Ерлан МАХМЕТОВ,
СҚО ІІД баспасөз қызметінің инспекторы.
Қызылжар ауданының 20 жасар тұрғыны бір айдың ішінде бірнеше ауыр қылмыс жасады деген күдікпен қолға түсті.
Ұсталғанға ҚР ҚК “алаяқтық”, “бопсалау”, “ұрлық”, “тонау” баптары бойынша айыптар тағылып отыр. Барлық қылмыстарын ол соңғы бір айдың ішінде жасап үлгерген. Әскер қатарында борышын өтеп келген соң ол өз оқуына қайта орналаспақ болған. Бірақ қарызы мен босатқан сабақтарының көптігінен оқудан шығып қалған. Ауылына қайтқысы келмеген жігіт қалада қалуды ұйғарады. Ал қала өміріне сіңісіп, күн көру үшін қаржы қажеттігі түсінікті. Бұл жағын күдікті “оңай” шеше салған. Колледж маңында жүріп ауылдастарынан ақша мен ұялы телефондарын тартып алып отырған.
Бір жәбір көруші қымбат телефонын 9000 теңгеге сатып, ақшасын күдіктіге берген. Тағы бір жәбірленушіден 20000 теңге тұратын күміс алқасын тартып алған. Оны да зергерлік дүкендердің біріне өткізіп қойған.
Петропавл қалалық ішкі істер басқармасының көмегімен көшеде пышақпен ұсталған азаматтың қылмыстық жолына осылайша соңғы нүкте қойылды. Дәл осы пышақпен соңғы құрбанын қорқытып, бар ақшасын тартып алған екен.
Күдікті уақытша қамау абақтысына қамауға алынды.