Кеше Астанада үш күнге жалғасатын ІІІ Еуразиялық Әйелдер саммиті өз жұмысын бастады.
“Бүгінде ерлермен тең дәрежеде “Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамын” 3 миллионнан астам әйелдер құруда. Олардың басым бөлігі жеке бизнес бағытында табысты жұмыс істеп жатыр. ЖІӨ-ні қалыптастыруда олардың үлесі 40 пайызға жуық көрсеткішті құрап отыр”, – деді ҚР Президенті жанындағы Әйелдер ісі және отбасыдемографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрайымы Гүлшара Әбдіқалықова саммит барысында.
Сонымен қатар ол әйелдердің саяси рөлін ерекше атап өтті. Парламент Мәжілісіне соңғы сайлау нәтижесінде депутат атанған әйелдер саны 1,4 пайызға артып, 24 пайызға жетті.
Гүлшара Әбдіқалықова Кеден одағындағы кәсіпкер әйелдердің әлеуетін арттыру керектігін айтты. Осы орайда Г. Әбдіқалықова идеялар мен тауарлардың әйелдер жәрмеңкелерін өткізудің аумағын кеңейту жөнінде ұсыныс жасады.
Қазақстанда БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің “Әйелдер, бейбітшілік және қауіпсіздік” қарарын іске асыру басталмақ. Бұл өз кезегінде әйелдердің бітімгерлік операцияларға қатысуын қамтып отыр. Саммитте Г.Әбдіқалықова осылай айтты. Оның пайымдауынша, қоғамда аталған қарар тек қақтығыстық ахуал орын алған елдер үшін ғана деген қате түсінік қалыптасқан.
Айта кетейік, бұл шара ҚР Президенті жанындағы Әйелдер ісі және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның қолдауымен “Қазақстанның іскер әйелдері қауымдастығы” республикалық қоғамдық ұйымы ұйымдастырып отыр.
Саммит тақырыбы “Қоғамды әлеуметтік жаңғыртудағы әйелдер жетекшілігі” деп аталады. Бұл алқалы жиынға еліміздің барлық өңірінен 350 адам келді, сонымен қатар оған Катар, Ресей, Беларусь, Украина, Өзбекстан, Қырғызстан мемлекеттерінен қонақтар қатысуда.
Жиын аясында “Іскерлік және экономикалық дағдыны дамыту жолымен әйелдер мүмкіндігін кеңейту” тақырыбында халықаралық конференция өтеді. Оның барысында бірқатар сессиялық отырыстар ұйымдастырылмақ.