Өткен жылы Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен қуат тиімділігін арттырудың 2012-2015 жылдарға арналған кешенді жоспары бекітілді, биылғы жылдың 13 қаңтарында қуат үнемі және қуат тиімділігін арттыру туралы заң қабылданды. Еліміздегі қуат тиімділігін арттырудың осы кешенді жоспарына сәйкес жергілікті атқарушы органдарға 2012 жылдың қарашасына дейін қуат үнемінің кешенді жоспарын жасау міндеті жүктелген болатын.
Тоқтар ЗІКІРИН,
“Солтүстік Қазақстан”.
Облыс әкімінің орынбасары Қайрат Бекеновтің төрағалық етуімен қуат үнемі мен қуат тиімділігін арттыруға арналған кеңесте осы мәселе қаралды. Облыстық басқармалардың, табиғи монополия субъектілерінің басшылары мен қуат сарапшылары қатысқан бұл жиында алдымен облыстық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы бастығының орынбасары Хасип Сюникаев қаралған мәселе бойынша хабарлама жасады.
Онда айтылғанындай, облыс әкімдігі 2012-2015 жылдарға арналған қуат үнемдеудің кешенді жоспарын жасаған. Оның барысына жарты жылда бір рет бақылау жасалып отырады. Қуат үнемінің өңірлік жоспарында оны барлық салада, атап айтқанда, өндірісте, бюджеттік ұйымдарда, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық секторында, көлікте және құрылыста жүзеге асыру көзделген.
Қуат ресурстарының 1500 тонна және одан да көп шартты отынын тұтынатын мемлекеттік қуат тізіміндегі субъектілер 2015 жылға дейін, ал мемлекеттік мекемелер 2013 жылға дейін қуат аудитінен өтуге тиіс. Ондағы мақсат – қуаттың шығынды тұстарын анықтап, оның үнемді жолдарын көрсету. Алайда, кеңесте бұл жұмыстың әзірге кең өріс ала алмай отырғанын Қайрат Бекенов қадай айтып, әсіресе, денсаулық сақтау, білім беру мекемелерінде қуат үнемі мен оның тиімділігін арттыруға жеткілікті көңіл бөлінбей отырғанына назар аударды.
“СевКазЭнерго” АҚ-ның құрамындағы кәсіпорындар тобының қуат үнемдеуге 2011 жылы – 1726 млн. теңге, ал 2012 жылы 7656 млн. теңге жұмсап, екі жылдың ішінде 20,2 мың тонна шартты отын үнеміне қол жеткізгендері, әрине, құптарлық іс. Алайда, бұл жұмыс оны өндірушілерді ғана емес, барлық саладағы қуат көздерін пайдаланушыларды да қамтығаны дұрыс. Ал олардағы нақтылы жағдайды білу және соған байланысты үнем жұмыстарын жүргізуді қолға алу үшін аудит тексерістері қажет. Облыс әкімінің орынбасары қуат үнемі әдістемесін жасау керектігін айтты.
Кеңесте “Петропавл жылу желілері” АҚ-ның директоры Андрей Калиничев қуат үнемі жайында өз пікірлерімен бөлісіп, тұтынушыларға жылу жеткізуді жақсарту арқылы оларда 10-15 пайыз электр қуаты үнеміне қол жеткізуге болатынын айтты. Облыстық энергетика және ТКШ басқармасының энергетиктер мен мемлекеттік мекемелердің басын қосатын “дөңгелек үстел” ұйымдастыруы керектігін ұсынды. Сондай-ақ “Есілэнерго” ЖШС-нің сарапшысы Сергей Ишков та сөз алып, қуат үнеміне байланысты аудиттік тексерісті бірінші кезекте денсаулық сақтау, білім беру сияқты әлеуметтік салалардағы нысандардан бастау қажеттілігін атап өтті.
Кеңестің қорытындысында қуат үнемі мен оның тиімділігін арттыруға бағытталған жұмыстардың әзірге қанағатсыздығы айтылып, облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасына қуат пайдалану аудитін жүргізушілермен бірлесіп, оның өткір тұстарын ашып көрсету тапсырылды.