Облыс бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің бастығы Мақсұт Жолмағамбетовтің төрағалық етуімен биылғы жылдың 10 айында облыстың қылмыстық-атқару инспекцияларының (ҚАИ) жұмысын қорытындылау бойынша жедел кеңес өткізілді.
Нариман САХАТОВ,
облыстық қылмыстық-атқару инспекциясының бастығы.
Облыстық ҚАИ аппаратының, кадр бөлімінің қызметкерлері, аумақтық ҚАИ бастықтары, сонымен қатар СҚО ІІД әкімшілік полиция басқармасының өкілі қатысқан кеңесте сондай-ақ департаментке келіп түскен ұсыныстар қарастырылып, жеке құрамның әскери-қызметтік тәртіпті сақтау мәселелері, бас бостандығын шектеуге байланысты емес жазаға кесілген тұлғалардың тәртібі мен өмір салтын бақылау бойынша қылмыстық-атқару инспекцияларының және әкімшілік полиция бөлімшелерінің өзара іс-әрекеті туралы мәселе қозғалды.
Әкімшілік полиция бөлімі бастығының орынбасары, полиция майоры В.Яценко өзі басқаратын бөлімшенің бағытындағы істер жайлы баяндады. Департамент бастығы, әділет полковнигі М.Жолмағамбетов өз сөзінде қызметте бар кемшіліктерді жою, учаскелік полиция инспекторларымен жұмысты жандандыру қажет екенін атап айтты, сондай-ақ шартты түрде сотталғандарға әлеуметтік-құқықтық көмек көрсету бойынша тиісті жұмыстарды ұйымдастыруға қызметкерлердің назарын аударды. Сонымен қатар жеке құрам әскери-қызметтік тәртіпті, қызметкерлердің Ар-намыс кодексін және халықпен қарым-қатынаста әдептілік сақтауға міндетті екенін тағы бір еске салды.
Жедел кеңестің қорытындысы бойынша бас бостандығын шектеуге байланысты емес жазаны орындау кезінде аумақтық ҚАИ-лар қызметін жақсарту жөнінде шешім қабылданды.