Айыртау және Ғабит Мүсірепов атындағы аудандарда аудандық қазақша КВН лигалары ашылды. Қазақстан КВН одағы “Петропавл КВН” филиалы мен “Қызылжар жастары” ЖҚБ бірлесіп өңірімізде қазақша КВН қозғалысын одан әрі дамыту мақсатында осындай қадамға барып отыр.
Фархат ТАСТАМБЕКОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Аталмыш аудандарда өткен алғашқы ойындарға Айыртау ауданынан 7 құрама (Саумалкөл қазақ орта мектебінен – “Айыртау арландары”, Кирилловка орта мектебінен – “Өнер қырандары”, Сырымбет орта мектебінен – “Оппа сырым смайл”, Бірлестік орта мектебінен – “Бірлестік өрендері”, Айыртау орта мектебінен – “Жастар”, Мәдениет орта мектебінен – “Қарасай қырандары”, Лобаново орта мектебінен – “Жас қыран”), Ғабит Мүсірепов атындағы ауданнан 8 команда (Сарыбұлақ орта мектебінен – “Жастар”, Новоишим қазақ орта мектебінен – “Самға”, Жеңіс негізгі мектебінен – “Қырандар”, Новоишим орта мектебінен – “Новоишим.kz”, Шұқыркөл орта мектебінен – “Класс”, Жаманшұбар негізгі мектебінен – “Арландар”, Новоселов орта мектебінен – “Көңілді тапқырлар”, Сарыадыр негізгі мектебінен – “Балмұздақтар”) қатысты. Жалпы қатысушылар саны 120 оқушыға жетті.
Ойынның алдында екі күнге созылған семинар-тренинг өткізілді. Нәтижесінде сахнаға алғаш шыққан жас құрамалар КВН-нің негізгі қағидаларын үйренді. Ең бастысы олар сахнада өз-өзін дұрыс ұстап, анық сөйлеп, мағыналы әзіл айтуға тырысып бақты.
Әр ойынның соңында қонақ команда, биылғы қалалық лиганың вице-чемпионы – М.Жұмабаев атындағы гуманитарлық колледждің “Мағжан жастары” құрамасы көрермендерге әдемі әзілдерін ұсынып, кештің көрігін қыздыра түсті.
Аудандық қазақша КВН лигалары ресми түрде ашылуына екі ауданның әкімдіктері қолдау білдірді. Ұйымдастырушылар алдағы уақытта басқа аудандарда да осындай лигалар ашуға ниетті.
“Қызылжар жастары” ЖҚБ-ның жетекшісі Ерлік Мұхамеджанов:
-
Қазір жастар арасында қазақша КВН қозғалысы жақсы дамып келеді. Ең бастысы, қызығушылық бар. Сондықтан ауыл балалары да ізденсін, ашылсын деген ниетпен осындай игі бастаманы қолға алып отырмыз. Өмір сахнасынан бөлек өнер сахнасы барын ұмытпауымыз керек, – дейді.