Облыс орталығының екі тұрғыны Северный ықшамауданында тұратын құрбыларына қонаққа барып, үй есігінің кодын теріп жатқан кезде аулада қолында сөмкесі бар жақсы киінген жігітті көздері шалып қалады. Осы екі арада арам ой сап ете қалып, әлгілер жігітті жағынан періп, сөмкесін тартып алып қаша жөнеледі. Соққыдан тез есін жинап алған жәбірленуші бірден ұялы телефонынан “102” нөміріне қоңырау шалып, өзі тонаушылардың ізіне түседі.
Шақыртуды қабылдаған жедел басқару орталығының инспекторы оқиға орнына жақын маңдағы патрульді дереу жібереді. Полицейлердің көмекке келе жатқанын сезген жәбірленуші аңдуын тоқтатпай, ұялы телефон арқылы жедел басқару орталығына қылмыскерлердің бағытын беріп отырған. Қылмыс орнына келіп жеткен патрульдік полиция батальоны шабуыл жасаған екеуін тұтқындады. Бензострой кентінің 27 жасар тұрғыны тәртіп сақшыларына жәбірленушіден тартып алынған құжаттар мен 150 мың теңге салынған сөмкені қайтарып берді. Аталмыш факті бойынша қылмыстық іс қозғалды.