Алдыгүні “Нұр Отан” ХДП-ның облыстық филиалы жанындағы сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі қоғамдық кеңестің кеңейтілген отырысында өңіріміздегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес форумының жұмысы қорытындыланды.
Арайлым СМАҒҰЛОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
“Нұр Отан” ХДП орталық аппаратының партиялық бақылау комитеті хатшылығының меңгерушісі Нұрлан Баймұрзаевтың қатысуымен өткен аталмыш отырыста сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі қоғамдық кеңестің төрағасы Марат Омаров атқарылған жұмысты баяндады.
Осы орайда аудандық филиалдардағы сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі қоғамдық кеңестердің жұмысын жіті қадағалайтындығын айтқан Марат Қосылұлы олардың тарапынан кеткен қателіктерге де тоқталды. Мәселен, Мамлют ауданында сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі қоғамдық кеңестің мүшелері мемлекеттік қызметшілер болған. Мұндай заңсыздыққа жол бермеу үшін басқа аудандар ақпараттандырылғанымен, Тайынша ауданы құлақ аспаған көрінеді. Кейіннен бұл мәселе “Нұр Отан” ХДП жанындағы сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі қоғамдық кеңесте қаралған. Ал “СҚО азаматтық альянсы қауымдастығы” заңды тұлғалар бірлестігінің төрағасы Сергей Худяковтің айтуынша, өз бақылауындағы 24 қоғамдық ұйым сыбайлас жемқорлықпен күрес жұмысын қаржы полициясымен, “Нұр Отан” ХДП-ның облыстық филиалымен бірлесіп, жүзеге асыруда. Осы бағытта екі жылдан бері облыстық ішкі саясат басқармасы арқылы мемлекеттік тапсырысты орындап жатқандығын айтқан бірлестік төрағасының хабарламасында елімізде мемлекеттік сатып алу, мемлекеттік бағдарламаларды орындауға жауапты органдар өз міндеттерін атқару барысында бір-бірінің жұмысын тежеп отырғандығы сөз болды. Осы орайда Нұрлан Баймұрзаев мұны болдырмау үшін жергілікті жердегілер өз ұсыныстарын жасау қажет, деді. Азаматтық қоғамның өкілі ретінде Сергей Худяков бұл бағытта өздерінің атсалысатындықтарын жеткізді.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекет ету жөніндегі 2011-2015 жылдарға арналған салалық бағдарламаның орындалу барысы жайында баяндаған облыс әкімдігінің мемлекеттік-құқықтық бөлімінің меңгерушісі Юрий Наумочкиннен қоғамдық кеңестің мүшелері мемлекеттік қызметшілердің жолдан таю себептерін сұрады. Бұған мемлекеттік қызметшілердің астамшылығы және қолданыстағы кейбір заңдардың олқы тұстары себеп, деді Юрий Альбертович. Аталмыш мәселеге Мағжан Жұмабаев ауданының әкімі Владимир Бубенко да тоқталды. Кеңейтілген отырыста атқарушы мемлекеттік органдардың республикалық және облыстық сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі қоғамдық кеңестердің ұсыныстарын орындау жөнінде экология департаменті мен аумақтық жер инспекциясының басшылары Әбдіғани Атымтаев пен Мейрам Меңдібаев та хабарламалар жасады. Кеңейтілген отырыстың соңғы мәселесі – “Сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекет ету туралы” заңның жобасын талқылау. Аталмыш заң жобасын талқылағаннан кейін қоғамдық кеңес мүшелері Үндеу қабылдады, “Нұр Отан” ХДП Партиялық бақылау комитеті хатшылығының меңгерушісі Нұрлан Баймұрзаев бірқатар белсенділерді партияның Құрмет грамотасымен марапаттады.