Қалам иелерінің биылғы жиыны “Қазақстанның медиа нарығы: оңтайлы басқару және дамытатын тұстары” атты тақырыпта өрбіді, деп хабарлады ҚазАқпарат.
Жиында Қазақстанда 2013 жылы спорт телеарнасы ашылатыны айтылды. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Ақпарат және мұрағат комитетінің төрағасы Болат Қалианбековтың айтуынша, ақпарат – күрделі салалардың бірі. “Галоп медиа” зерттеулері бойынша Қазақстан ұлттық телеарнасы ОРТ Еуразиядан кейін екінші орында тұр”, – дейді Б.Қалианбеков. Қазақстан қазір сандық телевидениеге көшудің алдында.
“Қазақ журналистикасының даму жолындағы басты кедергілер мен кемшіліктерді және оның шешу жолдарын анықтау мақсатында сауалнама жүргіздік. Оған республикалық және аймақтық басылымдардағы 100-ден астам адам қатысты. Алғашқы сауал “Қазақ журналистикасының дамуына не кедергі?” деп аталды. Оған 21 пайызы – цензураны, 17 пайызы – мемлекеттік тілдің қауқарсыздығын, 15 пайызы – кәсіби біліктіліктің төмендігін, 14 пайызы – жеке басқа тән кемшіліктерді, тағы 14 пайызы – қаржылық тәуелділікті, 10 пайызы – бәсеке жоқтығын, ал 9 пайызы еш кедергінің жоқтығын айтты”, – деді “Түркістан” газетінің сарапшысы Нәзия Жоямергенқызы.
Телевидениеде отандық өнімнің дамуы үшін жағдай жасау керек. 31 телеарнаның бас директоры Бағдат Қожахметовтың айтуынша, отандық өнімді дамытуда шетелдердің тәжірибесін ескерген жөн. Мәселен, Украинада 3 жылға дейін заңды түрде ресейлік телеарналарды таратуға тыйым салынған. Соның нәтижесінде жаңадан он шақты телеарналар қалыптасты. Ал 2 жылдан кейін жергілікті телеарналарда Ресейдің ОРТ сияқты магнаттарымен бәсекеге түсу мүмкіншілігі пайда болды.
Ал құрылтайдың украиналық меймандарының бірі бұқаралық ақпарат құралдарының бюджетіндегі мемлекеттік тапсырыстың үлесінің жоғарылығына өз таңданысын білдірді. Оның айтуынша, дотация БАҚ-ты масылдыққа бейімдейді. Украинада қазір мұндай БАҚ-тар өлімші халде тірлік кешуде. Сондықтан әрбір ақпарат құралы жыл сайын дотацияның үлесін азайту арқылы, оған деген тәуелділіктен арылуы қажет. Өйткені, дотация есірткі сияқты. Оған бойы үйренген ақпарат құралы өз дербестігінен айрылады. Жалпы БАҚ бәсекелестік жағдайында ғана өсіпөркендейді.