«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

4500-ден АСТАМ КИНОТУЫНДЫНЫ САҚТАҒАН мұндай орталықты жөн-ақ шығар мақтаған…

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Қызылдардың көсемі Владимир Ленин кино өнерін “барлық өнердің маңыздысына” балап, халықты бір шоқпардың астында ұстаудың тәсілі ретінде пайдаланғаны тарихтан белгілі. Әр адам зауыттың бір бұрандасы деп есептеліп, жаппай жұмысқа тартылған уақытта халықтың көңілін бір марқайтатын комедиялар мен мелодрамалар жарық көрген. Шекспирдің “Гамлеті” мен “Макбет” сынды кинокартиналарға шектеу қойылғанды. Тарихи картиналар түсірілсе, тек “Амангелді” (М.Левин, 1938 ж.), “Чапай” (ағайынды Васильевтер, 1934 ж.) сынды революциялық фильмдер жарық көрді. “Алғашқы мұғалім” (реж. Андрей Михалков-Кончаловский, 1965 ж.), “Қараш-қараш оқиғасы” (Болотбек Шамшиев, 1968 ж.), ұжымшарлар мен кеңшарларда қара жұмысқа салынған бір отбасының қилы тағдырын көрсеткен М.Бегалиннің “Тұлпардың ізі” (1957 ж.) сынды көркемсуретті туындылар көп уақытқа дейін шаң басқан қоймаларда жатқаны да жалған емес.

 

Бүгінгі алдыңғы толқын ағалар ауылдық Мәдениет үйінің үлкен экранында көрген үнді фильмдерін бақытты балалық шағының бір көрінісі ретінде әлі де естерінде сақтауда. Ол уақытта әрбір ауданда өзінің киноқондырғылары болып, кино халық тұрмысымен етене жақын болды. Кешқұрым сауын малды жайғастырып, аналарымыз бен әкелеріміз бар жақсысын киіп, жұрттың соңынан фильм тамашалауға баратын кез бір дәстүрдей болып көрінген. Әр ауданның өзінің кино көрсететін маманына дейін болатын. Тіпті, бұл мамандық тұрғындар, әсіресе, жастар арасында лайықты жұмыс саналғаны жалған емес. Облысымызда сол жылдары көрсетілген барлық фильмдердің таспалары қазіргі кинобейне қорды сақтау және пайдалану орталығынан алынған.

– Ол кезде жұмыс қызу жүретін. Облыс бойынша 500 киноқондырғы болатын. Кемінде 70 адам қызмет ететін. Бейне-инженер, фильмді тексеретін адам, оператор, қондырғыны орнататын мамандықтар болатұғын. Бастапқыда Киров атындағы зауыттың маңында орналасқан бұл мекеме 1971 жылы арнайы салынған ғимаратқа көштік. Бұл ғимаратта таспаның ұзақ уақыт сақталуы үшін ауа ылғалдылығы, жарық сынды барлық шарттар сақталған, – дейді кинобейне қорды сақтау және пайдалану орталығының директоры Владимир Семенцов.

Мәскеулік кино сарапшылардың тексерісінен кейін бұрынғы КСРО-ның барлық аумақтарына жөнелтілген кино-туындылар өз ішінде бөлінген. Әр облыстың тұрғындарының ерекшелігіне сай фильмдер де іріктелген. Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің тексерісінен өткен фильмдер ғана көрсетілген. Егер де қандай да бір фильмдерде анайы, діни немесе зорлық-зомбылық көзқарастағы кадрлар болған болса, ол кадрлар қиылғаннан соң ғана көрермендерге ұсынылғанын айтады Владимир Семенцов. Кеңестік кинотуындылардың 90 пайызы қайта монтаждан өткізілген. Ал шетелдік кинолардың тең жартысының көзге ерсі көрінетін кадрлары қиылған.

– Ол кезде үнді фильмдеріне сұраныс көп болатын. Қызметкерлер, тіпті, аудандарға таратып та үлгермей жататын. Бір ауданда көрсетіліп жатса, екінші ауданның ауылы фильмдерді сұрап жататын. Режиссер Леонид Гайдайдың комедиялары мен Владимир Мотыльдің “Белое солнце пустыни” фильмдері көп көрсетілді , – дейді ол.

90-шы жылдар орталыққа оңай тимеді. Жаппай жұмыссыздық, қаражаттың жоқтығы бұл орталықтың да құлдырауына әкеп соқты.

– 1992 жылға дейін орталық әдеттегі жұмысын бірқалыпта ұстап тұра алды. Аудандарға барып, кинотуындыларды көрсетіп жүрдік. Күн көруге аз да болса қаражатымыз болды. Бірақ жұмыссыздық өз дегеніне жетті. Бытырап кетудің аз-ақ алдында тұрдық. Егер де өзіміздің ғимаратымыз болмағанда мүлдем өз қызметімізді жояр ма едік? Кино таспаларды сақтайтын арнайы ғимаратымыз болғандықтан, фильмдер сақталды, – деген орталықтың директоры Владимир Семенцов орталықтың алтын қоры сақтаулы қойманы көруге ұсынды.

Тастай қараңғы дәліздерден өткен соң іші темір дөңгелек қалбырларға толы қоймаға да жеттік. Қазқатар тізілген сөрелерде әрбір фильм кітапханадағы кітаптар сынды бірінен соң бірі алфавиттік тәртіппен орналасқан. Көптен бері көрермендерге көрсетілмеген фильмдердің қалбырларын әбден шаң басқан. Арасында ширек ғасырдан бері адамның қолы тимеген фильмдер де кездеседі.

Мультфильм, деректі, ғылыми-көпшілік, көркемсуретті фильмдері бар орталық қазақстандық режиссерлердің кино- туындыларына бай. Жерлес режиссер Аяған Шәжімбаевтың “Жансебілі” (1991 ж.), Мәжит Бегалиннің “Оның уақыты келеді” (1957 ж.), “Мәншүк туралы ән” (1969 ж.), Шәріп Бейсембаевтың “Арман атаман” (1967 ж.), Абдолла Қарсақбаевтың “Менің атым – Қожа” (1963 ж.), Шәкен Аймановтың “Атаманның ақыры” (1970 ж.) сынды кинотуындыларын кездестіруге болады. Шәкен Аймановтың 1953 жылы түсірген “Махаббат туралы аңыз” фильмінің көшірмесіне дейін сақтаулы орталықты отандық киноөндірістің тарихы сақталған мәдениет ошағы десек, жаңылыспаспыз. 1992 жылдан бастап фильмдерді сатып алуды доғарған орталықта 1992 жылға дейін елімізде түсірілген кинотуындылардың тең жартысының көбі сақтаулы. Мәселен, қазақ кино тарихына “Жаңа толқын” бағытымен белгілі режиссер Дәрежан Өмірбаевтың “Қайрат”, Серік Апрымовтың “Қиян”, Ардақ Әмірқұловтың “Абай” сынды өз кезінде әлемді дүр сілкіндірген кинотуындылары бар. Тіпті, өз кезінде “Қазақфильм” киностудиясы кейбір фильмдерді сатып алуға үміттенген екен. Бірақ әр фильмді көзінің қарашығындай сақтаған орталық басшылығы қордағы бірде-бір фильмді сатқысы келмейтіндігін айтқан екен.

Орталықта саламатты өмір салтына байланысты – 29, СПИД және есірткі тақырыбында – 21, “Қазақфильм” киностудиясы түсірген деректі фильмдерден 133 туынды бар. Сондай-ақ отандық киностудия түсірген көркемсуретті фильмдер саны 58-ден асса, 26-дан астамы мультипликациялық туындылар болып табылады. 2228 фильм кеңес өкіметі кезінде түсірілген екен. 1160-ы – шетелдік кинотуындылар. 40 орынға шақтаулы шағын кинозалы бар орталық ғимаратының ескіргені бірден байқалады. Қаланың сыртында орналасуы да орталықтың тұрғындар арасында сұранысқа ие болуына тосқауыл болуда. Десек те, орталықтың өз көрермендері санаулы болса да бар.

Облыс әкімдігінің қарамағындағы орталық бүгіндері таспадағы киноленталардың электронды нұсқасын жасауға кірісіп-ақ кеткен. Осылайша жылдар бойы сақталған халық қазынасын өскелең ұрпаққа таратудың түрлі тәсілдерін пайдалануды көздейді.

– Шетелдің атыс-шабысы мен зорлық-зомбылығына толы киноленталардан тәрбие алатын өскелең ұрпақтың қандай болары белгілі. Сондықтан өскелең ұрпаққа мейірімділік пен ұлттық құндылықтар негізінде түсірілген классикалық туындыларды көптеп көрсету қажет, – дейді орталық директоры.

Орталық болашақта да өз ісін тоқтатпақ емес. Бүгіндері барды болашақ ұрпаққа жеткізуді көздейді олар. Себебі, кино өнері ұлттың тарихын әспеттейтін қазынадай.

СУРЕТТЕ: кинобейне қорды сақтау және пайдалану орталығының директоры В.Семенцов.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

 

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp