Биыл еліміз өз тарихында алғаш рет Тұңғыш Президент күнін атап өткелі отыр. Бұл Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен жеткен жетістіктеріміз бен әлем алдындағы жинаған абырой-беделімізге тағы бір мәрте ой жүгіртіп, қорытынды жасайтын күн болмақ.
Жұлдыз МҰҚАШЕВА,
“Жас Отан” жастар қанатының белсендісі.
– Бір сәт өткен тарихқа үңілсек, қазақтың намысын бермеген нағыз батыр халық екенін мойындайсың. Ұлы мұрат жолында халқымыз мың өліп, мың тірілді, жойқын шайқастарды басынан өткерді.
“Артық туған азамат халыққа үлкен бел болар”, – деп Жамбыл атамыз айтқандай, мемлекет басқару ісінде Нұрсұлтан Назарбаев жер жүзіндегі реформатор, қайраткер атанып барша қазақты, Қазақстан Республикасын әлемге танымал етті.
Елдің ішкі экономикалық-әлеуметтік жағдайының тұрақтылығы мен сыртқы саясатының табысты жүзеге асырылуы аса көрнекті саяси қайраткер Нұрсұлтан Назарбаевтың шүбәсіз жетістігі екенін ерекше атап өткен жөн.
Тәуелсіздігінің алғашқы күндерінен бастап барша әлем мемлекеттерімен тату әріптестік қатынас орнатып, өзінің бейбітсүйгіштігін таныта білген Қазақстанның күллі дүниежүзі алдында кезекті рет зор бедел мен биік мәртебеге ие болғандығына еліміздің 2010 жылы Еуропадағы Қауіпсіздік және Ынтымақтастық ұйымына төрағалық еткендігі айғақ.
Бейнелеп айтар болсақ, Қазақстанның алға қарай аттаған қарышты қадамына алыс-жақын шетелдің бәрі дерлік қызыға қарайды. Елінің көркін ғажайып көрініспен елестеткісі келетін халқының көз алдында бұрын-соңды болмаған жаңа ғасырдың, жаңа әлемдегі Астана атты жұлдызды қаласы пайда болып, Арқаның кең жазығын зәулім құрылыстарымен көркейте түсті. Сондай-ақ Қазақстанның қуаты жөнінен әлемде төртінші орын алатын алапат ядролық қарудан өз еркімен бас тартып, жер бетіндегі ең ірі ядролық сынақ алаңын барлық қысымдарға қарамастан жапқаны, жаппай қырып жоятын қару-жарақтарды таратпау жөніндегі халықаралық келісімге қосылғаны туралы тарихи шешімдердің қай-қайсысы да барша мемлекеттер тарапынан аса жоғары бағаға ие болған еді.
Бүгінгі таңда менің жасым 20-да, жаңа дамып келе жатқан жас тәуелсіз Қазақстанның құрдасымын. Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің екінші курс студентімін. Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев басқаратын “Нұр Отан” партиясының белсендісі болғаныма өте қуаныштымын. Өйткені, мен өз Отанымды сүйемін, оны басқарып отырған Елбасымызды мақтан тұтамын. Мен Қазақстанның азаматымын, оның болашағымын. ХХІ ғасырдағы жаңа Қазақстанмен бірге есейіп келе жатқан келешегі жарқын, дүниеге деген көзқарасы өзгеше жаңа ұрпақтың бірі болғандықтан, еліме сүйіспеншілігімді адал еңбегіммен дәлелдейтініме сенімдімін!
Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік жылдарында ұлтаралық қақтығыстарға бастайтын титтей де жол қалдырмай, барлық этностар мен діндер өкілдері тең дәрежеде бірлік пен келісімде өмір сүруін қамтамасыз ете алғандығы, елімізді нарық заманына алып шығу жолындағы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ерен еңбегі бағаланып отырғандығы – қуанышты жағдай. Еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму жолында айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізген Қазақстан қазір әлемдегі 200-ден астам елдің ішінде 51-ші орынға көтерілуі де халық үшін мерей. Бұл жетістіктер Нұрсұлтан Назарбаевтың сындарлы саясатының жемісі, халқымыздың бірлігі мен ынтымағының жарасқандығының айқын белгісі деп айтуға толық негіз бар. 1 желтоқсанның Тұңғыш Президент күні болып белгіленуі Елбасыға деген халықтың құрметі деп білемін.
* * *
Жанаргүл СҰЛТАНОВА,
“Жас Отан” жастар қанатының белсендісі.
– 1 желтоқсан – Тұңғыш Президент күні болып белгіленуі – Елбасының еңбегіне көрсетіліп отырған орынды құрмет. Еліміздің алғашқы Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қайда барса да, қандай мәртебелі мінберде сөйлесе де, бір ғана саясатты ұстанумен келеді. Ол – халқым аман, бейбітшілікте, бірлікте болсын деген ұлы мақсат қана. Қазақстанда тұрып жатқан ұлттар мен ұлыстар, көпұлтты халық өкілдері бір үйдің жандарындай тату-тәтті ғұмыр кешіп, ортақ Отанымыздың гүлденіп, көркеюіне, экономикасының қарыштап өркендеуіне лайықты үлес қосуда. Оған бүкіл әлем жұртшылығының көзі жетуде.
Елбасымыз Тәуелсіз Қазақстанды аз ғана жылдар ішінде өркениет өріне шығарды. Бүгінгі Қазақстанға жаңалық қана тән. Қазір адамдар заман талабына сай мектептер мен ауруханалардың, Мәдениет сарайларының, балабақшалардың, тағы басқа игіліктердің тұрғызылып, іске қосылуына таңырқап, таңданбайтын болды. Өйткені, игілікті елдің мұндай жетістігіне құлақ қанықты, көз үйренді.
Тәуелсіздік жылдары жеткен жетістіктеріміз мұнымен шектелмейді. Жыл сайын Президентіміз Қазақстан халқына өз Жолдауын арнап, алға мақсаттар қойып, бағыт-бағдар беріп отырады. Соның бірі – әлем елдерімен терезесі тең, бәсекелестікке қабілетті елдер қатарынан көріну. Көшбасшымыздың әділетті басқаруымен, сарабдал саясатымен мемлекетімізде ұлтаралық келісім, экономикалык тұрақтылық, көрші елдермен ыңтамақтастық орнап отыр.
“Қазақстан – 2030” стратегиясы қабылданған кезде көптеген адамдардың күмәнмен қарағанын білеміз. Дегенмен, сол бағдарлама өзінің өміршеңдігін дәлелдеп, қазір біршама белгіленген межелердің орындалғанының куәсі болып отырмыз. Бұл жетістіктер Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясатының жемісі, халқымыздың бірлігі мен ынтымағы жарасқандығының айқын белгісі деп айтуға толық негіз бар.
Мемлекетіміздің барлық жетістіктерін біз Елбасының есімімен байланыстырамыз. Кезінде аграрлы ел болған Қазақстан қазір аграрлы-индустриялық мемлекетке айналды. Сонымен бірге Президентіміздің еліміздің білім беру жүйесін жетілдіруге бағытталған бағдарламалары бізге сондай серпін беріп, жаңа жетістіктерге бастап отыр. Білім сапасын арттырумен қатар, мұғалімдердің еңбекақысын, студенттердің шәкіртақысын өсіру, біліктілігін арттыруға баса назар аударылуы да көңілімізге қонып, ұстаздар арасында қолдау табуда.
Ендеше 1 желтоқсанның Тұңғыш Президент күні болып белгіленуі Елбасыға деген халықтың құрметі деп білетін барша қазақстандықтар еліміздің ұлы мұраттарына, игі істердің ұйытқысы бола білген Ұлт көшбасшысына адалдық танытып, туған Отанымыздың гүлденіп, көркеюіне өз тарапымыздан лайықты үлес қоса білейік, Елбасымызбен бірге биік белестерді бағындыра берейік демекпін.