«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ШРИ-ЛАНКАНЫҢ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ МӘДЕНИЕТ КҮНДЕРІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Астана қаласындағы Бейбітшілік және Келісім сарайында Шри-Ланканың Қазақстандағы Мәдениет күндері аясындағы концертті тамашалауға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Шри-Ланка Демократиялық Социалистік Республикасы (ДСР) Президенті Махинда Раджапаксе келді, деп хабарлады Қаз-Ақпарат.

Бұл шаралар Қазақстан Республикасы мен Шри-Ланка ДСР арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың 20 жылдық мерейтойына арналған.

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген Шри-Ланка Республикасының Президенті Махинда Раджапаксамен кездесу өткізді. Шри-Ланка Президентінің Қазақстан мен Орталық Азияға алғашқы сапары біздің мемлекетпен өзара тиімді ынтымақтастық орнатуға бағытталған. Кездесу барысында тараптар саяси өзара іс-қимыл мен сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени-гуманитарлық серіктестік мәселелерін талқылады.

 

Қазақстан Президенті Астана мен Коломбо жаhандық және өңірлік қауіпсіздіктің негізгі мәселелері бойынша ұқсас ұстаным ұстанатынын атап өтті.

Мемлекет басшысы М.Раджапаксаға Қазақстанға алғашқы сапар жасау туралы шақыруын қабыл алғаны үшін алғысын айтты. Өз кезегінде, Шри-Ланка Президенті бүкіл делегация атынан Қазақстан Президентіне Астанада көрсеткен қонақжай қабылдауы мен жылы сөзі үшін ризашылығын білдірді.

Қазақстан мен Шри-Ланка сауда экономикалық байланыстарға жаңаша серпін береді. Ақордада елімізге мемлекеттік сапармен келген Шри-Ланка Демократиялық Социалистік Республикасының Президенті Махинда Раджапаксамен кездесуден кейін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осылай мәлім етті. Екі ел арасындағы сауда-саттықтың төмен болғандығын атап өткен Елбасы мемлекеттер арасындағы жеміс-жидек, көкөніс, жеңіл және тамақ өнеркәсібі тауарларын, зергерлік және керамикалық бұйымдардың импортын арттыруға мүмкіндіктер бар екендігін баса айтты.

Елбасы шриланкалық іскер топты еліміздің Үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасына қатысуға шақырды. Осы ретте Мемлекет басшысы таяу аралықта екі ел арасында базалық экономикалық келісімге, оның ішінде инвестицияны өзара қорғау және қосарланған салық салуға жол бермеуге бағытталған құжатқа қол қойылатындығын атап өтті. Сонымен қатар Елбасының айтуына қарағанда, екі ел арасындағы ынтымақтастықты дамыту жөніндегі үкіметаралық комиссия құрылатын болады.

Мемлекет басшылары келіссөздерінің қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Шри-Ланка Демократиялық Социалистік Республикасының Үкіметі арасында туризм саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды.

Махинда Раджапакса Нұрсұлтан Назарбаевты Шри-Ланкаға алғашқы мемлекеттік сапар жасауға шақырды.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp