«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖЕТІСТІККЕ ТОЛЫ ОН БЕС ЖЫЛ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне орай облыс мектептерінде түрлі шаралар өткізілуде. Солардың бірі Петропавл қалалық классикалық гимназиясында өтті.

Ләйла ЖАНЫСОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

“Қазақстан – 2030” даму стратегиясына – 15 жыл” деген тақырыпта өткізілген “дөңгелек үстел” білім ошағының Тұңғыш Президент күніне арналған шаралар жоспары аясында ұйымдастырылды. Шара барысында білім ошағының ұстаздар қауымы мен жоғары сынып оқушылары егемен еліміздің даму стратегиясының ұзақмерзімді басым бағыттарын ортаға салып, ойларымен бөлісті. Солардың жүзеге асырылғаны мен алдағы атқарылатын істерге тоқталды. “Ұлттық қауіпсіздікті іске асыру” басымдығына байланысты өз пікірлерін ортаға салған бірінші топ оны баспалдақ сызбасы түрінде бейнелей отырып талдады.

– Егер еліміз қауіпсіздігін сақтамаса, онда тұрақты дамуымыз туралы сөз қозғаудың өзі қисынсыз. Сондықтан басқа басымдықтарды жүзеге асыру үшін алдымен бірінші басымдықты орындауымыз керек. Бұл басымдықта Елбасы жиі айтып жүретін “Сақтықта қорлық жоқ” деген халық даналығын эпиграф етіп алғанының өзінде зор мән жатыр. Одан әрі көршілермен берік әрі достық қарым-қатынаста болу керектігіне баса назар аударылған. Қазір еліміз алыс және жақын шетелдермен тығыз қарым-қатынас орнатты. Жастарды тәрбиелеумен тікелей айналысатын біздерге де зор міндет жүктелген. Елбасы айтқандай, біз зиялы қауым өкілдері ретінде барлық қазақстандықтардың өз еліне деген сүйіспеншілігін тәрбиелеп, оны одан әрі дамытуға тиіспіз. Ендеше біз осы шараны өткізу арқылы да оқушыларымыздың бойында елжандылықты оятамыз, – деді қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі Гүлжан Бозжігітқызы.

Оқушылар да өз тұжырымдарын түрлі тәсілдермен жеткізуге тырысып бақты. Әсіресе, Қазақстанның көпұлтты мемлекет екендігі жөніндегі көзқарастарын білдірген топ өз пайымдауларын шаңырақты бейнелей отырып, дәлелдеп шықты.

Денсаулық бағытында сөз қозғағандардың ойы да “дөңгелек үстел” басына жиналғандар арасында пікірталас туғызды.

Бұдан соң да әр топ өз басымдықтары бойынша пікірлерін білдіріп, “Қазақстан – 2030” даму стратегиясының 15 жылында қол жеткізген жетістіктері жайлы сындарлы ойларын ортаға салды.

Осы күні орта буын оқушылары арасында “Мен Президентімді мақтан тұтамын!” деген ортақ тақырыпта сынып сағаттары өткізілді. Онда оқушылар Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың салиқалы саясатының нәтижесінде тәуелсіз мемлекетіміздің жеткен жетістіктері жайлы сөз қозғады.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp