«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕЛІМІЗ ЕҢСЕЛІ, МӘРТЕБЕМІЗ БИІК

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

1991 жылдың 1 желтоқсаны. Жалпыхалықтық сайлау. Президенттік сайлау. Қазақстанның көпұлтты халқы өзінің Тұңғыш Президентін 98,78 пайыз дауыспен бірауыздан сайлады. Қазақстан халқы өз Президентіне сүйспеншілігін осылай білдірген-ді.

Сартай ҒАЗИЗОВ,

тыл және еңбек ардагері.

Қазақстан КСРО-дан бөлініп шығып, жеке мемлекет болдық. Бұл дағдарыс кезеңі, қиын-қыстау тұс еді. Аласапыран, аумалы-төкпелі кезең. Күмән мен күдік аралас тоқсаныншы жылдардағы таршылық, жұмыссыздық кезі, еңбекақы, зейнетақы, жәрдемақы жоқ шақ болатын. Осы тұста Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев күндіз-түні тынымсыз еңбек етіп, күш-жігерін жұмсап, қазақ халқын өтпелі кезең дағдарысынан алып шығудың амалын жасады. Ақылы дара, білгір саясаткер “Әуелі – экономика, сосын – саясат” қағидасын ұстанды. Бұл Елбасымыздың көрегендік қасиеті еді. Аузымыз аққа тиіп, әлдене бастадық. Біртіндеп көтеріле түстік. Әлемге таныла бастадық. Халық қамын әріден ойлап, еліміздің тұтастығын, қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін Елбасымыз Семей атом полигонын 1991 жылдың 29 тамызында жапты. 2010 жылдың сәуір айында ресми сапармен келген БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун Семей атом полигонына арнайы ат басын бұрған болатын. Ол полигонның ұлан-асыр алаңында тұрып “Қазақстан Президентінің осынау сынақ алаңын жауып қана қоймай, тұтас өңірде ядролық қарудан ада аймақ құрғанына зор қолдау білдіремін. Оның бұл қадамы біздің ядролық қарусыз әлемді құру ісіміздің ең бір берік іргетасы іспетті”, – дегені Елбасымызға берген үлкен бағасы еді. Одан әрмен: “Барлық елдер басшылары Нұрсұлтан Назарбаевтан үлгі алып, оның жолымен жүруі тиіс. Мен БҰҰ Бас хатшысы ретінде ядролық қаруды сынақ алаңының қақ жүрегінде тұрып, барлық әлем елдерін Қазақстаннан үлгі алуға шақырамын”, – деген Үндеуі біздің Елбасымыздың көреген саяси қайраткер екендігіне берген баға деп білемін.

 

Ата-бабамыз найзаның ұшымен, білектің күшімен, болашақ ұрпағы үшін ел-Отанын қорғап, Алтайдан – Атырауға, Оралдан – Жайыққа дейінгі ұлан-ғайыр жерді қалдырып кетті. Содан бермен мың өліп, мың тірілген біз, қазақ, әйтеуір,Тәуелсіздіктің сәулеті мен сәніне қолымыз жетті-ау. Еркіндік алдық, азат қазақ атандық. Үлкен империя жалауын жұлып тастап, орнына ата-баба армандап кеткен, аспан бейнелі көк түсті байрағымызды көкке желбіреттік. Біз, қазақ еркіндік аңсаған, бұл күнде тәуелсізбіз. Тәуелсіз мемлекетпіз. Шүкіршілік. Қазір қой үстіне бозторғай ұя салған күндер. Бұл – Елбасымыз, Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың саясатының жемісі.

Есімде сол бір жыл. 2007 жылы әлем елінің астанасы Меккеге ресми сапармен барғанда Мекке мен Медине патшасы Фахд (марқұм болған) Нұрсұлтан Әбішұлына Қағбаға кіруге рұқсат береді. Құдайдан тілек тіле деген екен. Сонда Елбасымыз: “Еліме, халқыма, Қазақстанға шапағатыңды аяма” деп тілеген Алладан. Міне, көрдіңіз бе! Елімізге Алла тағаланың нұры жауып, бақ қонып, көшбасшымыз аузы дуалы, сөзі пәтуалы Елбасы атанды. Сабақ оқып отырған дайындық сыныбына барған немереме: “Салтанат, Құран – кімнің сөзі?” – деп сұрауым мұң екен, ол тездетіп “Құран – Құдай сөзі” деуі бар ғой. Мен “Ой, айналдым, сол кітапты алып келші. Ол діни кітаптар ішінде болар”, – дедім. Алып келген кітабының авторы теология ғылымының докторы Мұхитдин Исаұлы “Біз тегіміз – түрік, дініміз ислам екенін ұмытпауымыз керек. Ол үшін қасиетті кітап Құран Кәрімді насихаттауымыз керек” деген Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзін пролог етіп келтірген екен. Бұл – Елбасымыздың дуалы аузынан шыққан қастерлі сөз.

Әлем саясаткерлері қазақстандық модель деп атап кеткен Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылуына көңіл аударсам деп едім. Мұндай модель тек біздің Елбасының данышпандық бағдары емей немене?

Біздің Елбасымыздың бойында Құдай берген болашақты болжағыштық қасиеті бар. 1998 жылы ел астанасын Алматыдан Сарыарқа төсіне көшіруі осы қасиетінен туған ғой. Ақорда, Бәйтерек, Хан шатыры, Ислам мәдениет орталығы, Бейбітшілік және келісім сарайы, әуежай, ҚР академиялық кітапханасы, Президенттің мәдениет орталығы, тағы басқа да аспанмен тірескен әсем де сән-салтанатты ғимараттар көздің жауын алады.

Қазақстан ТМД елдері арасынан топ жарып шығып Еуропадағы ерекше ықпалды ұйым – ЕҚЫҰ-ға төрағалық етті. 56 ел басшылары Астанаға жиналды. Саммит өтті. Мұнда әлем дамуының өзекті мәселелері талқыланды. Астана декларациясы қабылданды. Онда өзара сенім, дәстүр, ашықтық, төзімділік сияқты мәселелер бой көтерді. Сенім барда шешілмейтін түйін, алынбайтын қамал жоқ екені айқындалды.

1997 жылы қабылданған “Қазақстан – 2030” стратегиялық бағдарламасында Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық салалары жан-жақты қамтылған. Тәуелсіз еліміз бәсекеге қабілетті мемлекет ретінде қалыптасу мақсатын көздейді. Елбасының жылма-жыл Қазақстан халқына Жолдаулары осы бағдарлама негізінде құрылады.

Еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы аумақтық тұтастығына, шекарасының беріктігіне байланысты. 12 мың шақырым бойы шекарамыз шегенделді. Бұл да Президентіміздің дана саясаты.

Бұл күнде Елбасымыз – айды аспанға шығарған, дүниеге бір-ақ келетін дара да кесек тұлға. Тұңғыш Президентіміз: “Бір қазақ ретінде мен ғұмыр бойы білігім мен қайрат-қабілетімді қазағым үшін жұмсап келе жатқан адаммын. Құдай денсаулық берсе, халқыма әлі де аянбай қалтқысыз қызмет ете беремін деп сенемін”, – деген еді дүниежүзі қазақтарының ІV құрылтайында сөйлеген сөзінде. Лайым солай болғай!

Ақжар ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp