтерсе – түбін ұстатты…”.

Нұрмағамбеттің осы достық ықыласына Андрей қалай жауап берді?

Андрейдің ағасы Антонды өлтірмекші болғанда оны қорғаймын деп шабуылшылардың бірін өлтіріп алған Нұрмағамбетті Андрей былай қорғайды.

“– Өлер ағам өлді, – деді ол,– Пропадкаға жуыма деп ем, тіл алмады. Ақыры басына жетті. Енді оның өліміне нақақ біреуді күйдірмеу керек…

– Кімді?..

– Мына, Нұрмағамбетті!.. Бұның жазығы – Антонға болысу. Ол үшін жаза тартуы әділетсіздік болар еді.

– Өзінің жорамалы расқа шығып, жау жағынан біреуі өлсе, жазаны амалсыз тартады да:

– Ол тартпайды, мен тартам!

– Неге?

– Қалай?!

– Туыс менікі. Оның ісіне өзге емес, мен күюге тиіспін. “Жаудан кісі өлсе, “өлтірген менмін” деп мойныма алам…

Бұлай босанғысы келмеген Нұрмағамбетті ол достық қолқасын салып, әрең көндірді”.

Мұны мысал ретінде алғанымның бірден-бір себебі әдебиет әуезді де, әсерлі тілмен жазылса да, тарихтың бір саласы іспетті. Әйтпесе, қоғам айнасы атанбас еді ғой. Осы арқылы өмірде барлығының мәнін сөзбен түсіндіруге болмайтындығын түсінесің. Еш себепсіз қамқор болу, еш себепсіз құрметтеу, сыйлау, еш себепсіз сүю… Еш себепсіз. Бірақ кез келген дүниенің астарынан сыр іздейтін “әдетіміз” бар. Осының кесірінен адамзат кешегі мен бүгінгі шындықтан алыстап бара жатқандай. Барлық мағынада. Оның ішінде этносаралық достық та бар. Әйтеуір, біздің елімізде кешегінің зобалаңын көрген аға буынның көзі тірі болғаны, олардың ақылын естір құлақтың барлығы қуантады. Еліміз Тәуелсіздік алып, өз алдына дербес мемлекет болғанда, өзге этнос өкілдерінің бірі үдере көшсе, екіншілері әуресарсаңда жүрді. Сол кезде ел ішіндегі осындай толқуларды басу үшін жергілікті билік этно-бірлестіктердің жетекшілерін, ақсақалдарын тартқан екен. Петропавл қаласының орталық алаңына жиналған осындай халықтың алдында аузы дуалы ақсақалдар бірінен соң бірі сөз алып, басу айтқан көрінеді. Солардың соңы болып ортаға шыққан өңіріміздегі кәріс қауымдастығының көрнекті өкілі болған Феликс Сим: “Достарым! Біз қиын кезеңде еш нәрсеге таласпай, керісінше, қолымызда барымызды бір-бірімізбен бөліспеп пе едік? Бүгін біз өмір сүріп жатқан ел тәуелсіз ел болып жатса, бұл біздің үдере көшуімізге себеп емес. Осы жерге тамырымызды тараттық. Ендеше, ұрпағымыздың амандығы үшін, Отанымыздың өркендеуі үшін бірлесіп еңбек етпейміз бе?” – дегенде, сөз сөйлеген әр адамның айтқанын жақтырмай, дауласып жатқан халық сап тыйылыпты. Шындыққа мойынсынды. Осы бір оқиғаны татар-башқұрт қауымдастығының өкілі Раиса Бикмұхамбетова баяндап беріп еді. “Аштықта жеген құйқаның дәмі кетпейді” деп бекер айтпайды ғой. Сол кезде қалыптасқан достықтың да мәні ерекше. “Қырық атан ұстағанша, қырық тамыр ұста” деген қазақ қателеспепті. Не десек те, географиялық жағынан бізбен “төскейде малы, төсекте басы қосылмаса да” саясаттың құрбанына айналып, жерімізге қоныс аударған өзге ұлт өкілдерінің бізбен достық қарым-қатынасы ерекше. Бұған басқа түскен ауыртпашылықты бірге көтергендігі де себеп болар. “Адамдарды қайғы біріктіреді” демей ме? Біз табиғатымыздан қайғы мен қасіретте қолда бар алтынның қадір-қасиетін жете түсінеміз. Ендеше, қан мен тер, жас пен қуаныштың қоспасынан қабырғасы қаланған еліміздегі этносаралық достықтың өміршеңдігінің бірден-бір себебі – іргесінің мықтылығында, тамырының тереңде жатқанында деуге толық негіз бар!

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp