«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӨЗ ЖЕТІСТІКТЕРІМЕН ОҚУШЫЛАРЫНА ӨНЕГЕ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Думан Серғалиев – М. Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің дене шынықтыру факультетінің түлегі, грек-рим күресінен спорт шебері. Ол сияқты білікті де білгір мамандар жас жеткіншектерді спортқа бейімдеуде үлкен үміт күттіреді. Сондай-ақ білім беру мекемесінің техникалық базасы жақсы болса, нұр үстіне нұр. Думан Серғалиұлы Мамлютка қаласында 2009 жылы ашылған қазақ мектеп-интернатында ауыр атлетикадан жаттықтырушы және осындағы спорт кешенінің меңгерушісі болып еңбек етеді. Ол спортты бала күнінен таңдаған. Облыстық спортқа дарынды балаларға мамандандырылған мектеп-интернатты бітіргеннен кейін жігіт өңіріміздің Покровкадағы ауыл шауашылығы колледжінің дене шынықтыру факультетін тамамдап, бес жыл өз мамандығы бойынша аталмыш ауданның Қызыләскер ауылындағы мектепте ұстаздық еткен. Аудан орталығында жаңа мектеп ашылған 2009 жылы ол сонда жұмысқа шақырылады.

 

– Шындығында материалдық базасы өте жоғары мектепте жұмыс істеудің өзі ғанибет. Ойын баласын не қызықтырады? Әрине, қозғалыс, белсенді өмір. Ал біздің мына жаңа мектеп спорттық құрал-жабдықтарға өте бай және үш бірдей спорт залы бар. Бір ауысыммен оқитын балалар таңертең сабақтарын оқыса, түстен кейін түрлі жаттығулар мен секцияларға қатысады. Балалардың спортқа деген ынтасы өте жоғары. Мұнда интернатта тұрып оқитын басқа елді мекендердің балалары көп. Олар бұрын дәл осындай жабдықталған мектепте оқыған жоқ. Оқушылар спорттық жаттығулар мен ойындарды босатпайды. Мектебімізде бес жаттықтырушы мен дене шынықтыру пәнінің үш мұғалімі бар. Яғни, бізде спорттың әр түрі дамытылады. Біз тек жұмыс істеу тәсілдері мен балаларды спортқа қызықтыру амалдарын жүзеге асыра білсек болғаны. Мемлекетіміз білім саласына осыншама көңіл бөліп, жағдай жасап отырған кезде, енді біздің жоғары нәтижелер көрсетпеуіміз ұят болады, – дейді ол.

Бүгінде аталмыш білім беру мекемесінде баскетбол, волейбол, ауыр және жеңіл атлетика, грек-рим күресі, қыздар мен ұлдардың еркін күресі, ұлттық ойын түрлерінен жаттығулар кестесі белгіленген. Осы спорт түрлерінен оқушылар түрлі сайыстарға қатысып, жақсы нәтижелер көрсете бастаған. Әрине, үш жылдық қана тарихы бар ұжым үшін бұл – мақтанарлық жайт. Биыл олар грек-рим күресі мен дартс ойындары бойынша өңір оқушылары арасында өткен спорт сайыстарында жүлделі орындарға ие болды.

Думан Серғалиев спорттан бағындырған биіктерімен шәкірттеріне үлгі бола алады. Ол талай рет облыстық сайыстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болған. Мысалы, ол 2006 грек-рим күресінен үшінші орын алса, 2008 жылы екінші орынды еншілеген, ал 2007 жылы қазақша күрестен облыс чемпионы атанған. Ендеше, осындай тәлімгері бар, материалдық базасы көз қызықтыратын мектептен әлі талай жақсы спортшылар шығады деген сеніміміз зор.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp