Бейсенбі күні ел Премьер-Министрінің орынбасары Қырымбек Көшербаев бастаған Үкімет делегациясы облысымызда болып, Есіл және Қызылжар аудандарындағы оқу орны мен агроқұрылымдардың, Петропавл қаласындағы өндіріс орындарының тыныс-тіршілігімен танысты, сапар соңында аудандардың әкімдерімен, ведомстволардың басшыларымен өзекті мәселелерді талқылауға арналған кеңес өткізді.
Нұрсайын ШӘРІП, “Солтүстік Қазақстан”.
Жаңа қызметке тағайындалғалы Қызылжар өңіріне алғаш рет ат басын бұрған вице-премьер Қырымбек Көшербаев пен Үкімет делегациясы облыс әкімі Серік Біләловтің жол бастауымен алдымен Есіл ауданының Покровка ауылындағы Ж.Қизатов атындағы ауыл шаруашылығы колледжінде болды. Аталмыш оқу орны кәсіптік және техникалық білім беру бағдарламасы аясында күндізгі бөлімде – 8, сырттай бөлімде 8 мамандық бойынша дәріс береді.
Аталмыш колледжді Есіл аграрлық-техникалық институты етіп қайта ұйымдастырып, ауыл шаруашылығы саласы үшін заманауи, ғылыми білім беру базасын құрудың бас жоспары делегация назарына ұсынылды. Қырымбек Көшербаев колледжде қашықтықтан оқыту, ветеринария, биология зертханаларын, Солтүстік Қазақстан мал және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының күшімен ұйымдастырылған мал дәрігерлік клиниканы аралады.
Оқу орнында “Қызылжар-Құс” ЖШС-нің атқарушы директоры Сағындық Бегалин Аққайың және Қызылжар аудандары аумағында израильдік компаниямен бірлесе жүзеге асырғалы жатқан бройлерлік құс фабрикасының жобасы жайлы сөз қозғады. Ол толық қуатымен жұмыс істеген кезде бір жылда 20 мың тонна құс етін өндірмек.
Қырымбек Көшербаев Покровка ауылындағы Өмірсерік Қозыбаев басқаратын “Достық” шаруа қожалығының мал шаруашылығын дамыту бойынша атқарып жатқан жұмыстарын көрді. Агроқұрылым биыл 98 бас қазақтың ақбас мұқыл сиыры мен 5 бас асылтұқымды бұқа, “Солтүстік” ӘКК арқылы 20 млн. теңгеге 500 бас еділбай қойын сатып алған. Вице-премьер қойды қолдан ұрықтандыру қосынының жұмысымен танысып, сиыр, жылқы және қой қораларын аралады.
Премьер-Министрдің орынбасары бастаған Үкімет делегациясы соққан кезекті нысан Қызылжар ауданындағы “Зенченко және К” КС-і болды. Қазір шаруашылықта 6248 бас ірі қара, 400 бас жылқы өсіріледі. Жылқы фермасы орел, ағылшын тұқымды, немістің тірі салмақта 1,5 тоннаға дейін тартатын ауыр салмақты жылқыларын өсіруге басымдық беріп отыр. Биыл коммандиттік серіктестікке 600 бас австриялық симменталь тұқымы әкелінген. Серіктестік директоры Геннадий Зенченконың айтуына қарағанда, олардың тез арада жерсінуі, жемазықпен қамтамасыз етілуі үшін қажетті жағдайдың бәрі жасалған. Ірі қара кешенінде бір тәулікте 30 тонна сүт өндіріліп, шаруашылықтың облыс орталығындағы зауытында өңдеуден өткізіледі.
Геннадий Зенченко бір ауысымда – 50, тәулігіне 100 тонна сүт өнімдерін өңдейтін жаңа зауыттың құрылысы қолға алынып жатқандығын баян етті. Ол немістің заманауи қондырғыларымен жабдықталмақ. Мал фермасында Қырымбек Көшербаев жұмысшылармен кездесіп, агро-өнеркәсіп кешенін дамыту аясында болашақта атқарылатын шаралар жайында әңгімеледі, мал шаруашылығын дамытудың пионері – коммандиттік серіктестіктің атқарып жатқан істеріне оң баға берді.
Үкімет делегациясы түстен кейінгі сапарын “Сұлтан-элеватор, макарон-ұн үгу кешені” АҚ-дан бастады. Кәсіпорынның бас директоры Идрис Картал астаналық меймандарды макарон цехын аралата жүріп, кешеннің 70 түрлі өнім шығаратындығын, “Сұлтан” маркасындағы тауарлар республикадан тыс Ресей, Украина, Қырғызстан, Тәжікстан, Ауғанстан, Моңғолия елдеріне де шығарылатындығын атап айтты.
Вице-премьер болған екінші нысан – “Молпродукт” ЖШС-і. Жаңартылған зауыт сүт, йогурт және шырын түрлерін шығарумен айналысады. Кәсіпорынның жылдық қуаты – 85 мың тонна. Инвестиция көлемі 3,6 млрд. теңгені құрайды.
Қырымбек Көшербаев Мир көшесіндегі 110-шы үйдің ауласында ТКШ-ны жаңғырту бағдарламасына орай ПИК басшыларымен әңгімелесті.
“ЗИКСТО”, “ПАМЖЗ” АҚ-ларда шығарылған өнімдерге Үкімет тарапынан ұзақмерзімді тапсырыс беру жайы сөз болды.
“СолҚазЭнерго” АҚ-ның №2 жылу-электр орталығында қазандық пен турбина цехтарында жөндеу жұмыстарына байланысты атқарылып жатқан шаралар назарға алынды.
Сапар соңында Премьер-Министрдің орынбасары Қырымбек Көшербаев аудандар мен ведомстволар басшыларының қатысуымен облыстық әкімдікте жиналыс өткізіп, өңірдің мемлекеттік және салалық бағдарламаларды жүзеге асыруда, ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіпке жаңа технологияларды енгізуде мол тәжірибе жинағандығын атап айтты. Облыста жылыту маусымы қалыпты жүргізілуде, баға мен инфляцияның негізсіз өсуіне жол беріліп отырған жоқ, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев белгілеген ұзақмерзімді және стратегиялық міндеттерді тиімді жүзеге асыруға Қызылжар өңірінің мүмкіндігі мол.
Жиналыста өңір басшысы Серік Біләлов жыл басынан бері атқарылған жұмыстарға талдау жасап, орталық органдардың көмегі арқасында ғана шешілетін өзекті мәселелерді алға тартты. Олар мыналар:
1. Биыл “Оңтүстік” торапты кәріз коллекторын қайта жаңартуға Үкімет резервінен 2,5 млрд. теңге қаржы бөлінді. Бұл жұмысты толық аяқтау үшін әлі де 2 млрд. теңге қаражат қажет.
2. Тұрғын үй мен әлеуметтік сала нысандары құрылысының өсуіне байланысты облыс орталығының солтүстік бөлігінде қосалқы электр станциясының өткізу қабілеттілігінің лимиті сарқылды. Жаңа “Солтүстік” қосалқы станциясын салу 1,3 млрд. теңге қаражатты қажет етеді.
3. Тазарту қондырғылары мен кәріздерді жаңғыртудың 4-кезеңіне 850 млн. теңгенің қаражаты жоспарланып отыр.
4. Сәуір айында қазіргі Премьер-Министр Серік Ахметов келген кезде қаланың суағар кәріздері мен кешенді тазарту қондырғыларын қайта жаңарту үшін 2013 жылға 250 млн. теңге бөлу қарастырылған болатын. Бұл жұмысты толық аяқтау 640 млн. теңгеге бағалануда.
5. Петропавл көшелерін, Караван көшесі жақтағы темір жол үстіндегі көпірді күрделі жөндеуден өткізу, құрылыс салу 1,7 млрд. теңгеге жоспарланған.
6. Елде тозығы жеткен тұрғын үйлерді бұзуға арналған ұшқыр жоба жүзеге асырылуда. Облыстық жоба жыл сайын 1 млрд. теңгені қажет етеді.
7. Уәлиханов ауданындағы Қызылту станциясынан Ресейге дейінгі темір жолды қалпына келтіру – кезек күттірмейтін мәселе. Ол өңірдің экспорттық әлеуетін арттыруға жағдай жасайды. Жоба құны – 5,5 млрд. теңге.
Вице-премьер облыс әкімі көтерген мәселелерді Үкімет делегациясының мүшелері талқылап, оларды шешуге арналған шаралар алдағы жылы қаңтар айында Үкіметте қаралғаннан кейін хабарланатындығын мәлімдеді.